Төменгі және апелляциялық сот үкіміне келіспеген тарап, әділетті талап ете алады. Былтыр шілдеден бастап, елде жаңадан үш дербес сот құрылған болатын, деп хабарлайды 24KZ.
Азаматтық, әкімшілік және қылмыстық істер бойынша кассациялық соттар. Барлығы Астанада орналасқан. Құрылғанына жылдан асқан құзырлы органның бір тармағы, яғни қылмыстық істерді қарайтын кассациялық сот қызметін таныстырды. Осы аралықта 2 мың 9 жүз адамға қатысты 2 мыңнан аса іс сүзгіден өткізіліп, әр төртіншісіне түзету енгізілген. Биыл шағымдар саны артқан. 1 мың 7 жүзге жуық қылмыстық іс қаралып, 139 іс бойынша актілердің күші жойылса, 327 іс қайта өзгертілген. Соңғы 10 айда 12 адам ақталып шыққан. Айта кету керек, кассациялық сотқа жәбірленуші, сотталған адам немесе адвокат шағымдана алады. Олардың құжаттары «Төрелік» атты ақпараттық жүйеге енгізіліп, шағымданушылармен бірдей прокурорға және судьяларға жіберіледі. Қазіргі таңда аталған сот штатында барлығы 30 судья лауазымы көзделген, оның оны бос тұр. Сондай-ақ судья заңнан сүрініп, өрескел қателік жіберсе, әдеп бұзғаны әшкере болса, ақырғы шешімді Сот жюриі айтады.
Ақан Жұмағұлов, ҚР Қылмыстық істер жөніндегі кассациялық сот төрағасы:
– Азаматтардың кассациялық соттың маңыздылығын түсініп, жаппай кассация институтының бар екенін білгеннен кейін, төменгі сатыдағы соттардың шешімдерімен келіспеген жағдайда бізге шағымдануы – осының нәтижесі. Егер өрескел қателіктерге жол берілсе, біз тиісті қаулы шығарамыз, ал жауапкершілікке тарту мәселесін Сот жюриі қарайды.
Тегтер #24KZ #сот жүйесі #сот үкімі #судьяларPhone: +7 (7172) 757 485
E-Mail: 24kz@khabar.kz