RU
Толық нұсқаға өту

Еуропа инвесторларына транспорт жобалары ұсынылды

03.11.2026, 23:50 49

Қазақстан еуропалық инвесторларға жалпы құны 1 млрд доллардан асатын бес көлік және инфрақұрылым жобасын таныстырды, деп хабарлайды 24KZ.

Олардың ішінде конкурстары жуырда ашылған – Түркістан қаласының 30 шақырымдық шығыс айналма жолын салу және Қонаев қаласының инженерлік желілерін дамыту бойынша жобалар. Осы және өзге инвестициялық ұсыныстар Парижде өткен Paris Infra Week халықаралық шарасы аясында таныстырылды. Жиында сөз сөйлеген Қазақстанның Франциядағы елшісі Гүлсара Арыстанқұлова Президенттің жуырдағы Жолдауында аталған елімізді Еуразияның жетекші логистикалық орталығына айналдыру міндетіне назар аударды. Айта кетерлік, биылғы тоғыз айда Орта дәліз арқылы жүк тасымалы былтырғы сәйкес кезеңмен салыстырғанда 29 пайызға артып, 4 млн тоннадан асты. Көлік инфрақұрылымын одан әрі дамыту үшін Қазақстан жеке капиталды белсенді тартуды көздеп отыр. Қазақстандық мемлекеттік-жекеменшік әріптестік орталығы төрағасының бірінші орынбасары Айдос Көбетовтің айтуынша, елімізде инвесторлардың мүддесін қорғау тетіктері қарастырылған. Мұндай әріптестіктің тиімділігін жүзеге асқан жобалар да көрсетіп отыр. Соның бірі – түрік және корей инвесторларының қатысуымен салынған Үлкен Алматы айналма автомобиль жолы.

Айдос Көбетов, «Қазақстандық мемлекеттік-жекеменшік әріптестік орталығы» АҚ басқарма төрағасының бірінші орынбасары:

– Сонымен қатар біз енді мемлекеттің әртүрлі өңірлерінде 13 бас бостандығынан айыру мекемелерін салуды жоспарлап отырмыз. Енді ол бойынша да француз инвесторларының қызығушылығы жоғары. Егер қызығушылық болатын болса, біз оларды да өзіміздің аса маңызды мемлекеттік-жекеменшік әріптестік тізіміне қоспақ ойымыз бар. Және бұл – Жетісу облысындағы электр желілерін салу, Қонаев қаласындағы инфрақұрылымды, қаланың инфрақұрылымын салу. Ол жерде енді бұл ең үлкен ірі жобалардың бірі болып табылады. Себебі 687 млн долларға жуық көлемде инвестиция тартуға қажет.

Еуропалық капиталды тартуға Транскаспий көлік дәлізін дамыту бағдарламасы да ықпал етуде. Бұл бастаманы Еуропалық одақтың қолдауымен Францияның Expertise France агенттігі мен Германияның халықаралық ынтымақтастық жөніндегі GIZ қоғамы бірлесіп жүзеге асырып жатыр. Жұмыстың негізгі бағыттарының бірі – әлеуетті инвесторлармен байланыс орнату. Қазір француз агенттігі Каспий теңізіндегі кеме қатынасын дамытуға қатысты зерттеу және автожолдарын салу кезінде бөлінетін көміртегі шығарындыларын бағалау жобасын әзірлеуде.

Ноэль Жиро, Expertise France агенттігінің Тұрақты және инклюзивті экономика департаментінің директоры:

– Біздің агенттік үшін Орталық Азияда жұмыс істеу өте маңызды. Біз бірнеше жылдан бері Еуропалық одақпен бірлесіп, Global Gateway бастамасы аясында жобаларды жүзеге асырып келеміз. Осы орайда ынтымақтастық жүргізіп жатқан өңірлік екі маңызды бастаманы атап өткім келеді. Біріншісі – Транскаспий көлік дәлізін дамыту бағдарламасы. Екіншісі – өңірдің шалғай аудандарындағы цифрлық теңсіздікті азайту бойынша жоба.

Тегтер

Phone: +7 (7172) 757 485

E-Mail: 24kz@khabar.kz