Қазақстандық кәсіпкерлер банктерден 3 жарым млрд теңге несиені цифрлық теңгемен алды. Алғашқы займдар «Даму» қорының «Өрлеу» мемлекеттік бағдарламасы аясында берілді, деп хабарлайды 24KZ.
Жаңа тетік қаржы қозғалысын бақылауға және мемлекеттік қолдаудың мақсатты жұмсалуын қамтамасыз етуге мүмкіндік береді.
«Өрлеу» мемлекеттік бағдарламасы бірлесіп қаржыландыру қағидасы бойынша жүзеге асады. Яғни оған банктер де атсалысады. Қаржыландыру көздерін біріктіру арқылы бизнеске берілетін несиенің жалпы көлемі ұлғайды. Мәселен, биыл бағдарламаға 200 миллиард теңге қарастырылды. Ал банктердің ақшасын қоса есептегенде, бұл сома шамамен 450 милллиард теңгеге жетеді.
Арсен Мұстафин, «Даму» кәсіпкерлікті дамыту қоры» АҚ басқарма төрағасы:
– Былтыр бағдарлама аясында жалпы сомасы 588 млрд теңгені құрайтын 2 300-ге жуық жобаға қолдау көрсетілді. 2 мың кәсіпкерге займ берілді. 244 млрд теңгені «Даму» қоры бөлді. Бағдарлама нақты экономикалық нәтиже берді. Қолдау алған кәсіпорындардың табысы 375 миллиард теңгеге өсті, ал салық түсімдері 35 млрд теңгеге артты. Сонымен қатар 4 мыңнан астам жаңа жұмыс орны ашылды. Биыл да бағдарлама жалғасын тапты. Жалпы құны 131 млрд теңгеге тең 355 жоба қаржыландырылды.
Қазір шағын және орта бизнестің елдің жалпы ішкі өнімдегі үлесі 40 пайызға жетті. Ал негізгі капиталға тартылған инвестициядағы үлесі 70 пайызға жақындап қалды. Мемлекет басшысы Жолдауында шағын және орта бизнеске қолдау көрсетудің маңызын ерекше атап өтті.
Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:
– Үкіметтің алдында орта бизнесті дамыту жөнінде арнайы жоспар әзірлеу міндеті тұр. Құжатта кәсіпорындарды ұзақмерзімді қаржыландыру әрі технологиялық тұрғыдан жаңғырту тетіктері көрсетілуі қажет. Орта бизнес өкілдерінің ірі кәсіпорындармен тығыз жұмыс істеп, оларға өз өнімдерін өткізуіне жағдай жасау керек.
Жақында отандық кәсіпкерлер үшін жаңа тетік іске қосылды. Ол – цифрлық теңгемен несие беру. Игілікті пайдаланып үлгерген кәсіпкерлер де бар. «Өрлеу» бағдарламасы аясында цифрлық теңгемен қаржыландырылған жобалардың жалпы құны 3,3 млрд теңгеден асты. Бұл ақшаның қозғалысын толық бақылауға болады. Яғни мемлекеттік бағдарлама аясында бөлінген қаржының қайда және қалай жұмсалғаны көрінеді.
Арсен Мұстафин, «Даму» кәсіпкерлікті дамыту қоры» АҚ басқарма төрағасы:
– Цифрлық несиелендіру елдің кез келген өңірінде басымдық берілген салалардағы барлық шағын және орта бизнес субъектілеріне қолжетімді. Ол үшін цифрлық теңге платформасына қосылған серіктес банктердің біріне жүгіну қажет. Цифрлық шот қашықтан ашылады, оған электрондық цифрлық қолтаңба арқылы өтінішке қол қою жеткілікті. Несиені Алматы қаласы, Павлодар, Түркістан және Қарағанды облыстарының кәсіпкерлері алды. Олардың барлығы – микрокәсіпорындар.
Цифрлық теңге барлық төлемді жүргізу және бақылау тәсілдерін өзгертті. Бөлінген қаражат құрал-жабдық жеткізушілеріне немесе мердігерлерге тікелей аударылады.
Авторлары: Дариға Ташенова, Диас Қобыланбаев
Тегтер #24KZ #кәсіпкерлер #несие беру #Цифрлық теңге #жолдау 2026 #ШОБPhone: +7 (7172) 757 485
E-Mail: 24kz@khabar.kz