RU
Толық нұсқаға өту

Жолдау-2026: қоғам – талап пен тәртіпке басымдық беру қажет

28.10.2026, 19:10 45

Тәуелсіздіктің тұғырлы, бейбітшіліктің берекелі болуы бірлікке тікелей байланысты. Қасым-Жомарт Тоқаев Жолдауды осылай ашты, деп хабарлайды 24KZ.

Себебі егемендікті қорғауға қатысты барлық мәселе әлі толықтай шешімін таппады. Демек, алдымызда көптеген өзекті міндет тұр. «Жаһандық сын-қатерлер жайын айтқан Президент жағымсыз жағдайларға жұтылмаудың жолы ретінде қоғам талап пен тәртіпке басымдық беру қажет», - деді.

Кең дәліздегі көрініске көз үйренген. Жолдау сайын министрлер мен депутаттар жолығады. Бірақ биыл көпшілік ішінен бейтаныс көрінді. Костюм киіп, галстук таққанымен ақ саусақ емес екені аңғарылып тұр.

Роберт Рамазанов, «Астана су арнасы» МКК-ның слесарьлар бригадирі:

– Біз жұмысшылар тобының өкіліміз. Министрлер мен әкімдер ғана емес, бізде білуіміз керек, тығыз байланыс болу керек қой. Міне, сол үшін шақырылдық. Шынын айтса, күтпедік.

Жолдауды шен-шекпенді үйлестірсе, орындалысына жұмысшылар жұмыла кіріседі. Сондықтан алқалы жиында төбе көрсеткендері – сөз емес, іс жүзінде ардақталғандары болар. Тек бір әттеген-айы, ұстаздардың әбігері бітер емес. Бұрын қағазбастылық, қазір түрлі платформалар, цифрлық жүйелер қажытты. Сапалы білім бере ме, әлде салақтап жүгіре бере ме? Тіпті мұғалімге дөрекі сөйлеп, күш қолданатын жағдайлар да аз емес. «Президент оқу-ағарту министрлігіне мәселеге мән берілсін», – деді.

Жұлдыз Сүлейменова, ҚР Оқу-ағарту министрі:

– Мемлекет басшысының жолдауында білім ол ең жоғары, ең приоритетті орында. Соның негізінде 2019 жылдан бастап ұстаздарымыздың статусы заңмен бекітілді. Сонымен бірге білім сапасына, білім инфрақұрылымына байланысты, балалардың құқығын қорғауға байланысты іргелі реформалар жүзеге асуда.

Инклюзивті білім беру де – өзекті. 237 мыңнан аса бала сол санатта. Саны өсіп те жатыр. Үкімет әкімдермен бірлесіп, инфрақұрылымды дамытуға тиіс. Ал «Қазақстан халқына» қоры маман тапшылығын азайтып, у ерекше қажеттілігі бар балалардың диагнозын ерте жастан анықтауға ат салысуы керек. Сондай-ақ алғашқы медициналық-санитарлық көмек жүйесіне де көңіл бөлген жөн. Енді жалпы практика дәрігерлерінің өкілеттігі кеңейтіліп, қаржыландыру көлемі кезең-кезеңмен көтеріледі. Келер жылы 1 қаңтардан учаскелік қызмет мамандарының жалақысы 40 пайызға дейін артады. Сонда 77 мыңнан астам адам қамтылады. Президент ең төменгі жалақы мөлшерін де 85 мыңнан 110 мың теңгеге дейін көтеруді тапсырды. Бұл 1 млн 800 мың адам. Қатарында бюджеттен жалақы алатын 370 мыңнан аса қызметкердің табысы артпақ.

Максим Рожин, ҚР Құрылтай депутаты:

– Мемлекет басшысы негізгі денді осыған салады. Өйткені бұның айналасында экономика бар, бұның айналасында инвестициялық саясат бар. Инфрақұрылымдық мәселелер бар. Мен ойлаймын, әлеуметтік мәселелер бірінші орында болады.

Қазақстан цифрлық экономика құруға міндетті. Үкімет жыл соңына дейін цифрлық жұмыспен қамтудың жеңілдетілген құқықтық тәртібін қалыптастыруы қажет. Яғни адамдардың мүмкіндіктері тұрғылықты жеріне тәуелді болмауы маңызды. Ауылда немесе қалада тұратын азаматтар смартфонды заңды табыс табу құралы ретінде пайдалануды үйренуі керек. Жеке маркетплейстер, банктер, логистикалық компаниялар мен цифрлық сервистердің тетіктерін біріктірген дұрыс.

