Елдегі жерасты сулары толық игерілмей жатыр. Құрылтайдың кезекті отырысында «Әділет» партиясы фракциясының мүшесі Бота Елеусізова осы мәселені көтерді, деп хабарлайды 24KZ.
Ол депутаттық сауалында жерасты су қорлары тәулігіне 43,2 млн текше метрді құрайтынын атап өтті. Алайда нақты пайдаланылатын көлемі 1,5 млн текше метр шамасында. Бұл – бекітілген қордың небәрі 3,5 пайызы ғана. Елде иесіз, апаттық, өздігінен төгілетін 2 мың 256 гидрогеологиялық ұңғыма бар. «Бұл ретте су тапшылығы байқалатын өңірлерде жерасты суларын ауыл шаруашылығы мен елді мекендердің қажеттіліктеріне тиімді пайдалануға болар еді», – дейді депутат.
Бота Елеусізова, ҚР Құрылтай депутаты:
– Осыған байланысты Қазақстан Республикасының Үкіметінен жерасты су қорларын өңірлер бөлінісінде түгендеп, олардың нақты пайдаланылуына және игеру мүмкіндігіне кешенді талдау жүргізуді; иесіз және авариялық ұңғымаларды жою мен консервациялау жұмыстарын жеделдетіп, олардың бірыңғай цифрлық тізілімін қалыптастыруды; жерасты сулары мониторингін жаңғыртып, геологиялық және гидрогеологиялық деректерді бірыңғай цифрлық жүйеге біріктіруді; ауыл шаруашылығында жерасты суларын пайдалану лимиттерін ғылыми негізде белгілеп, нақты су алу көлемін цифрлық есепке алу мен оған бақылау енгізуді; жерасты су қорларын барлау және бағалау жұмыстарына бөлінетін бюджет қаражатының тиімділігіне талдау жүргізуді сұраймыз.
Тегтер #24KZ #депутаттық сауал #жерасты сулары #Әділет партиясы #Құрылтай отырысы #Бота ЕлеусізоваPhone: +7 (7172) 757 485
E-Mail: 24kz@khabar.kz