Қазақстан ауқымды құрылыс алаңына айналуға тиіс. Президент «Халықтық құрылыс» бастамасын ұсынып, 2027 жылды «Жалпыхалықтық ауқымды құрылыс жылы» деп жариялау жоспарын жеткізді, деп хабарлайды 24KZ.
Жоба аясында тұрғындардың сұранысына сай әлеуметтік нысандар салынып, елді мекендер газ бен ауызсуға қосылады.
Қызылорданың айналасында құрылыс қызып тұр. Ұзындығы 26 шақырым болатын төрт жолақты айналма жолға қазір асфальт төселіп жатыр. Өңірде «Қызылорда – Сексеуіл», «Бейнеу – Сексеуіл» және «Ұлғайсын – Сексеуіл» жобасы да қарқын алды.
Дархан Иманашев, «ҚазАвтоЖол» ҰК» АҚ басқарма төрағасы:
– Ұлғайсын – Сексеуіл жобасы бойынша 500-ден астам арнайы техника жұмылдырылған. Бұл жобаның ерекшелігі – тұтынушылар байқаған шығар, біз айналма жолдар салмаймыз. Бұрынғы ескі жолмен қозғалыс қатынасы жүріп жатыр, жанынан жаңадан жол салып болғаннан кейін қозғалысты жаңа жолға түсіріп, ескі жолды бұзу және реконструкция жұмыстарын бастаймыз.
Күре жол құрылысы көршілес Ақтөбе облысында да жалғасып жатыр. Тұрғындар әсіресе «Ақтөбе – Хромтау – Қарабұтақ – Ұлғайсын» бағытының жөнделуін күтіп жүр. 20 жыл бұрын салынған екі жолақты «Ақтөбе – Хромтау» жолымен тәулігіне шамамен 15–16 мың көлік өтеді. Қазіргі жүктемеге төтеп бере алмаған учаске енді төрт жолақты, бірінші санаттағы жолға айналады. Ақтөбе облысы арқылы өтетін тағы бір маңызды бағыт – «Бейнеу – Сексеуіл». Ұзындығы 559 шақырым болатын жол Қызылорда, Ақтөбе және Маңғыстау облыстарын байланыстырады. Жаңа бағыт Ақтау мен Құрық порттарына төте шығуға мүмкіндік береді. Мамандардың есебінше, қатынас қашықтығы 900 шақырымға қысқарады.
Ринат Оразғалиев, «ҚазАвтоЖол» ҰК» ОФ директорының орынбасары:
– Сонымен қатар бізде мына «Орталық – Батыс» дәлізінің ішінде «Астана – Ырғыз» учаскесінде құрылыс-монтаж жұмыстары жүріп жатыр. Бұл жердің жалпы ұзындығы – 134 шақырым. Қазір Ырғыз көпірі салынып жатыр. Сонымен қатар жер жұмыстары атқарылып жатыр. Барлық жұмыстар 2026-2029 жылдар аралығы аяқталады.
Өңірлерді байланыстыратын жолдармен қатар, елді мекендер ішіндегі әлеуметтік инфрақұрылым да жаңарып келеді. Жамбыл облысында биыл 14 білім нысанын салу жоспарланған. Қазір үш мектеп пен алты қосымша ғимараттың құрылысы аяқталды. Тағы алты мектеп күрделі жөндеуден өтті.
Батыс Қазақстан облысында да тұрғындар көптен күткен құрылыс басталды. Өңірдегі жедел жәрдем станциясының ескірген әкімшілік ғимараты сүріліп, орнына жаңасы салынып жатыр. Бұрынғы нысан жетпіс жыл бұрын тұрғызылған.
Нұркен Молдашев, Құрылыс басқармасының басшысы:
– Емхананың жобасын 2023 жылы әзірлей бастадық. 2025 жылы жобалау жұмыстарын аяқтадық. Ал араға бір жыл салып, қаржы бөлінді. Бізден әлеуметтік маңызы бар, стратегиялық инфрақұрылым жобаларын сұратты. Осы емхана да сол тізімге енді. Денсаулық сақтау саласындағы аса маңызды медициналық жобалардың барлығы осы тізімге кірді.
Кейінгі бес жылда Батыс Қазақстанда 52 фельдшерлік-акушерлік пункт пен дәрігерлік амбулатория салынды. Енді ірі медициналық мекемелерді жаңарту кезегі келді.
Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:
– Біз ауқымды құрылыстың алғашқы кезеңінде еліміз бойынша 8 заманауи перинаталды орталық салуды жоспарлап отырмыз. Бұдан басқа Атырау, Ақтөбе, Алматы, Шымкент, Қаскелең, Семей, Ақтау қалаларында жеті көпбейінді балалар ауруханасы, Астанада тағы екі медициналық нысан бой көтереді.
Президент ауқымды құрылысқа бюджет қаражатымен қатар жеке капиталды кеңінен тартуды тапсырды. «Мемлекет пен жекеменшік серіктестігі жобалары әлеуметтік инфрақұрылымға салынатын жеке инвестиция көлемін ұлғайтуға сеп болады», - деді.
Авторы: Данияр Сұлтанұлы
Тегтер #24KZ #жолдау 2026 #Қызылорда #ҚазАвтоЖол #Қасым–Жомарт ТоқаевPhone: +7 (7172) 757 485
E-Mail: 24kz@khabar.kz