Қарағанды облысында Мемлекет басшысының Жолдауында айтылған басымдықтарды іске асыру бойынша нақты қадамдар айқындалады, деп хабарлайды 24KZ.
Өңір әкімі Ермағанбет Бөлекпаев басқарма басшылары мен жауапты тұлғаларға жүйелі жұмыс жоспарын әзірлеуді тапсырды. Бұл мәселелер республикалық ақпараттық-насихаттық топтың облыс активімен кездесуінде талқыланды. Жиынға Құрылтай депутаттары, Қазақстан халық кеңесінің мүшелері және орталық мемлекеттік органдардың өкілдері қатысты.
Президент Жолдауындағы міндеттерді іске асыру жоспарында облыстың нақты әлеуметтік-экономикалық даму бағыттары көрініс тапқан. Әсіресе инвестиция тарту, инфрақұрылымды жаңғырту және цифрландыруға басымдық беріледі. Сондай-ақ «Халықтық құрылыс» бастамасына ерекше назар аударылды. Бұл жоба аясында еліміз бойынша 2029 жылдың соңына дейін шамамен 6,5 трлн теңге бағыттау жоспарланып отыр. Ауқымды құрылыс барысында жергілікті кәсіпорындар мен шағын және орта бизнестің де мүмкіндіктері кеңейіп, жаңа жұмыс орындары ашылады.
Серік Санаубаев, «Қарағанды облысының Кәсіпкерлер қауымдастығы» ҚБ атқарушы директоры:
– Маңызды бастамаларды Президент көрсетіп, атап өтті. Ең бастысы – шағын және орта бизнестегі бәсекелестікті арттыруымыз керек. Маңызды ұсыныстардың бірі – тексерістерге мораторий жариялау. Бұл бұрын да болған. Алайда қазіргі экономикалық жағдайда мұндай шешім өте қажет.
Қарағанды облысының әкімі басқарма басшылары мен қала, аудан әкімдеріне нақты орындау мерзімдері көрсетілген жұмыс жоспарын әзірлеуді тапсырды. Әсіресе инженерлік желілерді жаңғыртуға, жергілікті өндірісті дамытуға және халыққа көрсетілетін қызметтердің сапасын арттыруға басымдық берілуі тиіс.
Ермағанбет Бөлекпаев, облыс әкімі:
– Негізгі міндеттер бес бағытты қамтиды. Олар – инфрақұрылымды жаңғырту, экономиканы әртараптандыру, энергетикалық қауіпсіздікті нығайту, адами капиталды дамыту және мемлекеттік басқарудың тиімділігін арттыру. Бұл бағыттар бір-бірімен тығыз байланысты және өңірдің алдағы даму бағдарын айқындайды.
Кездесу барысында айтылған ұсыныстар Жолдауды іске асыру жөніндегі бірыңғай облыстық жоспарға енгізіледі.
Авторлары: Руслан Нұрланұлы, Сайлау Игіліков
Тегтер #24KZ #жолдау 2026 #Қарағанды облысы #жарнамаPhone: +7 (7172) 757 485
E-Mail: 24kz@khabar.kz