RU
Толық нұсқаға өту

Қазақстан мен Тәжікстан ынтымақтастығы жаңа деңгейге көтеріледі

07.11.2026, 17:05 66

Мемлекет басшысы Астанаға ресми сапармен келген Тәжікстан Президентімен келіссөз жүргізді, деп хабарлайды 24KZ.

Қасым-Жомарт Тоқаев Эмомали Рахмонға ілтипат білдіріп, бұл сапар екі ел арасындағы ерекше құрмет пен шынайы достықтың көрінісі екенін атап өтті. Қазақстан Тәжікстанның ең ірі сауда серіктестерінің үштігіне енгенін айтты. Қасым-Жомарт Тоқаев барлық бағытта оң динамика көрсетіп келе жатқан қазақ-тәжік қарым-қатынасының даму деңгейін жоғары бағалады. Кейін сөз іске ұласып, саясаткерлер стратегиялық серіктестікті кеңейту жөнінде бірлескен мәлімдеме қабылдады. Ал делегация мүшелері 14 құжатпен алмасты. Келісімдер энергетика, өнеркәсіп, жасанды интеллект, сауда салаларын қамтиды.

Әлішер Әли, тілші:

- Тәжікстан Президентінің елге ресми сапары 5 қарашада басталды. Мәртебелі мейманды Қасым-Жомарт Тоқаев арнайы әуежайдан күтіп алды. Ал күні кеше бірқатар елдің басшылары Ақаба саммитіне қатысса, бүгін Памир тауының етегіндегі елден келген ағайын Ақордаға ат басын бұрды.

Елге ресми сапармен келген Тәжікстан Президентін Ақорда сән-салтанатымен қарсы алды. Қазір ресми рәсім аяқталып, қос елдің басшылары келіссөз залына беттейді. Бұл сан саладағы серіктестікке серпін беретін сапар. Тиісінше, келіссөзден келелі келісімдер күтіледі. Әлеует мол. Оны қонақтардың кең көлемді делегациясынан көруге болады.

Көп ұзамай келіссөз де басталды. Қасым-Жомарт Тоқаев пен Эмомали Рахмон әуелі жеке кездесіп, серіктестік жайын қозғады. Мемлекет басшысы екіжақты қарым-қатынастың қарқынды дамып келе жатқанын айтып, Тәжікстан көшбасшысына ілтипат білдірді.

Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:

– Бүгін біз бауырлас мемлекеттеріміздің стратегиялық серіктестігі мен одақтастығы жөнінде толық негізде айта аламыз. Екіжақты ынтымақтастықта қандай да бір мәселе жоқ. Көпжақты байланыстарымызды одан әрі ілгерілету мақсатында қарастырып, шешімін табуды қажет ететін жайттар бар. Жаңа мүмкіндіктерге жол ашу, өзара тиімді жобаларды іске асыру және қол жеткізілген уағдаластықтарды орындау тұрғысынан тек алға қарай қадам басып келеміз. Қазақтар тарихы бай, төл мәдениеті мен рухани мұрасы байтақ көне ұлт ретінде тәжік халқына құрметпен қарайды. Сіздің парасатты әрі көреген саясатыңыздың арқасында Тәжікстан көптеген салада ауқымды реформалар жүргізіп, таңғаларлық табыстарға қол жеткізді. Осы өзгерістердің нәтижесі экономиканың орнықты өсімінен, халықтың әл-ауқатының артуынан көрініс тауып отыр.

Тараптар арасындағы тауар айналымы жыл сайын тұрақты түрде 1 млрд доллардан асады. Осылайша, еліміз ұдайы Тәжікстанның ең ірі сауда серіктестерінің үштігіне еніп келеді. Биылғы көрсеткіш те көңіл көншітеді. Мәселен, ағымдағы жылдың 9 айында сауда көлемі 1 миллиард доллардан асты. Бұл өткен жылдың осы кезеңімен салыстырғанда 26 пайызға көп. Эмомали Рахмон өз сөзінде екі елдің ынтымақтастығы барлық салада ілгерілеп келе жатқанын айтты.

Эмомали Рахмон, Тәжікстан Президенті:

– Бұл – өте жақсы көрсеткіш. Мәдени-гуманитарлық байланыстарымызда да оң динамика сақталып отыр. Мәдени, білім беру және академиялық іс-шаралар тұрақты түрде өткізіледі. Біздің қазіргі міндетіміз – стратегиялық серіктестік пен одақтастық қарым-қатынасты тың нәтижелерге ұластыру. Жоғары деңгейдегі уағдаластықтардың тыңғылықты іске асырылуына қолдау көрсетуіміз қажет. Бүгінгі келіссөзіміз барлық бағыттағы ықпалдастықты одан әрі дамытудың нақты қадамдарын айқындайды.

Келіссөз барысында сауда-экономикалық байланыстарды одан әрі кеңейту, көлік-логистика, энергетика, ауыл шаруашылығы, су ресурстары, өнеркәсіп және цифрландыру салаларындағы ықпалдастық мәселелеріне назар аударылды. Бұдан бөлек мәдени-гуманитарлық байланыстар жайы да қаузалды. Кейінгі жылдары қос елде мәдени күндер алма-кезек өткізіліп, көрнекті тұлғалардың ескерткіштері ашылды. Мәселен, Душанбеде Абай бюсті, Астанада Ибн Сина ескерткіші бой көтерді. Білім беру мен жастар саясаты салаларындағы ықпалдастық та жоғары деңгейде.

Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:

– Өзара ынтымақтастықта қол жеткізген нәтижелер үшін мақтануға да, қуануға да толық негіз бар. Бүгін өте маңызды іс-шараға – Астана қаласында Тәжікстан елшілігінің жаңа ғимаратының ашылуына қатысамыз. Бұл бір ғимараттан ғана тұрмайды, оны кешен деуге болады. Мұның бәрі таңғалдырады әрі Тәжікстанның елімізде тұрақты түрде өкілдігі болатынын айғақтайды. Әлбетте, бұдан бауырластық байланыстарымыздың бірегей сипатын көреміз.

Келіссөзде көптеген мәселе талқыланды. Кейін сөз іске ұласып, саясаткерлер Стратегиялық серіктестікті кеңейту жөнінде бірлескен мәлімдеме қабылдады. Ал делегация мүшелері 14 құжат алмасты. Келісімдер энергетика, өнеркәсіп, жасанды интеллект, сауда салаларын қамтиды.

Ерлан Ақкенженов, ҚР Энергетика министрі:

– Қазақ пен тәжікті ғасырлардан тамыр тартатын достық, рухани үндестік және ортақ тарихи тағдыр байланыстырады. Бүгін де Қасым-Жомарт Тоқаев елдер арасындағы серіктестікке жаңа серпін берді. Мемлекет басшысы Эмомали Рахмонның есімі қазіргі Тәжікстан тарихында ерекше орын алатынын тілге тиек етіп, Qoja Ahmet Yasaui орденімен марапаттады.

Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:

– Орталық Азияның тұрақтылығы мен қауіпсіздігін нығайтуға қосқан үлесіңіз – өлшеусіз. Баршаға мәлім беделіңіз, бай мемлекеттік тәжірибеңіз және бейбітшілік пен ынтымақтастық идеясына деген берік ұстанымыңыз біздің аймақтағы өзара түсіністік пен сенімді бекітуге септігін тигізді. Рухани-мәдени құндылықтарды сақтауға, бейбітшілік пен тұрақтылықты нығайтуға, сондай-ақ Қазақстан мен Тәжікстан арасындағы достық және одақтастық қатынастарды дамытуға қосқан елеулі үлесіңізді ескере отырып, Сізді, құрметті Эмомали Шарипович, Qoja Ahmet Yasaui орденімен марапаттау жөнінде шешім қабылдадым. Бұл жоғары награда – Қазақстан халқының Сізге және бауырлас тәжік еліне көрсеткен шынайы құрметінің белгісі.

Өз кезегінде Эмомали Рахмон жоғары мемлекеттік награда тапсырғаны үшін Қасым-Жомарт Тоқаевқа алғыс айтты. Тәжікстан басшысы бұл марапатты мемлекеттеріміз арасындағы жоғары деңгейдегі өзара құрмет пен сенімнің тағы бір дәлелі санаймын деді.

Эмомали Рахмон, Тәжікстан Президенті:

– Ең алдымен, бауырлас Қазақстанмен достық пен ынтымақтастықты дәйекті түрде нығайтып келе жатқан тәжік халқының еңбегіне берілген баға деп білемін. Бүгінде елдеріміздің қарым-қатынасы мемлекетаралық байланыстардың барлық негізгі бағыты бойынша орнықты дамып келе жатқаны қуантады. Біздің одақтастығымыз бен стратегиялық серіктестігіміз қос халықтың игілігі жолында алдағы уақытта да беки беретініне сенімдімін.

2030 жылға дейін тауар айналымын ұлғайту жөніндегі жол картасы қабылданды. Бұл туралы Президент БАҚ өкілдеріне арналған брифингте айтты. Қасым-Жомарт Тоқаев алыс-берісті арттыру жолында аграрлық сектордың мүмкіндігі мол деді. Иә, өткен жылы екі ел арасындағы ауыл шаруашылығы өнімдерінің жеткізілімі шамамен 600 миллион долларды құраған. Өсім - 11 пайыз. Бұл – бүкіл тауар айналымының тең жартысы. Осы ретте саладағы ынтымақтастықты ілгерілету үшін ауыл шаруашылығы өнімін өңдейтін толыққанды өндіріс тізбегін құру мүмкіндігі талқыланды. Артынша Президент көлік-транзит саласындағы серіктестікті жандандырудың маңызына тоқталды.

Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:

– Былтыр елдеріміз арасындағы авто және теміржолмен жүк транзиті көлемі сәйкесінше 8 және 15 пайызға ұлғайып, шамамен 7 млн тоннаны құрады. Тасымалдаушыларға жасалған жағдай биыл да оң динамиканы сақтауға мүмкіндік берді. Көлікті цифрландыру мәселесіне баса назар аудару жөнінде уағдаластық. Бұл жүкті іркіліссіз жеткізуді қамтамасыз етеді. Аталған бағытты одан әрі дамыту үшін басты көлік-логистика жобаларын іске асыру перспективасы пысықталады. Ұлттық теміржол компаниялары деңгейіндегі жұмыс тобына ынтымақтастық бойынша нақты ұсыныстар енгізу тапсырылды.

Ақордадағы жиыннан кейін қос Президент Тәжікстан елшілігінің жаңа ғимаратын ашты. Қасым-Жомарт Тоқаев пен Эмомали Рахмон Анатолий Храпатый көшесінде орналасқан нысанның салтанатты ашылу рәсіміне қатысып, лентаны қиды. Содан соң Президент оркестрі екі елдің мемлекеттік әнұрандарын орындады. Мемлекеттер басшыларына Тәжікстан елшілігінің ғимараты туралы ақпарат беретін бейнеролик көрсетілді.

Авторлары: Әлішер Әли, Марат Диханбаев, Бахытбек Нұртаев

Тегтер

Phone: +7 (7172) 757 485

E-Mail: 24kz@khabar.kz