Қазақстанда 2026 жылғы 1 шілдеден бастап жаңа Конституция күшіне енді. 15 наурызда өткен жалпыұлттық референдумда дауыс беруге қатысушылардың 87,15%-ы Негізгі заңның жаңа редакциясын қолдады. Конституциялық реформа мемлекеттік басқару жүйесін жаңартып, адам құқықтарын қорғау кепілдіктерін кеңейтті және ел дамуының ұзақ мерзімді бағыттарын айқындады, деп хабарлайды 24KZ.
Президент Қасым-Жомарт Тоқаев 2026 жылғы 28 тамызда Құрылтайдың бірінші сессиясының ашылуында Қазақстан жаңа өрлеу дәуірінің табалдырығында тұрғанын атап өтті.
Жаңа Конституция мемлекеттік органдардың, сарапшылар қауымдастығының және азаматтық қоғам өкілдерінің қатысуымен әзірленді. Құрамына 130 адам кірген Конституциялық комиссия қоғамдық талқылау барысында, оның ішінде цифрлық платформалар арқылы түскен ұсыныстарды қарастырды. Азаматтардан жалпы саны 12 мыңға жуық ұсыныс пен ескерту келіп түсті. Негізгі заң 11 бөлім мен 96 баптан тұрады.
Жаңа Конституцияда қандай қағидаттар бекітілді?
Конституцияның кіріспе бөлігі толық жаңартылды. Онда «Біртұтас Қазақстан халқы» деген тұжырым қолданылып, азаматтардың ортақтығы мен байырғы қазақ жеріндегі мемлекеттіліктің тарихи сабақтастығы айқындалды.
Сонымен қатар Әділетті Қазақстан идеясы, «Заң мен тәртіп» қағидаты, бірлік пен ынтымақтастық, білім, ғылым және инновация құндылықтары бекітілді. Сондай-ақ болашақ ұрпақ алдындағы жауапкершілік пен табиғатқа ұқыпты қарау негізгі ұстанымдардың қатарына енгізілді.
Конституцияның 1-бабында адам, оның өмірі, құқықтары мен бостандықтары мемлекеттің ең жоғары құндылықтары ретінде айқындалған. Ал 2-бапта Егемендік, Тәуелсіздік, біртұтастық, аумақтық тұтастық және президенттік басқару нысанының өзгермейтіні бекітілген.
3-бапта мемлекет қызметінің негізгі қағидаттары көрсетілген. Олардың қатарында Егемендік пен Тәуелсіздікті қорғау, адам құқықтары мен бостандықтарын сақтау, заң мен тәртіптің үстемдігін қамтамасыз ету, жалпыұлттық бірлікті нығайту және халықтың әл-ауқатын арттыру бар. Сонымен бірге қоғамдық диалог, жауапты әрі жасампаз отаншылдық, еңбекқорлық, экологиялық мәдениет және тарихи-мәдени мұраны сақтау да негізгі қағидаттар ретінде белгіленген. Ал адами капиталды, білімді, ғылымды және инновацияларды дамыту мемлекеттің стратегиялық бағыты ретінде айқындалды.
4-бапта халық Егемендіктің бірден-бір иесі және мемлекеттік биліктің қайнар көзі ретінде белгіленген.
Еңбек ету құқығы мен отбасын қорғау
Жаңа Конституцияда азаматтардың еңбек ету құқығы мен отбасы құндылықтарына да ерекше мән берілген.
27-бап әркімнің еңбек етуге, қызмет түрі мен кәсіпті еркін таңдауға құқығына кепілдік береді. Бұл норма 3-бапта бекітілген еңбекқорлық қағидатымен сабақтас. Яғни Конституция еңбек ету құқығын қорғаумен қатар, еңбекқорлықты негізгі қоғамдық құндылықтардың бірі ретінде орнықтырады.
30-бапта неке мен отбасы, ана болу, әке болу және балалық шақ мемлекеттік қорғауға алынған. Неке заңға сәйкес мемлекет тіркеген ер мен әйелдің ерікті әрі тең құқықты одағы ретінде айқындалған. Бұл нормалар отбасының қоғамдағы маңызын, ерлі-зайыптылардың теңдігін және ұрпақ тәрбиесіне жауапкершілікті көрсетеді.
