Президенттің Қазақстан халқына Жолдауында елдің әлеуметтік-экономикалық дамуына серпін беретін, халықтың тұрмыс сапасын арттыруға бағытталған бірқатар маңызды міндет айқындалды. Атап айтқанда, «Халықтық құрылыс» бағдарламасын іске асыру, энергетикалық қауіпсіздікті нығайту, ең төменгі жалақыны көтеру, цифрлық экономиканы дамыту және ауыл шаруашылығын жаңғырту мәселелеріне басымдық берілді, деп хабарлайды 24KZ.
«Халықтық құрылыс»: Қазақстанда ауқымды инфрақұрылымдық жаңғыру басталады
Президент Қазақстан халқына Жолдауында елдің барлық өңірінде әлеуметтік, көлік және инжеерлік инфрақұрылымды жаңғыртуға бағытталған «Халықтық құрылыс» бағдарламасын жүзеге асыруды ұсынды. Бастама халықтың тұрмыс сапасын арттыруға, жаңа жұмыс орындарын ашуға және өңірлердің дамуына серпін беруге бағытталған.
Мемлекет басшысының айтуынша, 2029 жылдың соңына дейін Ұлттық қордан инфрақұрылымдық жаңғыруға шамамен 6,5 триллион теңге бөлу көзделіп отыр. Жоба аясында ауруханалар, перзентханалар, мектептер, спорт кешендері, мәдениет нысандары салынып, тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы жаңғыртылады. Сонымен қатар елді мекендерге газ бен таза ауыз су жеткізуге басымдық беріледі. Президент бұл бастама азаматтардың әл-ауқатын жақсартып, ұлттық экономиканың дамуына ықпал етуге тиіс екенін атап өтті.
Энергетикалық қауіпсіздік: Қазақстан электр энергиясын өндіруді арттырмақ
Қазақстанның энергетикалық әлеуетін күшейту және электр энергиясының тапшылығын жою Президент Жолдауындағы стратегиялық міндеттердің бірі ретінде айқындалды. Мемлекет басшысы ел экономикасының тұрақты дамуы үшін жаңа генерация көздерін іске қосып, қолданыстағы энергетикалық инфрақұрылымды жаңғырту қажеттігін айтты.
Жолдауда 2029 жылға қарай электр энергиясын жеткілікті көлемде өндіруге қол жеткізу міндеті қойылды. Осы мақсатта жаңа электр станцияларын салу, электр желілерін жаңарту, көмір генерациясын технологиялық тұрғыдан жетілдіру және жаңартылатын энергия көздерін дамыту көзделген. Сонымен қатар Президент атом энергетикасының маңызын атап өтіп, «Балқаш» АЭС-інің құрылысын келесі жылы бастау қажеттігін мәлімдеді. Энергетикалық қуаттың артуы өнеркәсіпті дамытуға, жаңа өндірістер ашуға және елдің экономикалық дербестігін нығайтуға мүмкіндік береді.
Ең төменгі жалақы 110 мың теңгеге дейін көтеріледі
Халықтың табысын арттыру және азаматтардың тұрмыс сапасын жақсарту мәселесі Президенттің Қазақстан халқына Жолдауында ерекше назарға алынды. Мемлекет басшысы Үкіметке ең төменгі жалақы мөлшерін 85 мың теңгеден 110 мың теңгеге дейін көтеруді тапсырды.
Жолдауда көрсетілген жоспарға сәйкес, жаңа мөлшерді келесі жылдың 1 қаңтарынан бастап енгізу көзделген. Бұл өзгеріс шамамен 1,8 миллион адамның, оның ішінде бюджет есебінен жалақы алатын 370 мыңнан астам қызметкердің табысына оң әсер етуге тиіс. Сонымен қатар учаскелік қызмет мамандарының жалақысын еңбек өтіліне қарай 40 пайызға дейін арттыру тапсырылды. Президент халықтың әл-ауқатын көтеру үшін инфляцияны тежеу мен экономикалық өсімді қамтамасыз ету де маңызды екенін атап өтті.
Қазақстан цифрлық экономикаға көшіп, жасанды интеллектіні кеңінен енгізеді
Қазақстанның технологиялық дамуын жеделдету және жасанды интеллект мүмкіндіктерін экономиканың негізгі салаларына енгізу Президент Жолдауындағы маңызды басымдықтардың бірі болды. Мемлекет басшысы цифрландыруды тек қызметтерді автоматтандырумен шектемей, азаматтарға жаңа табыс көздерін ашатын халықтық цифрлық экономиканы қалыптастыру қажеттігін айтты.
Жолдауда ауыл тұрғындарына да смартфон арқылы заңды табыс табуға және цифрлық нарықтарға шығуға мүмкіндік беру міндеті қойылды. Үкіметке бизнес өкілдерімен бірлесіп, өңірлерде цифрлық дамуға арналған пилоттық жобаларды іске қосу тапсырылды. Сондай-ақ активтерді токендеу, цифрлық платформаларды дамыту және жасанды интеллектіні өндіріс пен ауыл шаруашылығында пайдалану көзделіп отыр. Бұл бастамалар кәсіпкерліктің жаңа бағыттарын ашып, азаматтардың экономикалық мүмкіндіктерін кеңейтуге бағытталған.
Ауыл шаруашылығы мен су ресурстары: өнімділік пен үнемділікке басымдық беріледі
Ауыл шаруашылығының өнімділігін арттыру, су ресурстарын тиімді пайдалану және отандық өнімді терең өңдеу Президенттің Қазақстан халқына Жолдауында көтерілген өзекті мәселелердің қатарына енді. Мемлекет басшысы агроөнеркәсіп кешенін технологиялық тұрғыдан жаңғыртып, ауыл шаруашылығының бәсекеге қабілетін арттыру қажеттігін атап өтті.
Президент фермерлерді ұзақ мерзімді қаржыландыруды жетілдіруді, заманауи техника өндірісін ұлғайтуды және жасанды интеллектіні аграрлық салаға енгізуді тапсырды. Сонымен бірге су тапшылығын азайту үшін су үнемдеу технологияларын кеңінен қолдану, су пайдалануды цифрлық есепке алу және ұлттық ақпараттық жүйені құру жұмыстары жеделдетілуге тиіс. Ауыл шаруашылығы өнімдерін сақтау, өңдеу және өткізу инфрақұрылымын дамыту да маңызды міндет ретінде белгіленді. Бұл шаралар отандық өндірісті күшейтіп, азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз етуге және ауыл тұрғындарының табысын арттыруға бағытталған.
Тегтер #24жаңалықтар #24KZ #жолдау 2026 #президент
Phone: +7 (7172) 757 485
E-Mail: 24kz@khabar.kz