Қазақстанда 2027 жылғы 1 қаңтардан бастап ең төменгі жалақыны 85 мыңнан 110 мың теңгеге дейін көтеру жоспарланып отыр. Сонымен қатар жаңа Азаматтық кодекс әзірленіп, салық заңнамасы мен атаулы әлеуметтік көмек көрсету тәртібін жетілдіру көзделген. Бұл өзгерістердің азаматтардың күнделікті өміріне қалай әсер ететінін заң ғылымдарының докторы, Қазақстан Республикасы Заңнама және құқықтық ақпарат институтының бас ғылыми қызметкері, Конституциялық сот жанындағы Ғылыми-консультативтік кеңестің мүшесі Николай Турецкий 24KZ арнасына берген сұхбатында түсіндірді.
Сарапшының айтуынша, Мемлекет басшысының 28 қазандағы Жолдауында белгіленген міндеттерді жүзеге асыру үшін жаңа Конституцияның қағидаттарын заңнамаға жүйелі түрде енгізу қажет. Бұл ретте заңдар азаматтардың құқықтарын қорғауға, әлеуметтік қызметтердің қолжетімділігін арттыруға және халықтың әл-ауқатын жақсартуға бағытталуға тиіс.
Конституцияда халықтың әл-ауқатын арттыру мемлекеттің қызметінің негізгі қағидаттарының бірі ретінде бекітілген. Николай Турецкийдің пікірінше, мемлекеттік шешімдердің нәтижесін азаматтардың өміріндегі нақты өзгерістерге қарап бағалау керек. Ол үшін заң жобаларын әзірлегенде олардың Конституцияға сәйкестігі, қаржылық мүмкіндіктері және халыққа түсініктілігі ескерілуі қажет.
Азаматтық кодекс жаңартылады
Президент жаңа Азаматтық кодексті әзірлеп, оны 2027 жылдың соңына дейін қабылдау мүмкіндігін қарастыруды тапсырды. Сарапшының айтуынша, қолданыстағы кодекс нарықтық экономиканың қалыптасуына негіз болғанымен, цифрлық қызметтердің дамуы, келісімшарт жасасудың жаңа тәсілдері және мүлікті басқару тәртібі заңнаманы жаңартуды қажет етеді.
Жаңа кодекс азаматтардың күнделікті өміріне қатысты мәселелерді қамтиды. Олардың қатарында баспана сатып алу, мұрагерлік, қызметтерді пайдалану, келісімшарт талаптарын орындау және келтірілген залалды өтеу бар. Сондықтан заң нормалары тек мамандарға емес, қарапайым азаматтарға да түсінікті болуы керек.
Заңнамадағы күрделі әрі екіұшты тұжырымдарды азайту қажет, – дейді заңгер. Оның пікірінше, құқықтық нормалардың тілін жеңілдетіп, артық сілтемелер мен әртүрлі түсіндіруге болатын тұжырымдарды жою азаматтарға да, кәсіпкерлерге де заң талаптарын дұрыс түсінуге көмектеседі.
Салық ережелері қайта қаралуы мүмкін
Жолдауда салық заңнамасындағы қайшылықтарды жою және кейбір нормаларды нақтылау міндеті де айтылды. Сонымен қатар ірі байлық иелеріне жоғары мөлшерлеме қолдану мәселесін талқылау ұсынылды.
Николай Турецкий бұл бастаманы жан-жақты қарастыру қажет екенін атап өтті. Әзірге әңгіме мәселені зерделеп, ұсыныстар әзірлеу туралы болып отыр. Бұл ретте заңды жолмен алынған мүліктің конституциялық қорғалуы сақталуға тиіс.
Заңгердің пікірінше, салық саясаты бизнестің тұрақты дамуына кедергі келтірмеуі керек. Өйткені кәсіпорындар жұмыс орындарын ашып, жалақы төлейді және бюджет кірісін қалыптастырады.
