Бізге сапалы жол керек. Президент Жолдауда осындай тапсырма берді. Өйткені әуелі инфрақұрылымды дамытпай, көлік-логистикалық хабқа айналу мүмкін емес, деп хабарлайды 24KZ.
Сондықтан қордаланған мәселелерді шешудің тың әдістері дайындалуы керек. Сондай-ақ мемлекеттік органдардың жауапкершілікті өзгеге ысыруына жол берілмейді.
Серік Селеубайұлы, тілші:
– Қазақстанға заманауи инфрақұрылымы бар сапалы жолдар керек. Еліміз осылай ғана жаһандық деңгейдегі транзиттік аймаққа, яғни Еуразияның көлік-логистикалық орталығына айналмақ. Президент Жолдауда осындай міндет қойды.
Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:
– Орталық және жергілікті атқарушы органдар қолданыстағы ережелер мен регламенттерді алға тартып, мәселені шешуді созбалаңға салады. Соның салдарынан мәселе қордаланғанның үстіне қордаланып, әбден тығырыққа тірелгені жасырын емес. Сондықтан менің тапсырмама сәйкес еліміздегі бүкіл жолдың 26 пайызын алып жатқан республикалық және әкімдіктердің қарауындағы жергілікті жолдарға қатысты барлық мәселемен Үкімет, соның ішінде Көлік министрлігі айналысуға тиіс. Қайталап айтамын. Бізге сапасы өте жоғары жолдар керек. Битум мен қиыршық тастардың сапасын алға тартып, сылтау айтуға жол берілмейді.
Серік Селеубайұлы, тілші:
– Президенттің мәселе көтеруіне жылда анықталатын кемшіліктер мен тозығы жеткен тас жолдар себеп. Мәселен, биыл мемлекеттік маңызы бар жолдардан үлкенді-кішілі 1670 ақау табылған. Бұл – жыл басынан бері өткен 50-ге жуық тексерістің нәтижесі. Мамандар: «Мемлекеттік маңызды жолдардың өзі қырық жамау болғанда, ауыл-аймақтың жағдайы туралы айтудың өзі қорқынышты», – дейді. «Себебі барлық тарап құрылысты сапалы атқаруға емес, жобаны уақытылы аяқтауға асығады», – дейді сарапшылар.
Ербол Сардарбеков, Мемлекеттік сатып алу саласының сарапшысы:
– Бұл жерде әр қадағалау кезеңінде әр орган үшін ол жолдың тапсырылғаны оған тиімді боп саналады. Әкімдікке ол жолдың тез біткені керек. Өйткені олар бюджетті игеруі керек. Тез-тез ақшаны жұмсап және тез қабылдау. Ал тексеруші органдарға да тиімді. Себебі олар тез жұмысты бітірсе тезірек қаражат алады деген сияқты. Сондықтан бұл жерде барлық тараптар жұмысты тез бітіруге ниетті.
Серік Селеубайұлы, тілші:
– Одан бөлек, жол сапасын қадағалау механизмдері де үнемі сынға ұшырап келеді. Мәселен, жақында Бас прокуратура Көлік министрлігі енгізген нормативтік актілерді заңға қайшы деп тапты. Құжатта жолдағы ақау жойылмаса қабылдап алуға мүмкіндік беретін тетік бары анықталған. Алайда министрлік бұл механизм халықаралық стандарттарға негізделгенін алға тартып, заң нормасының керісінше құрылыс сапасын арттыруға бағытталғанын мәлімдеді.
Мейірхан Бекесов, ҚР Көлік министрлігі Автомобиль жолдары комитетінің Ғылым және жұмыс сапасы басқармасының басшысы:
– Егер ол жер кішкене ғана бөлік болатын болса, ол бөлікті кесіп, қайта салған кезде жол қабатының толықтығы бұзылады. Біздің зерттеулердің нәтижесінде жолды жамаған кезде ол жамалған жер бірінші бұзылады. Сол себептен жолды жамау қылмау мақсатында осындай кішкентай бөліктерді қайтадан жамамау үшін ақшасын ұстап қалу мәселесі көзделген болатын. Бұл еуропалық тәжірибеге сәйкес.
Серік Селеубайұлы, тілші:
– Тағы бір мәселе – монополия. Мемлекеттік сатып алу заңындағы кей тетіктердің кесірінен тендерді тек алпауыт компаниялардың ғана ұтуға мүмкіндігі бар. Мәселен, өнім берушіге қойылатын: адами ресурс пен техникасы, жұмыс өтілінің болуы, салығын уақытылы төлеу сияқты талаптар бар. «Бұл ереже бюджет қаражатын жауапсыз, бір күндік компаниялардан қорғауға бағытталғанымен, зиянын тигізіп отыр», - деп есептейді мамандар. Сондықтан олар мәселені шешудің басқа жолын ұсынып отыр.
Ербол Сардарбеков, Мемлекеттік сатып алу саласының сарапшысы:
– Жолды сапасыз істеу тиімсіз қылып жағдай істеу керек. Оның бірі өз басым ойлаймын, кепілдік мерзімін ұзарту арқылы. Мысалы, егер де кепілдік мерзімі ұзартылатын болса жолға, ол біріншіден мемлекетке де пайдалы. Себебі мердігер өз қаражатына бүкіл дефектілерді жойып, барлық жолды өз қадағалауында ұстап тұрады. Ал екіншіден кепілдік мерзімі ұзақ болғандықтан ол жерде айлакер мердігерлер қатысуға бел бумайды. Өйткені ол тиімсіз болып кетеді.
Серік Селеубайұлы, тілші:
– Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес алдағы уақытта жол сапасы жекелеген нысандарды тексерумен ғана шектелмейді. Бұдан былай жобалау, салу, жөндеу және пайдалану кезеңдерінің барлығында бағалаудың нақты әрі бірізді тәсілдері қолданылады. Сол себепті құқықтық база әзірленіп жатыр.
Мейірхан Бекесов, Қазақстан Республикасы Көлік министрлігі Автомобиль жолдары комитетінің Ғылым және жұмыс сапасы басқармасының басшысы:
– Көлік министрлігі Автомобиль жолдары комитетіне бағынышты Қазақстан жол ғылыми институты бар. Жыл сайын мемлекеттік тапсырыспен осы институт жаңа нормативтер жасайды. Бұрыннан қабылданған нормативтерге өзгерістер енгізіледі. Біздің қазіргі жол картасы бар. 2024-тен 2029 жылға дейін 200 нормативке дейін қысқарту. Бұрын 1200 норматив болған. Соны 200 нормативке дейін оптимизация жасап, қысқартып, қолдануға ыңғайлы қылып жасады.
Серік Селеубайұлы, тілші:
– Осылайша, енді баршаға түсінікті ереже қалыптаспақ. Яғни құжаттағы талаптарды оқыған мердігер де, жобаны қадағалаушы мен қарапайым азамат та қиналмайды. Ендеше жол мұраты да ойдағыдай орындалатын уақыт алыс емес.
Авторы: Серік Селеубайұлы
Тегтер #24KZ #жолдау 2026 #жол салу жұмыстары #сапа #Қасым–Жомарт ТоқаевPhone: +7 (7172) 757 485
E-Mail: 24kz@khabar.kz