Табиғатты қорғау – әр азаматтың міндеті
Негізгі заңда экологиялық жауапкершілікке де ерекше назар аударылған. Азаматтар табиғатты сақтауға және табиғи байлықтарға ұқыпты қарауға міндетті. Ал мемлекет адамның өмірі мен денсаулығына қолайлы қоршаған ортаны қорғауды мақсат етеді.
Осылайша, табиғатты қорғау тек мемлекеттің міндеті емес, әр азаматтың да борышы ретінде белгіленген. Бұл нормалар қоршаған ортаны қорғаудың құқықтық негізін нығайтып, «Таза Қазақстан» жалпыұлттық тұжырымдамасының құндылықтарымен үндеседі.
Мемлекеттік басқару жүйесі қалай өзгерді?
Конституциялық реформа аясында мемлекеттік басқару жүйесінің құрылымы жаңартылды. Қазақстанда 145 депутаттан тұратын бір палаталы Құрылтай қалыптастырылып, Қазақстан Халық Кеңесі құрылды.
Конституцияның 70-71-баптарында Халық Кеңесінің мәртебесі мен өкілеттіктері айқындалған. Атап айтқанда, оған заң шығару бастамасы және референдум өткізу туралы бастама көтеру құқығы берілген.
Жаңа басқару үлгісі биліктің тұрақтылығын қамтамасыз етуге, парламенттік бақылауды күшейтуге және Үкіметтің есептілігін арттыруға бағытталған.
Азаматтардың құқықтарын қорғау кепілдіктері күшейтілді
Реформалардың маңызды бағыттарының бірі – адам құқықтарын қорғау тетіктерін жетілдіру.
18-бапта адамды ұстау негіздері мен ұсталған адамның құқықтарын түсіндіру міндеті бекітілген. Бұл құқықтық тәжірибеде «Миранда қағидасы» деп аталады. Сонымен қатар ұсталған сәттен бастап адвокаттың көмегіне жүгіну құқығына кепілдік берілген.
15-бапта мемлекеттік органдардың немесе лауазымды адамдардың заңсыз әрекеттерінен келтірілген зиянды мемлекеттің өтеуі көзделген.
Ал 86-бапта алғаш рет адвокатураның сот арқылы қорғауды және заң көмегін қамтамасыз етудегі рөлі Конституция деңгейінде айқындалды.
Дербес деректер мен зияткерлік меншік қорғалады
Цифрлық технологиялардың дамуына байланысты азаматтардың жеке ақпаратын қорғау мәселесі де Негізгі заңда көрініс тапты.
21-бапта дербес деректерді заңсыз жинаудан, өңдеуден, сақтаудан және пайдаланудан, оның ішінде цифрлық технологияларды қолдану кезінде қорғауға кепілдік берілген.
Ал 23-бапта ғылыми, техникалық және көркем шығармашылық еркіндігіне, сондай-ақ зияткерлік меншікті қорғауға кепілдіктер бекітілген. Бұл нормалар азаматтардың жеке өміріне қол сұғылмаушылықты қамтамасыз етіп, ғылым мен инновацияны дамытуға құқықтық негіз қалыптастырады.
Жаңа заңдар азаматтардың жағдайын нашарлатпауы керек
Конституцияда заңнаманың болжамдылығына қатысты кепілдіктер де күшейтілді.
5-бапқа сәйкес, азаматтарға жаңа міндеттер жүктейтін, олардың жағдайын нашарлататын немесе жауаптылықты белгілейтін не күшейтетін заңдарға кері күш беруге тыйым салынған. Яғни жаңа талаптар бұрын болған жағдайларға қатысты азаматтардың жағдайын нашарлату үшін қолданылмауға тиіс.
Осылайша, жаңа Конституция мемлекеттілік негіздерінің мызғымастығын билік институттарын жаңартумен және адам құқықтарын қорғау кепілдіктерін кеңейтумен ұштастырады. Құжат мемлекет пен қоғам арасындағы жауапкершілікті айқындап, ел болашағын белгілеуде халықтың шешуші рөлін бекітеді.
Тегтер #24жаңалықтар #24KZ #Жаңа Конституция #жеті жылдағы жетістік #ҚазақстанPhone: +7 (7172) 757 485
E-Mail: 24kz@khabar.kz