RU
Толық нұсқаға өту

Ұлттық қор қаражаты тиімді жұмсалуы керек

10.11.2026, 20:20 45

Алтын-валюта резерві мен Ұлттық қор активтерінің көлемі 130 млрд доллардан асты. Бұл әлеует ел игілігіне жұмсалуы керек. Мемлекет басшысы биылғы Жолдауында осылай деді, деп хабарлайды 24KZ.

Оның сөзінше, қордағы қаражаттың бір бөлігі инфрақұрылымды жаңғыртуға, еліміздің әр аймағын көркейтуге бағытталмақ. Тіпті бұл үлкен қозғалысқа «Халықтық құрылыс» деген атау берілмек.

Серік Селеубайұлы, тілші:

- Қазақстанның халықаралық резервтерінің көлемі 130 млрд доллардан асты. Оның ішіне Алтын-валюта резерві мен Ұлттық қор активтері кіреді. Әсіресе ұлттық банктің басқаруындағы болашақ қоржыны жоғары өсім көрсетті.

Исатай Оматай, ҚҰБ Монетарлық операциялар департаментінің жетекші талдаушы-маманы:

– Ұлттық қор құрылғалы жинақталған инвестициялық кіріс 170,8 пайызға жетті. Осы кезеңде инвестициядан түскен жалпы табыс 36,65 млрд АҚШ долларын құрады. Бұл – қазіргі қор активтері көлемінің шамамен 55,13 пайызы. 2019-2025 жылдары, яғни жеті жылда Ұлттық қордың валютадағы активі 7,5 млрд АҚШ долларына ұлғайды.

Серік Селеубайұлы, тілші:

- Демек, қор активінің өсіміне жыл сайынғы түсіммен бірге инвестициялық қызметтен келген табыс та ықпал етіп отыр. Жалпы бұл жинақ ұзақ мерзімде инвестиция жасау қағидаты бойынша басқарылады. Сондықтан оның инвестициялық портфелі көбіне консервативті құралдардан тұрады. Сондай-ақ нарықтағы оқыс жағдайларда қор деңгейін түсірмеу үшін арнайы резерв те сақталады. Осылайша, жинақ тұрақты өсіп келе жатыр. Енді ұлт қазынасы ел игілігіне қызмет етпек.

Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:

Бүкіл ел бойынша аса қажетті әлеуметтік, көлік және инженерлік инфрақұрылым нысандары салынады. Үкімет бұрын-соңды болмаған инфрақұрылымдық жаңғыру жоспарын әзірлейді. Бұл ауқымды жұмысты іске асыру үшін 2029 жылдың соңына дейін Ұлттық қордан шамамен 6,5 трлн теңге бөлінеді. Биыл және 2027 жылдың алғашқы екі айы ішінде әлеуметтік жобаларды іске қосу үшін 1,5 трлн теңге көлемінде қаражат қарастыру қажет. 

Серік Селеубайұлы, тілші:

- Мамандар бұл бастама ел экономикасына бірнеше жолмен әсер ететінін айтады.

Айбар Олжай, қаржы сарапшысы:

- Біріншіден, ол ақшаға біздің отандық компаниялар және біздің отандық құрылыс материалдары жұмыс істеуі керек. Көп алынатын нәрсе. Әрине, импорт та болады. Импортсыз болмайды. Өйткені құрылғылар, инженерлік шешімдердің барлығы – импорт. Оны біз жасамаймыз. Бірақ біз жасайтын нәрсенің барлығын осы халықтық құрылыс жобасы өзіне алуы, тартуы керек. Тапсырыстар болуы керек. Сол кезде біздің экономикамызға шын мәнінде ең бірінші тікелей эффекті береді.

Серік Селеубайұлы, тілші:

- Екіншіден, салынған нысандар экономикаға қызмет етуі керек. Яғни жол немесе басқа құрылыс тиімді жұмыс істеп, бюджетке қосымша табыс түсіруге тиіс.

Бақыт Төлегенов, MNU ассистент-профессоры:

– Кез-келген нәрсе осы ресурстар және сол ресурстарды қалай игеру. Осыған байланысты бізде әртүрлі альтернативалар пайда болады. Егер мысалы ұлттық қордағы ресурстарымыз бізге жаңа, артықшылықтары бар, пайдасын тигізетін альтернатива жасауға көмек көрсететін болса, нәтижесінде біз осы алған ақшаны еселеп орнына қоя алатын болсақ, неге алмасқа.

Серік Селеубайұлы, тілші:

- Яғни Ұлттық қор қаражаты құйылған нысандар экономикамызға жағымды әсер беруге тиіс. Мемлекет басшысы да осы мақсатта арнайы комиссия құруды тапсырды. Ол орган әр тиынның талан-таражға салынбауын қадағалайды.

Авторы: Серік Селеубайұлы

Тегтер

Phone: +7 (7172) 757 485

E-Mail: 24kz@khabar.kz