Қазақстан Халық Кеңесінің мүшелері мен этномәдени бірлестіктердің жетекшілері бас қосып, Президент Жолдауында жүктелген міндеттерді пысықтады. Тараптар жастарды ел дамуына тарту, «адал азамат» қағидасын жүзеге асыру жайында ұсыныстарын ортаға салды, деп хабарлайды 24KZ.
Жиында азаматтық қоғам институттарының қызметін жандандыру жайы талқыланды. Қала әкімінің орынбасары Сәрсен Құранбек өңірдегі тұрақтылық пен өзара сенімді нығайту мақсатында мемлекеттік саясаттың негізгі бағыттарына тоқталды.
Сәрсен Құранбек, Шымкент қаласы әкімінің орынбасары:
– Біздің елімізде қоғамдық келісімді, тұрақтылықты, бірлік пен ынтымақты сақтау жолында үлкен жұмыстар атқарылып, қолайлы жағдайлар жасалып жатыр. Президентіміз де бұл туралы үнемі айтып келеді.
Жиналғандар туралық пен әділдік, заң мен тәртіп, еңбекқорлық және жаңашылдық секілді құндылықтарды қоғам санасына сіңірудің маңыздылығын айтты. Сондай-ақ «Адал азамат», «Таза Қазақстан» бастамалары мен жаңа қоғамдық этиканы қалыптастыру мәселелері сөз болды.
Әбдез Иманқұлов, Қазақстан Халық Кеңесінің мүшесі:
– Еліміздің тұрақты дамуы ең алдымен қоғамдағы өзара түсіністікке, азаматтық жауапкершілікке және ортақ мақсат жолындағы бірлікке байланысты.
«Жалпыхалықтық ауқымды құрылыс жылы» әлеуметтік-инфрақұрылымдық саланың дамуына серпін береді. Осы орайда арнайы гимнастика орталығын салу жобасы қолға алынып, мемлекеттік сараптама жасалды.
Әлия Юсупова, Қазақстан ұлттық гимнастика федерациясының президенті:
– Бұның барлығы, біріншіден, Президентіміздің спортшыларға көрсетіп отырған үлкен қолдауының арқасында жүзеге асып жатыр. Біз әлем кубогын, ірі халықаралық турнирлерді өткізе аламыз. Үлкен шеберлік сабақтарын ұйымдастырамыз. Мұндай шараларға тек спортшыларымызды ғана емес, бапкерлерімізді де үйрету үшін мамандар келеді.
Өңірде 15 этномәдени бірлестік бар. 50-ден астам этностың өкілдері тұрады. Басқосуда этносаралық татулықты сақтаумен қатар, жастардың бастамаларын қолдау, медиация институтын дамыту мәселелері де назардан тыс қалмады. Қатысушылар ел бірлігін нығайту ісінде белсенділік танытуға уағдаласты.
Авторлары: Нұрсұлтан Мұхамеджан, Нұрмахан Бекмұратов
Тегтер #жолдау 2026 #Шымкент #келісім #ҚХК #президентPhone: +7 (7172) 757 485
E-Mail: 24kz@khabar.kz