Түркия БҰҰ-ның климат жөніндегі ең ірі халықаралық конференциясын өткізуге дайын. Ертең Анталияда COP31 саммиті басталады, деп хабарлайды 24KZ.
Жиында әлемнің түкпір-түкпірінен мемлекет және үкімет басшылары, халықаралық ұйымдар мен климат саласының сарапшылары бас қосады. Әр ел ұлттық павильонын ұйымдастырып, климаттың өзгеруіне қарсы күрес бойынша тәжірибелерімен бөліседі. Қазақстан павильоны да келушілерді қарсы алуға дайын.
Әсия Нұрлыбаева, тілші:
- Анталия алдағы күндері әлемдік климаттық дипломатияның орталығына айналады. Қазір саммит өтетін EXPO көрме кешенінде соңғы дайындық жұмыстары жүріп жатыр. Халықаралық делегацияларды қабылдау, қатысушылардың қозғалысын үйлестіру, қауіпсіздік пен ұйымдастыру жұмыстары пысықталуда. Климаттық конференцияға 197 елдің ресми өкілдері мен 100 мыңға жуық қатысушы келеді деп күтілуде. Жиын аясында әр мемлекеттің ұлттық павильоны жұмыс істейді. Онда елдер климаттың өзгеруіне қарсы күрестегі өз тәжірибесін, экологиялық бастамалары мен жасыл технологиялар бойынша тың жобаларын таныстырады. Олардың қатарында Қазақстанның ұлттық павильоны да бар. Көрмеде Астананың экологиялық саясаты, жасыл технологиялар, тұрақты даму және экологиялық инвестиция тарту бағытындағы байыпты бастамалары ұсынылады. Халықаралық сарапшылар мен ұйым өкілдерінің қатысуымен 30-дан астам тақырыптық іс-шара өткізу жоспарланған.
COP31 саммиті аясында Орталық Азия елдерінің экология министрлері бас қосады. Бес мемлекеттің өкілдері аймақтағы климаттық қатерлерге қарсы бірлескен іс-шаралар, су ресурстарын тиімді пайдалану және экологиялық тұрақтылық мәселелерін талқылайды. Саммиттің қауіпсіздігін қамтамасыз етуге полиция, жандармерия және жағалау күзетінен 28 мыңға жуық қызметкер жұмылдырылған. Қауіпсіздік шаралары әуе, құрлық және теңіз бағытында күшейтілген. Бұдан бөлек, медициналық көмек көрсетуге 500-ге жуық қызметкер тартылды. Қатысушыларға конференция бағдарламасы, көрме аумағы, көлік қатынасы мен қажетті қызметтер туралы ақпарат беретін арнайы мобильді қосымша әзірленген.
Әсия Нұрлыбаева, тілші:
- Анталия әлемдік климаттық келіссөздер мен экологиялық бастамалардың негізгі алаңына айналады. Ал халықаралық жиын 12 күнге созылады.
Авторы: Әсия Нұрлыбаева
Тегтер #24KZ #саммит #Анталия #Түркия #БҰҰPhone: +7 (7172) 757 485
E-Mail: 24kz@khabar.kz