Alatau City жобасын дамытуға бағытталған инвестициялық роуд-шоу Лондоннан кейін Берлин мен Франкфурт қалаларында жалғасты, деп хабарлайды 24KZ.
Еуропада халықаралық инвесторлармен өткен кездесулер нәтижесінде жалпы инвестициялық әлеуеті 2 млрд доллардан асатын 27 келісімге қол қойылды. Бұл уағдаластық жаңа қаланы дамытуға шетелдік капитал тартуды көздейді.
Вице-премьер Қанат Бозымбаев бастаған отандық делегация неміс серіктестеріне жобаның даму жоспарын таныстырды. Alatau City Authority басшылығы инвесторларға ұсынылатын мүмкіндіктерді түсіндірді. Германияның бірқатар өнеркәсіптік және технологиялық компанияларымен инженерлік инфрақұрылымды дамыту, медициналық бұйымдар өндіру және цифрлық технологияларды енгізу мәселелері талқыланды.
Йенс Бёльман, Германия экономикасы Шығыс комитетінің директоры:
- Бүгінде Германия экономикасы жаңа әрі әлеуеті зор нарықтарды іздеп жатыр. Осы тұрғыдан алғанда Alatau City біз үшін өте тартымды. Германия медицина, инфрақұрылым, энергетика және машина жасау салаларында озық технологияларын ұсына алады.
Кристина Хаверкамп, Германия DENA энергетикалық агенттігінің басқарушы директоры:
– Президент Тоқаевтың экологиялық тұрғыдан тұрақты әрі энергияны тиімді пайдаланатын қала салу бастамасын көтергені өте маңызды. Германияның бұл салада озық технологиялары бар. Неміс компаниялары жобаны жүзеге асыруға елеулі үлес қоса алады деп сенемін.
Келіссөздер нәтижесінде Alatau City Authority басқару ұйымы мен Alatau City Bank Германияның AKA Bank және мемлекеттік даму банкі KfW-мен бірқатар уағдаластыққа қол қойды. Олар инвестициялық жобаларға қаржы тартып, Германияның заманауи жабдықтарын сатып алуға мүмкіндік бермек.
Марк Венчик, AKA Bank-тің бас атқарушы директоры, басқарма төрағасы:
– Alatau City неміс компаниялары мен инвесторлары үшін жаңа нарыққа жол ашады. Қала инфрақұрылымын дамыту мәселесі ерекше қызығушылығымызды тудырып отыр. Германия тек технологиялар мен қызметтерді емес, жобаларды бірлесіп қаржыландырудың түрлі тетіктерін де ұсына алады.
Екатерина Галицына, KfW IPEX-Bank-тің Шығыс Еуропа, Орталық Азия және Оңтүстік Кавказ елдері бойынша бас атқарушы директоры:
- Alatau City-ді дамытуға атсалысатынымызға өте қуаныштымыз. Жоба бүгін жоғары деңгейде таныстырылды. Оны жүзеге асыру үшін жан-жақты дайындық жүргізіліп, әрбір мәселе терең пысықталып жатқаны анық байқалады.
Еуропадағы роуд-шоудың қорытындысы бойынша жалпы инвестициялық әлеуеті 2 млрд доллардан асатын 27 коммерциялық келісімге қол қойылды. Оның 9-ы Ұлыбританияда, ал қалған 18-і Германияда жасалды.
Қанат Бозымбаев, ҚР Премьер-министрінің орынбасары:
– Ең бастысы, бұл сапардың нәтижесі тек 2 млрд доллармен шектелмейді. Алғашқы келісімдер жасалып, өзара уағдаластықтарға қол жеткізілгендіктен, болашақта тартылатын инвестиция көлемі 3, тіпті 5 есеге дейін артуы мүмкін.
Alatau City – Қазақстандағы жаңа технологиялық қала. Заманауи инфрақұрылым, ақпараттық технология және шетелдік инвестиция шаһардың дамуына жол ашып, ел экономикасына серпін бермек.
Авторы: Ғалымжан Қараманұлы
Тегтер #24KZ #Қанат Бозымбаев #Alatau city #Германия #қаржыландыруPhone: +7 (7172) 757 485
E-Mail: 24kz@khabar.kz