RU
Толық нұсқаға өту

Қазақстанда түрлі-түсті және сирек кездесетін металдар қоры құрылады

30.10.2026, 19:15 35

Елде түрлі-түсті және сирек кездесетін металдардың ұлттық қоры құрылады. Жаңа жүйе отандық өндірістің өркендеуіне оң ықпал етеді. Жобаның маңыздылығын Жолдауда Мемлекет басшысы да баса айтқан еді, деп хабарлайды 24KZ.

«Қасым-Жомарт Тоқаев Үкімет бұл салада дамыған елдермен стратегиялық серіктестік орнатуға тиіс», – деді.

Қазақстан – минералдар мен шикізатқа бай мемлекет. Дегенмен қойнауы қазынаға толы қазақ даласы өз деңгейінде зерттелмей жатыр. Мұны жолдауда Мемлекет басшысы да баса айтты. Қасым-Жомарт Тоқаев барлау ісін ілгерілетіп, тың технологияларды қолданысқа қосуды тапсырды.

Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:

– Геологиялық барлау тәсілдерін түбегейлі өзгерту қажет. Жаңа кен орындарын бұрынғы заманнан қалған әдістермен іздеу оң нәтиже бермейтіні анық. Қазіргі таңда геологияны жоғары технологиялық сала ретінде мойындауымыз керек. Бізге озық технологиялардың көмегімен еліміздің жер қойнауын толыққанды зерттеп, деректердің ашықтығын және қолжетімді болуын қамтамасыз ету өте маңызды. Жаңа кен орындарын іздеу және барлау үдерісіне жеке қаражатты белсенді тартқан жөн.

Мемлекет басшысы айырықша маңызды металдар қорын басқарудың ұлттық жүйесін құру қажет екенін айтты. Бұл – Үкіметтің алдында тұрған маңызды міндеттің бірі. «Осы мәселені кәсіпкерлермен бірлесе талқылап, жыл соңына дейін маған нақты ұсыныс енгізу қажет», – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Николай Радостовец, Республикалық тау-кен өндіруші және тау-кен металлургиялық кәсіпорындары қауымдастығының атқарушы директоры:

- Бұл бастама Қазақстанға орасан зор экономикалық пайда әкелуі мүмкін. Бір мысал келтірейін. 2012 жылға дейін Володарск алюминий зауыты қосымша өнім ретінде галлий өндірді. Бұл – сирек кездесетін компоненттердің бірі. Кейін оны өндіру тиімсіз болғандықтан, кәсіпорын өндірісті тоқтатты. Ал қазір галлийге сұраныс күрт артты. Себебі ол чип өндірісінде кеңінен қолданылады. Егер сол кезде бізде осындай қор болғанда, галлий өндірісін тоқтатпай, қор арқылы оны өндіруді қолдауға мүмкіндік болар еді.

Ел Президенті түрлі-түсті және сирек кездесетін металдардың ұлттық қорын құрудың маңыздылығына да тоқталды. Сарапшылардың пікірінше, Мемлекет басшысының бастамасы отандық өндірушілердің ісін ілгерілетіп, экономиканың тұрақтылығын арттыруға мүмкіндік береді.

Авторлары: Шернияз Жалғасбекұлы, Әлішер Әшімов

Тегтер

Phone: +7 (7172) 757 485

E-Mail: 24kz@khabar.kz