RU
Толық нұсқаға өту

Алматыда әл-Фараби мұрасына арналған халықаралық симпозиум өтті

06.11.2026, 19:50 41

Вице-Президент Ерлан Қарин Әбу Насыр әл-Фарабидің философиялық және ғылыми мұрасына арналған «Философия. Этика. Болашақ» атты халықаралық симпозиумға қатысты, деп хабарлайды 24KZ.

Әл-Фарабидің мұрасын дәріптеуге арналған халықаралық симпозиумды тұрақты түрде өткізу туралы бастаманы Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев көтерген болатын. Бұл жолы ғылыми форум Алматы қаласында әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінде өтті. Жиынның ашылуында Ерлан Қарин Мемлекет басшысының құттықтау хатын оқып берді. Президент жиынға қатысушыларға жолдаған құттықтауында ұлы ойшылдардың озық идеяларын терең зерделеп, өскелең ұрпақ арасында кеңінен насихаттаудың, сондай-ақ оның бәрін заманауи ғылым тұрғысынан пайымдаудың маңызды екеніне тоқталды.

Форумға қатысушылар Әбу Насыр әл-Фарабидің философиялық ілімінің жаһандық гуманитарлық диалогты орнықтырудағы, жалпыадамзаттық құндылықтарды ілгерілетудегі рөлін талқылады. Симпозиумға еліміз бен шетелден 150-ден астам ғалым, зерттеуші, сарапшылар мен жетекші халықаралық ұйымдардың өкілдері қатысты. Ерлан Қарин мұндай басқосу дәстүрлі ғылыми жиынға айналатынын жеткізді. Әл-Фарабидің идеялары қазіргі жаһандану және технологиялық прогресс дәуірінде ерекше өзекті екенін мәлімдеді.

Ерлан Қарин, ҚР Вице-Президенті:

– Қазақстан – көне мемлекеттер мен алып империялардың мекені ғана емес, бірегей дала өркениетінің де алтын бесігі саналады. Ұлы Далада мемлекеттіліктің терең дәстүрі қалыптасты. Ірі мәдениеттер мен дүниетанымдар түйісті. Ғылым мен өнердің, руханият пен ой-пікірдің өзіндік мектебі пайда болды. Сол зияткерлік әлеуеттің ең жарқын дәлелі – адамзат ойының дамуына өлшеусіз үлес қосқан ұлы тұлғаларымыз екені анық. Осы орайда әл-Фараби, Жүсіп Баласағұн, Қожа Ахмет Ясауи, Абай, Шәкәрім, Мәшһүр Жүсіп сияқты ғұламаларды ерекше атап өтеміз. Бұл біздің «Қазақ елі, Ұлы Дала – ойшылдар мекені» деген тұжырымды ойымызды одан әрі қуаттай түседі.

Тегтер

Phone: +7 (7172) 757 485

E-Mail: 24kz@khabar.kz