Ақордада Вице-Президент Ерлан Қариннің төрағалығымен ішкі саясат мәселелері жөнінде республикалық кеңес өтті, деп хабарлайды 24KZ.
Жиынға Президент Әкімшілігі құрылымдық бөлімшелерінің басшылары, Үкімет мүшелері, өңір әкімдерінің орынбасарлары мен ішкі саясат басқармаларының басшылары қатысты. Вице-Президент өз сөзінде идеологиялық күн тәртібін қалыптастыратын конституциялық құндылықтарға кеңінен тоқталды.
Ерлан Қарин, Қазақстан Республикасының Вице-Президенті:
– Конституция тек құқықтық құжат ғана емес, ол сонымен қатар біздің бірегейлігімізді, біздің болмысымызды, бағдарымызды айқындайтын маңызды құжат. Мемлекетіміздің негізгі қағидаттары. Біздің қоғамымыздағы құндылықтарымыз, дүниетанымымыз. Түптеп келгенде біздің жалпы идеологиямыздың бәрі осы Конституцияда. Осыдан бастап ішкі саясаттағы біздің мақсатымыз бен міндетіміз – Конституциядағы қағидаттар мен құндылықтарды қорғау, оны қоғамдық санада орнықтыру, ілгерілету, жас ұрпақты осыған баулу.
Вице-Президенттің айтуынша, ішкі саясаттың басым бағыттарының бірі – Мемлекет басшысының бастамаларын сапалы жүзеге асыру. Кеңес барысында этносаралық және конфессияаралық келісімді нығайту, отбасы және жастар саясатындағы басымдықтар қаралды. Кеңес қорытындысы бойынша жауапты мемлекеттік органдарға ішкі саясаттың негізгі бағыттарын іске асыру жөнінде нақты тапсырмалар берілді.
Ерлан Қарин, Қазақстан Республикасының Вице-Президенті:
– Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев дәстүрлі халыққа Жолдауын жариялады. Бұл жолғы жолдау да стратегиялық сипатқа ие маңызды құжат болды. Онда еліміздің әр түрлі салаларындағы ұзақ әрі ортамерзімді даму бағдары айқындалған. Халықтың да қамы қамтылған, мемлекеттің де мүддесі ескерілген.
Тегтер #24KZ #кеңес #Ерлан Қарин #Ақорда #ішкі саясат мәселесі #Президент әкімшілігіPhone: +7 (7172) 757 485
E-Mail: 24kz@khabar.kz