Балық жемін өндіруге салынған инвестицияның 25 пайызын субсидиялау қажет. Құрылтай депутаттары балық шаруашылығына несие беру шарттарын да қайта қарауды ұсынды, деп хабарлайды 24KZ.
Себебі қолданыстағы бағдарламалар балық өсіру мерзімін ескермейді. Мәселен, форель екі жылда жетілсе, бекірені өсіруге жеті жылға дейін уақыт қажет.
Қазақстан жылына 600 мың тонна балық өсіре алады. Бұл шаруашылықтың әлеуеті жоғары болғанымен, мүмкіндігі шектеулі. Елде алдағы төрт жылда 270 мың тонна балық өсіру жоспарланған. «Бірақ бұл межеге жетудің өзі оңай болмайды. Себебі салаға қомақты инвестиция қажет», – деді депутат Руслан Идрисов.
Руслан Идрисов, ҚР Құрылтай депутаты:
– Балық шаруашылығын басқа салалардан қалған қаражатқа субсидиялайды. Егер өсімдік пен мал шаруашылығынан ақша артылмаса, сәйкесінше бұл бағыт қаржыландырудан қағылады. Бірақ саланың экспорттық әлеуеті жоғары.
2030 жылға қарай жемге сұраныс жылына 510 мың тоннаға жетеді деген болжам бар. Шаруалар балыққа беретін өнімнің көбін шетелден алады. Осы орайда депутаттар жем-шөп өндірісіне құйылатын инвестицияның 25% субсидиялауды ұсынды. Ауыл шаруашылығы министрлігінің айтуынша, салада мемлекеттік қолдау бар. Мәселен, жем-шөпке сатып алу шығындарының 30%-ын мемлекет өтейді, дәрі-дәрмек пен басқа да өндірістік шығындарды субсидиялайды. Бұдан бөлек, жеңілдетілген несие бар.
Аян Бахиянов, ҚР АШМ Балық шаруашылығы комитеті төрағасының орынбасары:
– Қазір жеңілдетілген несиелер қарастырылған. Бұл Солтүстік Қазақстан облысының тәжірибесі бойынша жасалып келеді. Енді мұны балық шаруашылығына енгізіп жатырмыз. Ондағы жылдық мөлшерлеме – 2,5%, мерзімі – 10 жылға дейін және ең көбі 5 млрд тенгеге дейін беріледі.
Дегенмен жеңілдетілген несие мәселені толық шешпейді. Банктік міндеттемелер тұрақты төлемдерді талап етеді. Ал балық шаруашылығына алғашқы өнімді алу үшін жылдар керек. Министрлік бұл мәселеге бөлек тәсіл қажет екенін мойындайды.
Аян Бахиянов, ҚР АШМ балық шаруашылығы комитеті төрағасының орынбасары:
– Егер балық өсіру үшін тауарлық масса жасалса, бізде екі жылға дейін уақыт кетеді. Ал бекіре үш жылдан жеті жылға дейін өседі. Сондықтан қазір біз екінші деңгейдегі банктермен және басқа да қаржы институттарымен бірлесіп, несие беру шарттарын өзгертуді қарастырып жатырмыз. Мұнда балық шаруашылығының ерекшелігі ескеріледі.
Былтыр мемлекеттік тапсырыс бойынша шамамен 22 млн балық шабағы шығарылды. Болашақта бұл көлемді 80 млн-ға дейін ұлғайту жоспарланған. Ол үшін балық өсіретін орындарды жаңғырту қажет. Қазір Атырау облысында бекіре зауытын қайта құру жұмыстары басталды. Ол мұнай өндіруші компаниялардың өтемақы төлемдері есебінен қаржыландырылады. Балық шаруашылығы комитетінің мәліметінше, бұл мақсатқа шамамен 1,7 млрд теңге түсті.
Авторлары: Ғазиза Мұхамеджанова, Әлішер Әшімов
Тегтер #24KZ #балық шаруашылығы #субсидия #инвестицияларPhone: +7 (7172) 757 485
E-Mail: 24kz@khabar.kz