«Ана тілі мәселесі – мемлекеттік, саяси және ұлттық маңызы бар тақырып». Халықаралық «Қазақ тілі» қоғамының Х құрылтайында сөз сөйлеген Мемлекет басшысы осылай деді, деп хабарлайды 24KZ.
Қасым-Жомарт Тоқаев қазіргі таңда дүние жүзінде тіл өзекті мәселеге айналғанына назар салды. Президент «Қазақ тілі» қоғамының – мемлекеттік тілдің тұғырын нығайтудағы маңызды құрылым» екенін айтып, осы қоғамының әр мүшесіне ризашылығын білдірді. «Ана тіліміз – қазақ тілінің абырой-беделін арттыру үшін бір ел болып табанды жұмыс істеуіміз керек. Бүгінгі жиынның басты мақсат-міндеті де – осы», – деді Президент.
«Бір ұлттың тілінде сол ұлттың сыры, тарихы, тұрмыс-тіршілігі, мінезі айқын көрініп тұрады», – дейді Мағжан ақын. Иә, ана тілімізге деген құрмет сол Мағжандар дәуірінен бері бір мысқал кеміген емес. Биыл мектепке барған оқушылардың 71 пайызы қазақ сыныптарына қабылданғаны бұған дәлел. Оған қоса, былтыр баспадан шыққан 6 мыңнан аса кітаптың 70 пайызы қазақ тілінде басылды. Президент те келелі құрылтайда қазақ тіліне сыйластықпен қарау, бұл – азаматтық борыш екенін тілге тиек етті.
Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:
– Қазақ тілі Тәуелсіздігіміздің мызғымас символы, Отанымыздың мемлекеттік тілі, ұлтымыздың мәңгілік жаны ретінде қабылдануы қажет. Басқа көзқарастың болуы мүмкін емес. Сондықтан қазақ тіліне сыйластықпен қарау, бұл – азаматтық, адами борыш. Ал парыз қаншама қастерлі болса да, оның мықты негізі болуы керек. Біз экономикасы дамыған, инновациясы мен технологиясы үздік, әлем жұртшылығы мойындаған, өркениетті, мықты мемлекет болсақ, қазақ тілі де қуатты тіл болатыны анық. Мемлекеттің беделі артқан сайын, мемлекеттік тілдің де абыройы күшейеді. Бұл – ақиқат.
Ана тіліміздің әлеуетін әлемнің озық технологиялық компаниялары да мойындай бастады. Кейінгі үш жылда қазақ тілі жасанды интеллект жүйесіндегі қолданыс аясы қарқынды кеңейіп жатқан тілдердің қатарына кірген. Иә, мұның бәрі жүйелі жұмыстың бір нәтижесі. Дегенмен тоқмейілсуге болмайды. Алда қазақ тілінің ұлттық цифрлық деректер қорын жасақтау міндеті тұр. Бұған қоса, Президент саланы жетілдіруге қатысты бірқатар тапсырма жүктеді.
Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:
– Жалпы біз қазақ тілінің сөздік қоры өте бай деп жиі айтамыз. Мұның шындық екені де күмәнсіз. Әдеби-мәдени мұрамыз да ұшан-теңіз. Алайда сол дүниенің көбі кезінде цифрлық жүйелерге толық әрі сапалы көшірілді деп айту қиын. Сол себепті мұрағатта немесе кітапханаларда ғана сақталған қазақ тіліндегі кітаптарды, мерзімді басылымдарды, аудио-бейне жазбаларды, мұрағат (архив) және мұражай (музей) қорларын цифрлық форматқа көшіру ісін қайта жандандыру қажет. Халқымыздың өшпес мұрасы мен рухани байлығы қағаз бетінде емес, цифрлық кеңістікте сақталуға тиіс. Келешек ұрпақ осы игі істің жақсылығын көреді. Бұған қоса, инженерия, медицина, құқық, экономика сияқты түрлі ғылымды және ақпараттық технологияларды қазақ тілінде үйренуге барынша қолайлы жағдай жасалуы керек.
Орфографиялық сөздікті жаңартатын уақыт келді. Жиында Президент қаузаған тақырыптардың бірі осы. Ресми түрде бекітілген Қазақ тілінің сөздігі 1983 жылы шыққан. Иә, одан кейін де бірнеше сөздік жарық көрді. Алайда олардың ешқайсысы мемлекеттік деңгейде бекітілмеген. Осы ретте Президент жауаптыларға келер жылдың соңына дейін сөздікті ретке келтіруді тапсырды.
Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:
– Бірақ жалпы тіліміз басқа іргелес елдердің тілдерімен салыстырғанда әлдеқайда таза деп айтсақ, дұрыс болар. Мысалы, бұрын өте сирек пайдаланған немесе мүлде пайдаланбаған «тұжырымдама, қағидат, жоспар, сыйақы, шәкіртақы, еңбек өтілі, кешенді, әмбебап, жүйелі, тыңайтқыш, жанармай, көгалдандыру, босқын, қырғи-қабақ соғыс, қоқан-лоқы, лаңкестік, есірткі, бітімгерлік күштер, мәмілегер, ғарыш, зымыран, жаһан, ғаламтор, тікұшақ, жасанды сана, пайыз, сынып» сияқты сөздер тілімізде кең қолданыс тапты. Бұл – жақсы дүние. Бірақ әр жақсы құбылыстың шегі болуы керек. Мысалы, «күйсандық (пианино), қылтима (балкон), субұрқақ (фонтан), себезгі (душ), қырыққабат (капуста), үнқағаз (газет), жеделсаты (лифт), желкөз (форточка)» және тағы басқа жасанды сөздердің қажеттілігі екіталай сияқты. Соңғы кезде дінге қатысты көне сөздеріміздің орнына араб сөздерін жиі қолдану сән болып кетті. Мұның да қажеттілігіне күмән бар.
Үкімет пен әкімдіктер «Дала орманы» жобасына атсалысуы қажет. Ұйым бір жылдың ішінде серіктестерімен бірге 400 гектар жерге 5 млн ағаш отырғызған. Нәтижесінде үш облыста 4 үлкен орман құрылған. Енді әр ауылдың маңынан 25, аудан орталығының қасынан 50, ал үлкен қалалардың маңайынан 100 гектардан көшеттер өсіретін саябақ ашу жоспарда бар.
Президент жиында бастаманы қолдайтынын айтып, жобаның арқасында орман алқабын 14,5 млн гектарға дейін ұлғайтуға мүмкіндік туады деді. Бұдан бөлек, «Халықтық құрылыс» бағдарламасын тілге тиек етті.
Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:
– Еліміз бойынша әртүрлі әлеуметтік нысандар – балабақшалар, мектептер, кітапханалар, ауруханалар, емханалар, оңалту орталықтары, спорт инфрақұрылымы және басқа да ғимараттар, өндіріс орындары, жолдар, вокзалдар, әуежайлар салынады. Барлық өңірде мыңдаған жұмыс орны ашылады. Отандық кәсіпкерлерге мол мүмкіндіктер беріледі. Тәуелсіз Қазақстанның төл тарихында мұндай ауқымды жоба бұрын-соңды болған емес. «Халықтық құрылыс» – мазмұны кең, мән-мағынасы терең нағыз халықтық жоба. Біз ел игілігіне қызмет ететін нысандар салып, тұтас мемлекетіміздің келбетін жаңартамыз, бүкіл ұлтымыздың сана-сезіміне серпін береміз. Бірақ ең маңызды мәселе – біз келешек ұрпақтарға тұжырымдамалар мен жоспарлар, шетелдегі құнды қағаздарда сақталған, уақыт өткен сайын арзандап бара жатқан қаржыны емес, халыққа қызмет ететін нақты әлеуметтік нысандарды аманат ретінде қалдыруымыз керек.
Президент мемлекеттік тілді жетік меңгерген өзге ұлт өкілдерін де сөзіне арқау етті. Иә, тіліміздің дамуына үн қосып жүрген мұндай адамдардың қатары кеңейіп келеді. Мемлекет басшысы оларға барынша жағдай жасау – біздің азаматтық парызымыз екенін еске салып, қазақ тілін тез әрі оңай үйренуге мүмкіндік беретін озық әдістемелер әзірлеуді тапсырды.
Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:
– Дегенмен мына нәрсені есте ұстаған абзал: Қазақ тілін дамыту – еліміздегі өзге тілдердің дамуына кедергі келтіру емес. Басқаша айтқанда, ана тілімізді басқа тілдерге қарсы қоюға мүлдем болмайды. Тілдерді пайдаланып, қоғамдық жанталас, жанжал жасағысы келетін арандатушылар өте қауіпті істермен айналысып жүр. Сондықтан оларды «Заң мен тәртіп» қағидасына сәйкес жауапкершілікке тарту керек.
Келелі құрылтайда Қазақ тілі қоғамының төрағасы Рауан Кенжеханұлы үш негізгі бағыт бойынша жобаларды жүзеге асырып жатқаны жөнінде баяндады. Олар – қазақ тілін оқыту әдістемесін жетілдіру, қазақша мазмұнды байыту және жаңа технологиялар саласында тілдің қолданыс аясын кеңейту.
Мәселе де, мәртебе де түгенделіп біткен соң, кезек марапатқа көшті. Президент тіл жаңашырларының бір парасына «Ел бірлігі», «Құрмет» ордендерімен, «Шапағат», «Ерен еңбегі» медальдарын табыстады.
Жиынға жүзі басқа, жүрегі бір жандар жиналды. Бәрі де өз саласында қазақ тілінің тұғырын нығайтуға сүбелі үлес қосып жүр. Солардың бірі – Сардор Юлдашев.
Ал баянауылдық Виктория Қожмабердина ұлттық аспаптың құлағында ойнайды. Домбыраны шертіп, ауыл балаларын ертіп, қазақтың төл өнерін төрге шығарып жүр.
Авторлары: Әлішер Әли, Марат Диханбаев, Бахытбек Нұртаев
Тегтер #24KZ #қазақ тілі #Ана тілі #Қасым–Жомарт Тоқаев #Х құрылтайPhone: +7 (7172) 757 485
E-Mail: 24kz@khabar.kz