Рауан Кенжеханұлы, халықаралық «Қазақ тілі» қоғамының президенті:

– Цифрлық шешімдер. Оны да Президент халықтық цифрлы экономика деп атап отыр. Сондықтан заман талабына сай екпінді, тез дамудың тетіктері. Және оның бәрі халықтың мүддесі мен елдің тікелей қажеттілігімен байланыстырылып жатыр.

Қолданыстағы Азаматтық кодекс жаңартылады. Заң заманға қарай жазылу керек. 90-шы жылдарда қабылданған құжат қазіргідей бәсекеге қабілетті экономика құруға қауқарлы емес. «Құрылтай жаңа Азаматтық кодексті келер жылдың аяғына дейін қабылдаса жөн болар», – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Марат Бәшімов, ҚР Құрылтай депутаты:

– Азаматтық кодекс қабылдаймын дегені ол даму мемлекеттерінде ең үлкен фактор. Өйткені ола қарап отыр қайда біздің мемлекет жүріп бара жатыр. Жаңа азаматтық кодекс Конституция қабылданғаннан кейін өте маңызды шара.

Әлемде инвестицияға талас күшті. Бірақ бізде инвестор тарту мен қолдау жүйесінде бірізділік жоқ. Президент қаржы тартумен нақты бір мекеменің айналысқанын құп көреді. «Бәйтерек» холдингі белсенді кіріссе, экономика министрлігі мен сыртқы істер министрлігінде тек кей құзырет қалады.

Рустам Қарағойшин, «Бәйтерек» ұлттық басқарушы холдингі» АҚ Басқарма төрағасы:

– Ондай күткен жоқпын. Сондықтан бұл бізге тапсырыс жаңа. Сондықтан бұған енді жұмыс істейміз. «Бәйтерек» бұл бізге келіп түскен ұсыныстар бойынша жұмыс істедік осы таңға дейін. Енді бүкіл еліміздегі қай салаға мүмкіндік бар инвестиция тарту шетелден, соның бәрін қадағалап, сараптап мемлекеттік органдармен қосылып ұсынуымыз керек.

Жалпы жаһаннан ажырап жан баға алмайсың. Әсіресе интернет иірімі күш алып, цифрлық технология торлап және әлеуметтік желі жаулап алғанда, тіптен мүмкін емес. Одан бөлек, бәсекеге қабілеттілік, экономикалық тәуелділік пен халықаралық сауда жасамай оқшауланып отыруға да болмайды. Бірақ жаһанда жағдай мәз емес. Бұндай қырсық «қырғи-қабақ соғыс» кезінде де кездеспеген. Әлемде ақылға қонымсыз жалған айыптаулар, астыртын текетірестер көбейіп, ықпалды мемлекеттер арасында сенім сетінеді. «Бірлікте тірлік етуге» үндеуші Біріккен Ұлттар Ұйымында да береке жоқ. Абырой-беделі үлкен тоқырауға ұшырады. Әйтеуір, Қазақстан дүние дүрмекке ілінбей, ілгері басып келеді.

Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:

– Дәл осындай құбылмалы заманға қарамастан, Қазақстан ел дамуының жаңа дәуіріне үлкен сеніммен қадам басып, кең ауқымды саяси реформаны іске асырды. Бұл – дүние жүзінде өте сирек кездесетін құбылыс.

Дәл осы құбылысты сақтап қалу – қазіргі буынға сын. Президент бұны ашық айтты. «Біз ұрпаққа геосаяси тұрғыдан күшті әрі ықпалды Қазақстанды аманаттауымыз керек», – деді. Олар жоспарлар мен тұжырымдардың шырмауында қалмауы қажет. Бұған жеткізетін жол жалғыз – татулық.

Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:

– Жұмысты ойдағыдай орындау үшін ең алдымен бүкіл қоғамымыз тату болуы керек. Бірлік пен келісім болмаса, ешқандай реформа және ілгерілеу болмайтыны айдан анық.

Сан-саланы сабақтаған Президент бір салаға айрықша тоқталды.

Нысанал Ығыл, тілші:

– Елдің ендігі бұрылысы – құрылыс. Жолдауда баса айтылған тұс осы. Ауыл-аймақта ауқымды, қалада қарқынды құрылыс жүргізіледі. Тақтайдай жолдар төселіп, өндірістерді өркендетіп, энергетикалық әрі әлеуметтік нысандар салынады. Президент халықтың тұрмыс сапасына қарай, ақ жағалылардың жұмыс сапасы анықталатынын ашық айтты. Демек, үкімет алдында үлкен міндет, әкімдер алдында тынымсыз әрекет тұр.

Авторлары: Нысаналы Ығыл, Асхат Серікұлы

Тегтер

Phone: +7 (7172) 757 485

E-Mail: 24kz@khabar.kz