RU
Толық нұсқаға өту

Қызыл аймақтан 14 ЖЭО шығарылған

10.11.2026, 13:40 59

Қазандығында қызуы болмаған 19 жылу электр станциясы Қызыл аймаққа енгені естеріңізде болар. Үкімет бұл іске 3 жыл бұрын кіріскен, деп хабарлайды 24KZ.

Содан бері энергетика нысандарын жаңғыртып, он төртін оңалтып, қатарға қосты. Әлі бесеуін сүйреп әлек. Бұлар Теміртау, Тараз, Семей, Орал және Ақтау қалаларында орналасқан. Сала министрі жылу орталықтарының ұдайы бақылауда екенін айтып, сәтін салса 1 жылда сары аймаққа көшіретіндерін жеткізді. Жалпы, станцияларды қалыпқа келтіруге «Тарифті инвестицияға айырбастау» бағдарламасының көмегі көп тигені атап өтілді. Осы мақсатқа 1 трлн-ға жуық теңге бөлініпті. Енді елде көмірден қуат алуға дендеп көңіл бөлініп жатыр. Ұлттық бағдарламасы да дайын.

Ерлан Ақкенженов, ҚР Энергетика министрі:

– Көмір генерациясы ұлттық жобасы аясында 7-8 гигаватт электр энергиясын өндіретін станциялар салынады. Яғни Семей, Өскемен және Көкшетау қалаларында үш ЖЭС салынады. Оған қоса, Курчатов қаласында қуаттылығы 700 мегаватт болатын жаңа ЖЭО салынады. Екібастұз қаласындағы ГРЭС-2-де 3-4-энергоблоктар, оған қосымша ГРЭС-3-те 1, 3 және 4-энергоблоктар салынады. Олардың жалпы қуаттылығы 2640 мегаватт болады деп үміттенеміз. Барлық жоба таза энергия қағидаттарына сәйкес жүзеге асырылады.

2027 жылы сағатына 1,5 млрд квт электр энергиясы профициті болады

Министр елдегі электр энергиясына ең жоғары жүктемені атады. 18 мың 200 мегаватт. Бірақ жылу электр орталықтарының жұмысы қалыпты. Тіпті, 2 күн қатарынан қуат көзі Ресейге экспортталған. Жинағы – 200 мегаватт. «Келер жылы да кемшілік көрмейміз», – дейді Ерлан Ақкенженов. Сағатына 1 жарым млрд кВт электр энергиясы артығымен өндіріледі.

Тегтер

Phone: +7 (7172) 757 485

E-Mail: 24kz@khabar.kz