Қазақстан ТМД елдеріне Төтенше жағдайларды болжау жөніндегі өңірлік орталық құруды ұсынды. Бұл бастама Шымкент қаласында өткен Мемлекетаралық кеңес отырысында айтылды, деп хабарлайды 24KZ.
Басқосуға сегіз мемлекеттің құтқару ведомстволарының басшылары қатысты.
Нұрсұлтан Мұхамеджан, тілші:
– Мемлекетаралық кеңес қарсаңында қазақстандық құтқарушылардың заманауи техникалар көрмесі ұйымдастырылды. Төтенше жағдайларды жою кезінде қолданылатын ұшқышсыз ұшу аппараттары, арнайы жауынгерлік жарақтар мен авариялық-құтқару жабдықтары таныстырылды. Сондай-ақ озық үлгідегі қорғаныш киімдер мен отандық компаниялардың өнімдері көпшілік назарына ұсынылды.
Азиз Саипов, Шымкент қалалық ТЖД Өрт сөндіру және авариялық-құтқару жұмыстарын ұйымдастыру басқармасының бастығы:
– Бұрын бізде ескі автокөліктерде тек қана цистерна болған, насос болған және жиын құбырлары болған. Басқа ешнәрсе болған жоқ. Қазіргі заманауи өрт сөндіру автокөліктеріне электрогенератор қойылады. Прожектор қойылып жатыр. Мотопомпа қойылып жатыр қосымша. Ол бізге жақсы көмек көрсетеді. Себебі біздің Қазақстанда әртүрлі жерлер бар.
Нұрсұлтан Мұхамеджан, тілші:
– Қазақстан Табиғи және техногендік сипаттағы төтенше жағдайлар жөніндегі мемлекетаралық кеңестің 38-отырысына төрағалық етті. Еліміз бұл беделді халықаралық жиынды 11 жылда алғаш рет қабылдап отыр. Басқосуға 8 мемлекеттің министрліктері мен ТМД Атқару комитетінің өкілдері қатысты. Жиында еліміздің климаттық және техногендік төтенше жағдайларды болжау жөніндегі өңірлік орталық құру бастамасы басты тақырыпқа айналды. Ведомство басшылары қауіп-қатер туралы ақпарат алмасуды жеделдетіп, төтенше жағдайларға бірлесіп ден қою мәселелерін талқылады. Сонымен қатар тараптар ғылыми ынтымақтастықты дамытып, мамандарды даярлау, бірлескен оқу-жаттығулар өткізу және өрт-құтқару спорты бойынша халықаралық жарыстар ұйымдастыру жайын да пысықтады.
Мұрат Мұханов, ҚР Төтенше жағдайлар министрі:
– Қазақстан тарапынан да осындай ұсыныстар енгізілді. Енді барлық мемлекеттер оны қолдады. Қазіргі таңда теория жағынан ғана емес, алдағы уақытта осы барлық ұсынысты енгізіп, әр мемлекет өзіне алып, практикалық жағдайда оның барлығын жасаймыз.
Вадим Синявский, Беларусь республикасының Төтенше жағдайлар министрі:
– Біз бұл бастаманы толық қолдаймыз. Орталықтың жұмысын ұйымдастыру барысында назар аударатын кейбір тұстары бар. Сондықтан өз ұсыныстарымызды қосымша жолдаймыз. Әр елдің өзіндік дағдарысқа қарсы іс-қимыл орталықтары мен тәжірибесі бар. Осы мүмкіндіктерді біріктіріп, қазақстандық тараптың ұсынысын іске асырсақ, бұл халықтың қауіпсіздігіне әсер ететін ауа райы, климат және басқа да төтенше жағдайлар туралы жедел ақпарат алу әлеуетімізді айтарлықтай күшейтеді деп есептеймін.
Нұрсұлтан Мұхамеджан, тілші:
– Сонымен, мемлекетаралық кеңес отырысында күн тәртібіндегі 11 маңызды мәселе қаралып, жан-жақты пысықталды. Жиын соңында қатысушылар төтенше жағдайлардың алдын алу және өңірлік қауіпсіздікті қамтамасыз ету мақсатында ведомствоаралық ынтымақтастықты нығайту туралы өзара келісімге қол қойды.
Авторлары: Нұрсұлтан Мұхамеджан, Нұрмахан Бекмұратов
Тегтер #24KZ #ТМД #төтенше жағдай #басқосу #ШымкентPhone: +7 (7172) 757 485
E-Mail: 24kz@khabar.kz