RU
Толық нұсқаға өту

Alatau City жобасына $2 млрд инвестиция тартылады

06.11.2026, 18:30 52

Alatau City жобасына 2 млрд доллардан аса қаржы тартылатын болды. Вице-премьер бастаған қазақстандық делегация Еуропа инвесторларына қаланың болашағын таныстырды, деп хабарлайды 24KZ.

Қанат Бозымбаев Қазақстан және Германия арасындағы инвестициялық ынтымақты кеңейту мүмкіндігін жеткізді.

Алматы облысында жаһанды аузына қаратар жаңа қала қалыптасады. Бірақ іргетасын бекітуге ірі инвесторлар керек. Alatau City атты алып жобаның жауапкершілігін арқалаған біздің құрам Еуропа асты. Топты вице-премьер Қанат Бозымбаев бастап барды. Заманауи тілде роуд-шоу, қазақы қалыпқа салсақ, көшпелі таныстырылым жасады. Тамсандырған болуы керек. Қалталы компанияларды қомақты қаржы құюға көндіріп, қайтты.

Қанат Бозымбаев, ҚР Премьер-министрінің орынбасары:

– Роуд-шоу қорытындысы бойынша Ұлыбритания, Берлин мен Франкфуртта 2 млрд доллардан аса келісімге қол қойылды. Инфрақұрылым, өңдеу өнеркәсібі, орта және жоғары білім бағыттары қамтылған. Сондай-ақ Германияда, басқа елдерде 40-тан аса емханасы бар Сана атты ірі компаниялар тобымен келістік. Медициналық кластерді бастан-аяқ бірлесіп жасап, әрі қарай дамытатын болдық. Бастысы бұл жерде 2 млдр доллардан аса дегеніміз жылдам нәтижеге негізделмеген. Базалық келісімдер жасастық. Соның аясында сома 3-5 есе өсуі де мүмкін.

Іскерлік бағдарлама Лондон, Берлин және Майндағы Франкфурт қалаларын қамтыды. Таныстырылым барысында өнім саудаланған жоқ. Қаланың инфрақұрылымы, цифрлық экономикасы, логистикасы мен өндіріс әлеуеті мәлім етілді. Келісім жемісті. Alatau City Authority, Alatau City Bank және Германияның мемлекеттік даму банкі құжатқа қол қойды. Тек Берлин мен Франкфуртта 715 млн доллар болатын 18 келісім бекітілді.

Екатерина Галицына, KfW IPEX-Bank Шығыс Еуропа және Орталық Азия бойынша бас атқаушы директоры:

– Арнайы салықтық және арнайы құқықтық тәртіп пен ерекше реттеу және жеңілдіктер жасалғандығы қызықтырады. Өйткені қаржылық нарық, шығыстық немесе батыстық болсын, халықаралық қаржы ұйымдары тәуекелдерді таразылайды. Яғни қолданыстағы заң мен реттеу құралдарына баса мән береді. Осы ретте Қазақстан Үкіметі ұғынықты ақпарат беру арқылы алға қарай үлкен қадам жасады деп білемін.

Марк Венчик, AKA Bank басқармасының спикері:

– Меніңше, біз неміс индустриясына жететін мүмкіндіктер жөнінде Алатау басқармасымен байланысты айтарлықтай жақсартуымыз керек. Бұл бір жағынан осы бағдарламаны іске асыру үшін экспортты ынталандыруға көмектессе, екінші жағынан Алатауды дамыту жоспарына инвестиция тартуға жаңа тетіктер қалыптастырады деп есептеймін. Бұл үдеріс қалаға қажетті инфрақұрылым құрылысының қаншалықты табысты жүргізілуіне тікелей байланысты.

Үй тұрғызуға да үлкен күш керек. Ал Alatau City ақылды қалаға айналады. Бұрынғы Жетіген ауылын жетілдіріп, Қытайдың Хайнань, Кореяның Седжон немесе Сингапур, Доха мен Дубайдың қатарына қосу – оңай шаруа емес. Көптеп көмектесіп бітетін іс.

Авторы: Нысаналы Ығыл

Тегтер

Phone: +7 (7172) 757 485

E-Mail: 24kz@khabar.kz