RU
Толық нұсқаға өту

Жолдау-2026: кәсіпкерлер жөнсіз тексерістен арылуы мүмкін

03.11.2026, 13:40 55

Келер жылы шағын және орта бизнеске қатысты үш жылға мораторий жариялануы мүмкін. Осылайша, кәсіп иелері тексерістен арылуы ықтимал. Мұны Мемлекет басшысы биылғы Жолдауында ұсынды. Енді Үкімет пен Құрылтай бірлесе отырып, мараторий бойынша шешім қабылдауы қажет. Бұған дейінгі тәжірибенің тиімділігі мен олқылықтары ескерілу керек, деп хабарлайды 24KZ.

Жөнсіз түртпек, жосықсыз тексеріс. Елдегі кәсіпкерлердің осындай шығамдары жиілеген. Қатаң бақылау олардың уақытын ғана емес, қаржысын да сарқыған. Мұны ескерген Мемлекет басшысы биылғы Жолдауында шағын және орта бизнесті тексеруге 3 жылдық мораторий енгізуді ұсынды. Бұл бастама мемлекеттік бақылауды қайта қарауға және әкімшілік қысымды азайтуға бағытталған.

Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:

– Іскерлік белсенділікке қатысты жүргізілген талдау – бизнеске «кедергі келтірмеудің» өзі үлкен көмек екенін анық көрсетіп отыр. Бұл тұста микро және шағын бизнеске қатысты бұған дейін жарияланған мораторийдің тәжірибесіне қайта жүгінуге болады. Ол өз тиімділігін көрсетті. Құрылтай депутаттарына Үкіметпен бірігіп, келер жылдың бірінші қаңтарынан бастап үш жылдық мораторий енгізудің қаншалықты орынды екенін талқыға салуды ұсынамын. Бұған дейінгі мораторийдің артықшылықтары мен кемшіліктері түгел ескерілуі керек.

Кәсіп иелері үшін алғашқы жарты жылдық оңайға соқпады. Бизнестегі заңсыздық 34 пайызға азайғанымен, салынған айыппұл 11 процентке өскен. Ал жоспардан тыс тексерулер саны тіпті еселеп артқан. Дегенмен жолдаудан кейін кәсіпкерлердің мораторий бастамасынан үміті зор.

Мәселен, астаналық Бұлбұл Айт фрескаға арналған суреттерді құрастырып, өзі өндіріп шығарады. Кәсібі 10-нан астам адамды жұмыспен қамтып отыр. Олар бейнелеу өнерімен, әсіресе қазақы нақышта түсқағаздар өндіреді. Кәсіпкер келер жылы тексерістерге мораторий жарияланса, қаражатымызды қарекетіміздің дамуына ғана жұмсаймыз, дейді.

Бұлбұл Айт, кәсіпкер:

– Мысалы, салыққа кеткен қаржыны біз компанияның дамуына жұмсай аламыз. Жаңа бір станок сатып алуымызға мүмкіндік болады. Болмаса шикізат сатып алуға жібере аламыз. Бұндай тектес мораторий болды ғой. Біз оның бірінші легін өттік. Расымен алдыңғы кезеңге қарасақ, оның көптеген септігі тиді.

Кейінгі жылдары бизнеске қолдау да болғанын айта кету керек. Ұлттық экономика министрлігінің мәліметінше, былтыр Даму қорының аясында 2,2 триллион теңгеге 13 мың жоба қолдау тапты.

Саламат Оңалбеков, ҚР ҰЭМ Кәсіпкерлікті қолдау және қорғау департаменті директорының орынбасары:

– Қазіргі таңда мемлекет кәсіпкерлердің қаржылық ресурсқа қолжетімділігін арттыруға және бизнес жүргізудің қолайлы жағдайларын жасауға барынша атсалысуда. Өрлеу бағдарламасы маңызды болып отыр қазіргі таңда. 2025 жылдың қорытындысы бойынша 588 млрд сомаға 2300-ге жуық жоба қолдау тапты. Айта кететін жайт, мұнда өңдеу өнеркәсібіне басымдық берілген. 2025-тің қорытындысы бойынша 51 пайызы сол өңдеу өнеркәсібін құрап отыр. 2026 жылы бұл бағдарлама жалғасуда. Бюджеттен 200 млрд теңге және екінші деңгейлі банктен 244 млрд теңге бөлінді.

Жауаптылар бизнесті қолдау тетігі тоқтамайтынын айтады. Ал депутаттар Үкіметпен салаға қатысты бірігіп жұмыс істеуге әзірден дайын.

Олжас Құспеков, ҚР Құрылтайының депутаты:

– Алдағы уақытта меніңше мораторийға қол жеткізе аламыз. Не себепті? Өйткені біз жазда кәсіпкерлермен кездескенде кәсіпкерлер тарапынан жанайқайды естідік. Бұл мәселе қоғамда бар. Алдағы уақытта Үкімет пен Құрылтайдың арасындағы бірлескен жұмыстың арқасында мораторийді жалғастырғанға дейін қол жеткіземіз.

Шағын және орта бизнесті тексеруге үш жылдық мораторий – Президенттің тек талқылауға ұсынған бастамасы. Оның нақты шешімін Үкімет пен Құрылтай бірігіп шығаруы тиіс.

Авторлары: Альмира Оразбай, Самат Қазанбаев

Тегтер

Phone: +7 (7172) 757 485

E-Mail: 24kz@khabar.kz