RU
Толық нұсқаға өту

Жолдау-2026: елде 70-ке жуық денсаулық сақтау нысандары салынады

31.10.2026, 19:25 38

Перзентханалар, ауруханалар, жедел медициналық көмек көрсету станциялары, балаларға арналған оңалту орталықтары мен ерекше балалардың сұранысына сай спортзалдар бой көтереді, деп хабарлайды 24KZ.

Бұл мақсаттарға қаражат ел қазынасынан және инфрақұрылымдық қордан бөлінеді. Ал кейбір нысандардың құрылысы мемлекетке қайтарылған активтер есебінен қаржыландырылады.

Мемлекет басшысы денсаулық сақтау инфрақұрылымын жүйелі әрі жедел дамытуды тапсырды. Өңірлерде сегіз заманауи перинаталдық орталық, жеті көпбейінді балалар ауруханасы салынады.

Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:

– Елімізде халық саны қарқынды өсуде. Сондықтан денсаулық сақтау инфрақұрылымын жүйелі әрі жедел дамыту – өте маңызды міндет. Біз ауқымды құрылыстың алғашқы кезеңінде еліміз бойынша сегіз заманауи перинаталды орталық салуды жоспарлап отырмыз. Бұдан басқа, Атырау, Ақтөбе, Алматы, Шымкент, Қаскелең, Семей, Ақтау қалаларында жеті көпбейінді балалар ауруханасы, Астанада тағы екі медициналық нысан бой көтереді. Аталған жұмысқа бюджет қаражатымен қатар жеке капиталды кеңінен тартқан жөн.

Президент жалпы практика дәрігерлерінің өкілеттігін кеңейту мәселесіне де тоқталып, Үкіметке келер жылдан бастап учаскелік медициналық қызмет мамандарының жалақысын үздіксіз еңбек өтіліне қарай 40 пайызға дейін арттыруды тапсырды. Бұл 77 мыңнан астам маманның табысын өсіруге мүмкіндік береді.

Нұргүл Нұрғазина, мейірбике:

– Учаскелік мамандықта жұмыс істегендіктен жүктемелер өте көп. Пациенттер өте көп келеді. Осы орайда біздің жалақымызды арттыруы өте өзекті мәселе еді. Көп жылдар бойы қосылмай келген. Осы жылы қосылып жатқанына өте қуаныштымыз.

Жетісу облысының медицина мекемелеріне 97 дәрігер қажет. Әсіресе хирург, терапевт, травматолог және анестезиолог мамандарына сұраныс жоғары. Талдықорғандағы №1 емхана дәрігерлерінің айтуынша, жалақыны көтеру – кадр тапшылығын азайтуға ықпал етеді. Қазір емханада 600-ден астам қызметкер жұмыс істейді. Олар 120 мыңға жуық тұрғынға медициналық қызмет көрсетеді.

Ерасыл Еділханұлы, №1 қалалық емхана директорының орынбасары:

– Алғашқы медико-санитарлық орталықтарында жалпы тәжірибелік дәрігер, педиатор мамандары, терапевт мамандары тапшылығы қазіргі таңда бар. Егер жалақы жоғары болатын болса, жас мамандарға, абитуренттерге немесе жеке емханаларда жұмыс істейтін қызметкерлерге мемлекеттік мекемеге қызмет етуге, халыққа қызмет етуге бір жақсы мотивация болады деген үміттеміз.

Мамандардың айтуынша, жаңа инфрақұрылым елімізде күрделі емдеу түрлерінің қолжетімділігін арттыруға мүмкіндік береді. Бұл балаларға шетелдік медициналық орталықтардың көмегіне жүгінбей-ақ, қажетті емді өз елімізде алуға жағдай жасауы тиіс.

Дәулет Жақыпбаев, ҚР ДСМ Инвестициялық саясат департаменті директорының орынбасары:

– Нысандардың бір бөлігі ескірген ғимараттардың орнына салынады. Тиісінше, қазіргі уақытта жұмыс істеп жүрген мамандар жаңа нысандарға ауыстырылады. Ал жаңадан салынатын нысандар үшін кадрлар алдын ала даярланады. Бұл негізінен 2027–2029 жылдары республикалық бюджет пен Инфрақұрылымды дамыту қорының қаражаты есебінен іске асырылады. Яғни 2030 жылға қарай барлық нысанның құрылысы аяқталады деп күтілуде.

Әлеуметтік жобаларды қаржыландырудың тағы бір көзі – мемлекетке қайтарылған активтер. Бұл қаражаттың бір бөлігі медициналық нысандар салуға бағытталады деп жоғарыда айттық. Мұндай тетік арқылы қаржы халыққа нақты пайдасын тигізетін жобаларға жұмсалады.

Мұрат Төлегенов, ҚР Бас прокуратурасы Активтерді қайтару жөніндегі қызметі басшысының орынбасары:

– Денсаулық сақтау саласындағы 190 нысанды салуға, реконструкциялауға және күрделі жөндеуге шамамен 177 млрд теңге бөлінді. Бүгінгі таңда оның 169-ы аяқталды. Ірі медициналық мекемелердің бірі ретінде, мысалы, Өскемен қаласындағы гематология орталығын айтуға болады. Ол бір апта ішінде ашылады. Құрылыс барысы мен жұмыстың сапасын бақылауды біздің Активтерді қайтару қызметі аумақтық прокурорлармен бірлесіп жүзеге асырады.

Мирлан Алтынбек, тілші:

- Кейінгі 5 жылда елімізде мыңнан астам медициналық нысан салынды. Оның ішінде 10 аурухана, 14 емхана және 967 дәрігерлік амбулатория мен медициналық пункт бар. Денсаулық сақтау министрлігінің дерегі бойынша баспанамен қамтылған мамандардың саны 3 есе өсті. Тағы 500-ден астам ауылдық дәрігер 8,5 млн теңгеге тең біржолғы жәрдемақысын алды. Осылайша, елде кадр тапшылығы 20 пайызға қысқарды. 

Авторлары: Мирлан Алтынбек, Мұрат Әріпханов, Дәулет Кибраев

Тегтер

Phone: +7 (7172) 757 485

E-Mail: 24kz@khabar.kz