RU
Толық нұсқаға өту

Қазақстанда риелторлар нарығы ретке келтірілмек

17.11.2026, 19:30 39

Риелтор нарығы ретке келтірілмек. Сауда және интеграция министрлігі салаға тәртіп орнату үшін бірқатар заң нормаларын дайындап жатыр, деп хабарлайды 24KZ.

Құжат талқысына Құрылтай депутаттары және кәсіби қауымдастық өкілдері қатысады. Оның мақсаты – азаматтардың құқығын қорғап, риелторлар жұмысының ашықтығын қамтамасыз ету.

Данияр Зейнелов Астанаға 2025 жылы көшіп келген. «Алайда бас қалаға аяқ баспай жатып алаяқтарға алдандым», – дейді ол. Кейін баспана алу кезінде де делдалдарға жем бола жаздаған. Сондықтан нарықта ешкім сұрамаса да қызметін тықпалайтын пысықайлардың болмауы керек деп санайды.

Данияр Зайнелов, қала тұрғыны:

– Тіпті телефонмен алдын ала келісіп алғанның өзінде пәтер иесімін деп сендіреді. Ал барсаң, риелтор немесе соның өкілі болып шығады. Жарайды, оған да көнесің. Ал бірақ үй ұнап, аламын деген кезде олардың айтатын сомалары да көп. Қазір енді мен білсем, 450 мың-500 мың шығар. Онда сұрақ туындайды. Мен не үшін өзім еңбектеніп, хабарландыру арқылы тауып, сол мекенжайға барып, не үшін іздедім?

Иә, пәтер иесі мен сатып алушы арасында қажетсіз делдалдардың көбейгені рас. Әсіресе бұл қызмет түрі ірі қалаларда дамыған. Тіпті жабайы нарыққа айналып кетті деуге болады. «Сондықтан да саланы жауапсыз риелторлардан тазалайтын заң керек», – дейді мамандар.

Александр Вайншток, қазақстан риелторларының өзін-өзі реттейтін қауымдастығы әдеп жөніндегі комитеттің төрағасы:

– Хабарландырудағы суреттерді ұрлауға, бағаны жасанды түсіруге заң және кәсіби этика нормалары бойынша да тыйым салынған. Сондықтан біз бұл саланы заңмен реттеу керегін айтып, мәселе көтеріп жүрміз. Біздегі хабарландыру жариялайтын сайттар да жауапкершілік алуы керек. Ол ақпаратты шығарар алдында риелтор хабарландыру беру үшін мүлік иесінің келісімін алғаны не алмағаны тексерілуі керек. Яғни азаматтар үйін танымайтын біреулер басқа бағада сатып жатқанын білмей қалмауы керек.

Сондықтан министрлік риелторлық қызметті реттеу шараларын әзірлеп жатыр. Жұмыс негізгі бес бағыттан тұрады. Алдымен риелтор қызметін көрсетудің бірыңғай қағидалары бекітілмек. Сонымен қатар маманның кәсіби біліктілігіне қойылатын талап күшейтіледі. Ол үшін арнайы стандарт жасалып жатыр. Ең маңыздысы – риелторлар реттелетін кәсіп тізіміне енуі мүмкін.

Әділет Шакирбайұлы, ҚР СИМ Ішкі сауданы дамыту департаменті Сауда қызметін реттеу басқармасының басшысы:

– Қазіргі таңда Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігімен бірге риелтор кәсібін реттелетін кәсіптер тізбесіне енгізу мәселесі қаралып жатыр. Бұл өз кезегінде кәсіпке еркін кіру тәсілінен біліктілікті растау арқылы кіру жүйесіне көшуге мүмкіндік береді.

Серік Селеубайұлы, тілші:

- Яғни бұдан былай сатып алушы пәтер иесімен сөйлесу үшін бірнеше сатыдан тұратын квесттен өтуге мәжбүр болмайды. Себебі талқыланып жатқан құжатта риелтор қызметіне мәжбүрлеуге тыйым салынған. Сондай-ақ тұтынушы үшін тиімсіз талаптар енгізуге және негізсіз комиссия алуға жол бермеу үшін қосымша тетіктер қаралып жатыр. 

Авторлары: Серік Селеубайұлы, Мадияр Қындыбаев

Тегтер

Phone: +7 (7172) 757 485

E-Mail: 24kz@khabar.kz