2030 жылға дейін кемінде 1 млн 300 мың гектар суармалы алқапқа су үнемдеу технологиясы енгізілуі керек. Президент ауыл шаруашылығы еңбеккерлерінің үшінші форумында Үкіметке осы міндетті жүктеді. Сала қызметкерлерінің төл мерекесімен тұспа-тұс келген жиында Қасым-Жомарт Тоқаев атқарылған жұмыстарды жіпке тізіп, елдегі реформалар жайын қаузады. «Халықтық құрылыс» бағдарламасы аясында салаға қажетті инфрақұрылым бой көтереді», – деді. Агросақтандыру, экспорт, ветеринария бағыттарына тоқталды. Жиын соңында бір топ шаруа Мемлекет басшысының қолынан марапат алды, деп хабарлайды 24KZ.
Төрт түлігі түгел төлдеген малшы, егіні бітік шыққан дихан, олжалы омарташы, балық пен бұғының бабын тапқан шаруа, бәрі де бүгін бас қалаға жиналды. Мұнда Мемлекет басшысының қатысуымен Ауыл шаруашылығы еңбеккерлерінің үшінші форумы өтіп жатыр. Әдетте аптап ыстыққа, ұйытқи соққан боранға қарамай күндіз-түні желдің өтінде жүретін шаруалардың жайдары қалыбын да осы жерден көре аласыз. Мың күнгі бейнеттің арасындағы санаулы ғана шат шадыман шақтың бірі бұл.
Ауа райының қолайсыздығына қарамастан, биыл да ел қамбасы астыққа толды. Күзгі жиын-терінде 24,5 миллион тонна дақыл жиналды. Президент егіннің бітік болуы – молшылық пен тоқшылықтың кепілі екенін айтып, сала мамандарын кәсіби мерекемен құттықтады. Жеті жылда атқарылған жұмысты жіпке тізіп, құт қонған қазақ даласы енді ауқымды құрылыс аумағына айналады деді. Бағдарлама аясында агроөнеркәсіп саласына қажетті инфрақұрылым да бой көтереді.
Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:
- «Халықтық құрылыс» халқымыздың қолдауына ие болатын, ұлт дамуына кең жол ашатын жоба болмақ. Жалпыұлттық жобаға өндіріс орындары да, отандық кәсіпкерлер де белсене атсалысады. Жаңа жұмыс орындары пайда болады, азаматтардың табысы артып, тұрмыс сапасы жақсарады. Түптеп келгенде, «Халықтық құрылыстың» игілігі мен жақсылығын Қазақстанның әрбір азаматы, әсіресе, өскелең ұрпақ өкілдері көреді.
Кейінгі жеті жылда ауыл шаруашылығы саласы ауыз толтырып айтарлықтай жетістікке жетті. Азық-түлік өндірісі 28 пайызға артып, жалпы құны 2,7 триллион теңге болатын 1 630 инвестициялық жоба іске қосылды. Ал агроөнеркәсіп өнімдері экспортының көлемі екі есе ұлғайып, 7 млрд долларға жуықтады. Соның ішінде өңделген өнім үлесі 52 пайызға жетті. Салаға цифрлық технологиялар да белсенді енгізілуде.
Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:
- Былтыр елімізде соңғы жиырма жылдың ішінде алғаш рет ауыл шаруашылығына қатысты ұлттық санақ жүргізілді. Санақ кезінде цифрлық технологиялар қолданылды. Нәтижесінде ауыл шаруашылығының жай-күйі туралы жан-жақты әрі нақты мәлімет алынды. Осы саланың шынайы ахуалын көрсететін толыққанды деректер жиналды. Жалпы, еліміздің ауыл шаруашылығындағы әлеуеті зор. Басты міндет – қолда бар мүмкіндікті тиімді пайдаланып, уақытты созбай, белсенді түрде жұмысқа кірісу керек.
Былтыр ауыл ел бесігі бастамасымен 500-ге жуық ауылда 921 жоба жүзеге асырылды. Олардың жалпы құны – 173 миллиард теңге. Бұдан бөлек, 277 елді мекенде сумен жабдықтау жүйесі жаңғыртылды. Ал ауыл аманаты бағдарламасына бүгінге дейін 150 миллиард теңге қаржы бөлінген. Соның арқасында ауылдарда 22 мыңнан астам жұмыс орны ашылды. Ауылдағы ағайынның басы қосылған жиында Президент осы жобаның аясын әлі де кеңейте түсу қажет деді. Бұдан бөлек агросекторға арналған инвестициялық құралдардың бірыңғай тізбесін әзірлеуді тапсырды. Осы ретте екінші деңгейлі банктер ауыл шаруашылығын кредиттеуге белсенді атсалысуы керек.
Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:
- Кредитті шаруаларға қолайлы шартпен ұзақ мерзімге беру қажет. Қарызды өтеу кестесінде нақты өндіріс циклі ескерілуге тиіс және инвестициялық кезеңде негізгі берешектің төлемін кейінге шегеру мүмкіндігі болғаны жөн. Фермерлер кредиттің алғашқы төлемін жабу үшін егінін жинап бола сала өнімін арзан бағаға сатып жіберуге мәжбүр. Бұған жол беруге болмайды. Үкімет пен министрлік осы мәселені шешуге кірісуі керек.
Қуаңшылық, үсік және мал ауруы жылдар бойғы маңдай тер, табан ақыны желге ұшыруы мүмкін. Жергілікті климат жағдайына сеніп, жайбарақат отыруға болмайды. Жиында Президент агросақтандыру жайын қаузап, Үкіметке нақты ұсыныстар беруді тапсырды. Бұдан бөлек ветеринария саласын жаңғыртуға айрықша мән беру қажет деді.
Айдарбек Сапаров, ҚР Ауыл шаруашылығы министрі:
– Экспорт демекші, еліміз астық сату бойынша әлемдегі жетекші 10 мемлекеттің қатарына кіреді. 200-ден астам өнім 72 мемлекетке жеткізіледі. Біздің ұн мен күнбағыс майы сұранысқа ие. Енді мал шаруашылығы өнімдерін де сыртқы нарыққа көптеп шығаруымыз керек. Осы орайда шаруалар ірі қара етін Түркияға экспорттаймыз деп отыр.
Қайырлы Қасенов, «Мәуліт» шаруа қожалығының басшысы:
– Елде былтырдан бері 71 тауар сүт фермасы іске қосылып, 33 бордақылау алаңы салынды. Төрт түлікті асылдандыруға да ерекше көңіл бөлініп отыр. Бұл ретте қазақы ақбас сиырдың саны артып келеді. Ол, әрине, шаруалардың жанқияр еңбегі.
Серікқали Мырзағалиұлы, «Аяш» шаруа қожалығының басшысы:
– Елдің азық-түлік қауіпсіздігі егін саласына тікелей тәуелді. Сондықтан сапалы тұқым, қолжетімді тыңайтқыш және суды үнемді пайдалану керек. Бұл ретте Президент 2030 жылға дейін суармалы егіс алқаптарының көлемін 1 млн 300 мың гектарға жеткізуді міндеттеді.
Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:
- Үкімет әкімдіктермен бірлесіп, суармалы жерлерді кеңейту жоспарын су жеткізу мүмкіндіктерімен, арналардың жағдайымен және энергия желілерінің қуатымен ұштастырғаны абзал. Егін шаруашылығының әлеуетін толық пайдалану үшін озық ғылыми тәсілдер мен заманауи технологияларды енгізуге күш салуымыз керек. Өздеріңізге мәлім, жер қателікті көтермейді. Бірақ аялап, ұқыпты қараса, көл-көсір пайдаға кенелтеді.
Мәселе де, мәртебе де түгенделіп біткен соң кезек марапатқа көшті. Президент шаруаларға Парасат, Достық, Құрмет ордендерімен, «Ерен еңбегі» медальдарын табыстады.
Өтепберген Әбсәттар, «Өтепберген» шаруа қожалығының басшысы:
– Аптап ыстыққа, ұйытқи соққан боранға қарамай күндіз-түні желдің өтінде жүретін жылқышы да Мемлекет басшысының қолынан марапат алды. Жаңарқалық Мәкіш Әменовтің ат үстінде келе жатқанына 42 жыл болды.
Мәкіш Әменов, жылқышы:
– Мемлекет басшысы шаруаларды ұдайы қолдап келеді. Бүгін де сөзін ердің атын еңбек шығарады деп түйіндеп, ұлт мүддесіне мінсіз қызмет ететін азаматтарға құрмет көрсету – Әділетті Қазақстанның мызғымас қағидаты деді.
Авторлары: Әлішер Әли, Марат Диханбаев, Бахытбек Нұртаев
Тегтер #Тоқаев #су үнемдеу #экспорт #үкіметPhone: +7 (7172) 757 485
E-Mail: 24kz@khabar.kz