RU
Толық нұсқаға өту

Қазақстан мен Түркия медиа әріптестікті нығайтады

29.10.2026, 20:06 40

Қазақстан мен Түркия медиа әріптестікті одан әрі нығайтуды көздейді.

Анкарада Түркі мемлекеттері ұйымының саммиті қарсаңында Мәдениет және ақпарат министрі Арман Қырықбаев Түркия Президенті Әкімшілігі Коммуникациялар басқармасының басшысы Бурханеттин Дуранмен кездесті. Тараптар ақпарат саласындағы ынтымақтастықты дамытуды, қолданыстағы келісімдер мен бірлескен жобаларды жүзеге асыру жайын талқылады.

Әсия Нұрлыбаева, тілші:

- Қазақстан мен Түркия ақпарат саласындағы ынтымақтастықты дамытып келеді. Екі елдің бұқаралық ақпарат құралдары арасындағы байланысты нығайту өзара іс-қимылдың басым бағыттарының бірі болып саналады. 

Анкарада өткен кездесуде Қазақстанның мәдениет және ақпарат министрі Арман Қырықбаев пен Түркия Республикасы Президенті әкімшілігінің Коммуникациялар басқармасының басшысы Бурханеттин Дуран медиа саласындағы қолданыстағы келісімдердің іске асырылу барысын және бірлескен жобаларды жүзеге асыру перспективаларын талқылады.

Арман Қырықбаев, ҚР Мәдениет және ақпарат министрі:

- Біздің "Хабар" агенттігі Түркияның өте белді телеканалдарымен тікелей байланыс орнатқан. Сол сияқты біздің екі елдің журналистер қауымдастығының арасында өзара бейресми қатынас өте көп. Осылардың барлығының екі елге пайдалы нұсқада әрі қарай дамуы біз үшін өте маңызды деп есептеймін. Бірқатар арада қол қойылған екі жақты құжаттар бар. Осылардың орындалу барысын сөз қылдық, талқылап өттік. Бұл түркі мемлекетімен біздің арамыздағы қатынас жақсы деңгейде дамып жатыр. 

Тараптар мемлекет басшылары деңгейінде қол жеткізілген уағдаластықтарды іске асыруға, сондай-ақ Қазақстан мен Түркияның бейінді ведомстволары мен медиа құрылымдары арасындағы өзара іс-қимылды нығайтуға ерекше назар аударды. Арман Қырықбаев түрік тарапын Республика күнімен құттықтап, ортақ тарихи және мәдени мұраға негізделген екі жақты қарым-қатынастарды одан әрі дамытудың маңызын атап өтті. 

Бурханеттин Дуран, Түркия Республикасы Президенті Әкімшілігінің Коммуникациялар басқармасының басшысы:

- Бұл кездесудің Түркия Республикасының күнімен тұспа-тұс келуі біз үшін үлкен мәртебе әрі мақтаныш. Түркия мен Қазақстан – бауырлас әрі достас елдер. Екі мемлекет арасындағы қарым-қатынастың тамыры тереңде жатыр. Біз медиа және коммуникациялар саласындағы бірлескен жұмыс бағыттарын, соның ішінде стратегиялық коммуникацияларды, қоғамдық дипломатияны және жалған ақпаратқа қарсы күресті талқыладық. Қазіргі уақытта елдеріміз арасында медиа саласындағы ынтымақтастыққа қатысты екі келісім бар. Осы келісімдер аясында қандай нақты жобаларды жүзеге асыруға болатынын бірлесіп қарастырдық. 

Кездесу қорытындысы бойынша тараптар ақпарат саласындағы ынтымақтастықты одан әрі дамытуға және бірлескен бастамаларды жүзеге асыруға мүдделі екенін растады. Алдағы жұмыс Қазақстан мен Түркияның медиа құрылымдары арасындағы өзара іс-қимылды нығайтуға және бірлескен жобаларды дамытуға бағытталады.

Авторы Әсия Нұрлыбаева

Тегтер

Phone: +7 (7172) 757 485

E-Mail: 24kz@khabar.kz