RU
Толық нұсқаға өту

2027 жылдан бастап шағын және орта бизнеске мораторий енгізу ұсынылды

28.10.2026, 13:55 58

Мемлекет басшысы Жолдауда шағын және орта бизнестің дамуын да тілге тиек етті. Қазір оның жалпы ішкі өнімдегі үлесі 40 пайызға жеткен, деп хабарлайды 24KZ.

Ал негізгі капиталға тартылған инвестициядағы үлесі 70 пайызға жақындап келе жатыр. Президенттің пікірінше, шағын бизнес көптеген елде экономиканың қозғаушы күші саналады. Қазір Қазақстанда бұл саладағы кәсіпкерлердің үштен бірінен астамы саудамен айналысады. Сол себепті Қасым-Жомарт Тоқаев, шағын бизнес құрылымын әртараптандыруға баса мән беру қажет деп үнемі айтып келе жатқанын жеткізді. Сонымен қатар Үкіметтің алдында орта бизнесті дамыту жөнінде арнайы жоспар әзірлеу міндеті тұр. Құжатта кәсіпорындарды ұзақмерзімді қаржыландыру әрі технологиялық тұрғыдан жаңғырту тетіктері көрсетілуі қажет. «Орта бизнес өкілдерінің ірі кәсіпорындармен тығыз жұмыс істеп, оларға өз өнімдерін өткізуіне де жағдай жасау керек», – деді Президент. Түрлі жеңілдіктер де қарастырылуы мүмкін.

«Қалай болғанда да, мемлекет біздің экономикамыздағы маңызды тапсырыс беруші болып қала береді. Сондықтан шағын және орта бизнесті мемлекеттік органдар мен квазимемлекеттік компаниялардың сатып алуларына тарту тәсілдерін жетілдіру қажет. Бұл ретте өнім берушілерге қойылатын талаптарды жеңілдету керек. Мемлекеттік бақылау айтарлықтай либералды, бірақ оның кәсіпорындар жұмысына ықпалы айыппұлдар, жоспардан тыс тексерулер және шоттарды бұғаттайтын камералдық бақылау арқылы сақталып отыр. Мұндай ықпалды оң деп атауға мүлдем болмайды. Қарап отырсақ, тек бірінші жартыжылдықтың өзінде жеке кәсіпкерлер тарапынан жасалған құқық бұзушылықтар саны 34 пайызға азайған. Бірақ сонымен бірге айыппұлдар сомасы шамамен 11 пайызға өсіп, жоспардан тыс тексерулер ондаған есе артқан. Осы орайда, іскерлік белсенділікті талдау мынаны көрсетеді: бизнеске жай ғана кедергі жасамау жеткілікті. Бұл тұрғыда 2020-2023 жылдардағы микро және шағын бизнесті тексеруге жарияланған мораторий тәжірибесі пайдалы. Бұл тәжірибе өз тиімділігін көрсетті. Құрылтай депутаттарына Үкіметпен бірлесіп, алдыңғы мораторийдің барлық оң және теріс тұстарын ескере отырып, 2027 жылғы 1 қаңтардан бастап кезекті үш жылдық мораторий енгізудің мақсатқа үйлесімділігін талқылауды ұсынамын», - Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті.

Тегтер

Phone: +7 (7172) 757 485

E-Mail: 24kz@khabar.kz