Әлеуметтік көмек мұқтаж азаматтарға бағытталады
Президент мемлекеттік қолдауды шынымен мұқтаж адамдарға бағыттауды тапсырды. Жаңа тетіктерді енгізбес бұрын оларды пилоттық режимде сынақтан өткізу қажеттігі де айтылды.
Сарапшы әлеуметтік көмек тағайындағанда адамның нақты жағдайын ескеру маңызды екенін атап өтті. Ауру, мүгедектік, табыстан айырылу немесе жақын адамға күтім жасау қажеттілігі сияқты жағдайларды тек автоматтандырылған жүйенің шешіміне сүйеніп бағалауға болмайды.
Цифрлық жүйедегі қате отбасының күнкөріс қаражатынсыз қалуына себеп болмауға тиіс, – дейді Николай Турецкий. Оның сөзінше, азаматқа көмек тағайындаудан бас тарту себебі түсіндіріліп, шешімге шағымдануға және жүйе ескермеген мән-жайларды растауға мүмкіндік берілуі қажет.
Ең төменгі жалақы 110 мың теңгеге дейін көтеріледі
Жолдауда 2027 жылғы 1 қаңтардан бастап ең төменгі жалақыны 85 мыңнан 110 мың теңгеге дейін көтеру тапсырылды. Сондай-ақ алғашқы медициналық-санитариялық көмек көрсететін учаскелік қызмет мамандарының үздіксіз еңбек өтіліне қарай жалақысын 40%-ға дейін арттыру көзделген.
Заңгердің айтуынша, бұл шешімдерді жүзеге асыру үшін тиісті құқықтық және қаржылық тетіктер уақытылы әзірленуі керек. Сонымен қатар табыстың өсуі инфляцияны тежеу шараларымен қатар жүруге тиіс. Өйткені отбасының тұрмыс деңгейі жалақы мөлшерімен ғана емес, сол ақшаға қанша тауар мен қызмет сатып алуға болатынымен де өлшенеді.
Әлеуметтік нысандармен қатар мамандар мен қаржы да қажет
«Халықтық құрылыс» бағдарламасы аясында өңірлер мен ауылдарда ауруханалар, мектептер, оңалту орталықтары және мәдениет пен спорт нысандарын салу жоспарланған. Алайда заңгердің пікірінше, ғимарат тұрғызумен жұмыс бітпейді. Нысан толыққанды қызмет көрсетуі үшін білікті мамандар, қажетті жабдықтар және тұрақты қаржыландыру қарастырылуы керек.
Сондай-ақ құрылыс кезеңінде нысанды күтіп ұстауға кететін шығын, кадр тапшылығы және мүмкіндігі шектеулі азаматтардың қолжетімділігі ескерілуі қажет. Әр жобаның мерзімі, құны мен күтілетін нәтижесі туралы қоғамға ашық ақпарат берілуі маңызды.
Инклюзивті білім беру және мұғалімдердің жүктемесі
Жолдауда ерекше білім беру қажеттіліктері бар балаларға жағдай жасауға және мұғалімдердің артық есептілігін азайтуға да назар аударылды. Николай Турецкий бұл бағытта мамандар даярлау, балалардың оқу барысындағы қиындықтарын ерте анықтау және ата-аналарға қолдау көрсету маңызды екенін айтты.
Оның пікірінше, цифрландыру мұғалімдердің жұмысын жеңілдетіп, балаларды оқыту мен тәрбиелеуге көбірек уақыт бөлуіне мүмкіндік беруі керек. Жалпы, жаңа технологиялар мемлекеттік қызметтерді азаматтарға қолжетімді етіп, мәселелерді формалды емес, нақты шешуге көмектесуге тиіс.
Тегтер #24жаңалықтар #24KZ #жолдау 2026 #президент #сарапшы пікіріPhone: +7 (7172) 757 485
E-Mail: 24kz@khabar.kz