RU
Толық нұсқаға өту

EU Reporter басылымы «Халықтық құрылыс» туралы жазды

19.11.2026, 16:00 35

«Халықтық құрылыс» бағдарламасы еуропалық басылымдардың тақырыбына арқау болды, деп хабарлайды 24KZ.

EU Reporter редакциясы: «Қазақстан тәжірибесін қоры бар мемлекеттердің қолданғаны құба-құп», – деп жазады. Себебі мұнай кірісі – елдің ырысы. Сондықтан ұлттық қордағы жинақты ұрпақтың болашағына жұмсау – ұтымды жол. Инфрақұрылымға салынған инвестицияның экономикалық қайтарымы да еселі. «Бұған халықаралық деректер дәлел», – дейді зерттеушілер.

Ұлттық қор – ұрпақ қамы. Бірақ бюджеттің де жыртығын қатар жамап келгені жасырын емес. Тарыққанда тығырықтан тартып алатын арқан іспетті. Әйтсе де әл-ауқат қорының әлеуеті әлі де елдің сәулетін тіктеуге жетеді. «Халықтық құрылыстың» қомақты қаржысы қордың мойнында.

Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:

– Үкімет бұрын-соңды болмаған Инфрақұрылымдық жаңғыру жоспарын әзірлейді. Бұл ауқымды жұмысты іске асыру үшін 2029 жылдың соңына дейін Ұлттық қордан шамамен 6,5 трлн теңге бөлінеді. Биыл және 2027 жылдың алғашқы екі айы ішінде әлеуметтік жобаларды іске қосу үшін 1,5 триллион теңге көлемінде қаражат қарастыру қажет.

Жаңалық жерде жатпайды. Елдің құрылысқа бет бұрысын еуропалық EU Reporter басылымы байқап, бағамдайды. «Қазақстан инфрақұрылымды дамыту қарқынын арттырып жатыр» деген көлдей мақала жариялады. «Ұлттық қоры барлар Қазақстан тәжірибесін қайталаса ұтылмайды», – деп жазған. Бұған дейін Индонезия солай еткен. Білім беру саласына мемлекеттік инвестиция салып, мектеп мәселесін шешкен. Ал Норвегия қордағы ақшаның пайызын пайдаға жаратқан. Енді біздегі ерекшелік – құрылыс қаржыландырылады.

EU Reporter:

- Сапалы білім мен медициналық көмектің қолжетімділігі, өмір сүру жағдайының жақсаруы адам капиталын дамытуға тікелей ықпал етіп, еңбек өнімділігінің артуы мен халық табысының өсуіне негіз қалайды. Инфрақұрылымға салынған инвестицияның ондаған жыл бойы экономикалық қайтарым болады.

7 жылда халық саны 2 млн-нан асты. Тәубе, жыл сайын 330 мыңнан аса бала дүниеге келеді. Жалпы, жаңа бағдарлама бұған дейінгі мемлекеттік инвестициялардың жалғасы саналады. Соңғы жеті жылда әлеуметтік салаға 88 трлн теңге бөлінген.

Бекмұрат Жүсіпов, Қазақстан Халық Кеңесінің төралқа мүшесі:

– Бұрын да бұндай құрылыстар жүріп жатыр. Дегенмен ол халықтың өсіміне тиісті мөлшерде жеткілікті болып отырған жоқ. Бір мезетте ауқымды құрылысты салу себебі барлық тұрғындарды әлеуметтік инфрақұрылыммен тең қамтамасыз ету. Қыруар қаражат бөлу ол бірнеше жанама экономиканы дамытады.

Алайда алақанын ысқылап отырған пысықайлар да болуы мүмкін. Сондықтан қомақты қаржы қоржынға кетпеуін құзырлы органдар қырағы қадағалар. Президент те жуырдағы қауіпсіздік кеңесінде халықтың қамына бөлінген ақшаны арнайы мемлекеттік комиссия бақылайтынын айтқан. Ел сенімін сетінетіп алмау – үлкен сын.

Авторы: Нысаналы Ығыл

Тегтер

Phone: +7 (7172) 757 485

E-Mail: 24kz@khabar.kz