RU
Толық нұсқаға өту

Елде өрт профилактикасының «Тұмар 112» цифрлық жүйесі енгізіледі

10.11.2026, 13:30 29

Қыс қаһарына мінбей жатып, кей өңірлерде жылудың жәйі жұртты алаңдатып тұр. Бірі үйінде бүрсең қағып, енді бірі жылудың сапасына шағымданған, деп хабарлайды 24KZ.

Базынасын тікелей премьер-министрге жолдаған қарашаның мәселесі бүгін үкімет отырысында май шаммен қаралды. Жиында алдағы қысқы кезеңдегі жауапты маусымның әзірлігі тағы бір мәрте пысықталды.

Жылу беру маусымы басталғанымен, барлық өңірде жағдай бірдей емес. Бірқатар қалада халық жылудың сапасына наразы. Енді бірінде қараша қалтырап отырған көрінеді. Үкімет басшысы Ақтау, Павлодар және Петропавл тұрғындарынан арыз-шағым түскенін айтты. Олжас Бектенов өңір әкімдерінен мәселені сөзбұйдаға салмай, халықтың арыз-шағымына жедел әрекет етуге пәрмен берді. Апаттық бригадалар мен арнайы техника қысқы кезеңде толық дайын болуы керектігін еске салды.

Жаз бойы жылу және электр желілерін жөндеп, жабдықтарды жаңғыртуға уақыт берілді. Енді оның нәтижесі қақаған қыста көрінуі тиіс. «Әзірлік жұмыстарын ойдағыдай орындадық», – деп ағынан ақтарылды Ақкенженов. Ақпарынша, еліміздің электр стансаларында 8 энергоблок, 49 қазандық және 37 турбинаға жөндеу жұмыстары аяқталған. Аймақтарға тиесілі 377 шақырым жылу желілері жаңаланыпты.

«Жауапты кезеңдегі жөндеу жұмыстарын қаржыландыру көлемі де орта есеппен 27%-ға ұлғайтылған», – деді министр.

Ерлан Ақкенженов, ҚР Энергетика министрі:

– Өңірлік электр желілік компаниялардың электр желілерінде жалпы ұзындығы 17,1 мың км электр беру желісін және 444 кіші станцияны жөндеу жұмыстары немесе жоспардың 100% аяқталды. Сонымен қатар 377 км жылумен жабдықтау желісін жөндеу жұмыстары толық көлемде орындалды. Атап айтқанда, электр станцияларын жөндеуге бөлінген қаржы көлемі 384 млрд. теңгеге, электр желілерін жөндеуге – 393 млрд. теңгеге және жылу желілерін жөндеуге – 198 млрд. теңгеге дейін артты. Нәтижесінде электр станцияларының тозу деңгейі 52% дейін, электр және жылу желілерінің тозу деңгейі тиісінше 65,7% және 48% дейін төмендеді.

Қыс түсе өрт қаупі де күшейеді. Пеш жағып, электр жылытқыштарын қосқан тұрғындардың қауіпсіздік талаптарын елемеуі орны толмас қайғыға әкеп жататыны жасырын емес. Өткен жылы тұрғын үйлерде болған қызыл жалынның 55 пайызы салғырттық салдарынан екен. Мұндай жәйт биыл да қайталанбас үшін қазір елде 93 мыңнан астам үй ерекше бақылауға алынған. Сала министрі Мұрат Мұхановтың мәліметінше, соңғы үш айда 3,1 мың пеш және 3,4 мың электрмен жабдықтау жүйесі жөнделген. 13 мыңнан астам дабыл құралдары орнатылыпты.

Мұрат Мұханов, ҚР Төтенше жағдайлар министрі:

– Түтін мұржаларын тазарту (6 148), пештер (3 189) мен электрмен жабдықтау жүйелерін (3 439) жөндеу жүргізіліп, тұрғындарға өрт қауіпсіздігі қағидалары түсіндірілуде. Әлеуметтік көмек көрсету аясында жергілікті атқарушы органдармен бірлесіп, үйлерге өрт датчиктері орнатылуда. Тек тамыз айынан бері 13 мыңнан астам датчик орнатылды. Былтырдан бері жеке тұрғын үйлерді автономды түтін өрт хабарлағыштарымен жабдықтау міндетті талап ретінде енгізілгенін айта кеткен жөн.

Өрттің алдын алу енді цифрлық бақылауға көшеді. Елде тұрғын үйлердегі қызыл жалын қаупін анықтап, қауіпсіздік талаптарының сақталуын қадағалайтын «Тұмар 112» жүйесі енгізілмек. Бұл қосымша үйлерді аралау жұмысын электрондық форматқа көшіріп, анықталған заңбұзушылықтарды нақты мекенжай арқылы тіркеуге мүмкіндік береді. Яғни қай үйде қауіп бар, қай жерде талап сақталмағанын бірыңғай базаға жібереді.

Авторлары: Кәмшат Мұхамеджан, Мұрат Әріпханов

Тегтер

Phone: +7 (7172) 757 485

E-Mail: 24kz@khabar.kz