Қазақстан Біріккен Ұлттар Ұйымына мүше барлық мемлекетпен дипломатиялық қатынас орнатты.
Бұл үдерісті Тынық мұхитындағы Наоэро Республикасымен жасалған келісім түйіндеді. Нью-Йоркте екі елдің Біріккен Ұлттар Ұйымы жанындағы тұрақты өкілдері Қайрат Омаров пен Лара Эраб Даниэль бірлескен коммюникеге қол қойды. Осылайша Наоэро Қазақстан дипломатиялық байланыс орнатқан 195-мемлекет болды. Бұл қадам екі жақты саяси диалогқа жол ашып, сауда-экономикалық және гуманитарлық ынтымақтастықтың негізін қалады. Кездесуде алыс-беріс, цифрландыру, орнықты даму және адами капитал салаларындағы ықтимал әріптестік бағыттары талқыланды. Сондай-ақ БҰҰ аясындағы ынтымақтастықты нығайтып, халықаралық мәселелер бойынша тұрақты пікір алмасудың маңызы атап өтілді. Бұл келісім Қазақстанның Тынық мұхиты өңіріндегі елдермен байланысын кеңейтуге мүмкіндік бермек.
Лара Эраб Даниэль, Наоэроның Біріккен Ұлттар Ұйымы жанындағы тұрақты өкілі:
- Наоэро мен Қазақстан арасындағы дипломатиялық қатынастардың ресми түрде орнағанына зор қуаныштымын. Осы бірлескен коммюникеге қол қою елдеріміз арасындағы достық пен ынтымақтастықтың жаңа кезеңіне жол ашады. Наоэро Қазақстан мен БҰҰ аясындағы өзара іс-қимылды нығайтып, нақты нәтижеге бағытталған серіктестік орнатуға ниетті. Бұл ретте орнықты даму, мұхит мәселелері бойынша техникалық ынтымақтастық, климат және энергетика салаларындағы ортақ басымдықтарға ерекше мән береміз.
Тегтер #Таңдаулы #Қазақстан #БҰҰ #дипломатия #24KZPhone: +7 (7172) 757 485
E-Mail: 24kz@khabar.kz