RU
Толық нұсқаға өту
Фото: бейнежазбадан алынған скриншот

Президенттің шешімі стратегиялық жоспарлауды жаңа деңгейге көтереді – депутат

23.11.2026, 18:05 21

Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың стратегиялық даму мәселелері жөніндегі сараптама тобын құру туралы шешімі Қазақстандағы стратегиялық жоспарлауды жаңа деңгейге көтеруге мүмкіндік береді. Жаңа құрылым елдің ұзақ мерзімді даму басымдықтарын ғылыми зерттеулер мен сараптамалық талдау негізінде айқындауға ықпал етуі мүмкін. Мұндай пікірді Құрылтай депутаты Лаура Қарабасова «24KZ»телеарнасына берген сұхбатында айтты.

Мемлекет басшысы Қазақстан Республикасы Президенті жанындағы стратегиялық даму мәселелері жөніндегі сараптама тобы туралы өкімге қол қойып, оның құрамын бекітті. Жаңа консультативтік-кеңесші орган елдің ұзақ мерзімді дамуына қатысты тұжырымдамалық тәсілдер мен басымдықтарды сараптамалық тұрғыдан пысықтау үшін құрылған. Оның негізгі міндеттеріне талдамалық, әлеуметтік және форсайт зерттеулердің нәтижелерін талқылау кіреді.

Депутаттың айтуынша, сараптама тобының құрылуы мемлекеттік стратегиялық жоспарлауды ғылыми зерттеулермен тығыз байланыстыруға мүмкіндік береді.

«Мемлекет басшысының бүгінгі шешімі еліміздегі жалпы стратегиялық жоспарлауды неғұрлым жүйелі әрі ғылыми зерттеулердің нәтижесіне негізделген жаңа деңгейге көтеріп отыр деп айтуға болады. Жалпы, мұндай мықты құрам алдағы уақытта осы стратегиялық бағыттағы даму мәселелерін жаңа деңгейге көтеретіндігіне мен сенімдімін», – деді Лаура Қарабасова.

Оның сөзінше, дамыған мемлекеттерде ғылыми зерттеулер мемлекеттік шешімдер қабылдаудың маңызды негізіне айналған. Мәселен, АҚШ-та RAND зерттеу орталығы мемлекеттік саясатқа қатысты сараптамалық талдаулар мен ұсынымдар әзірлейді. Ұлыбританияда да мемлекеттік шешімдерді ғылыми деректерге сүйене отырып қабылдау тәжірибесі қалыптасқан.

«Әлемде бұны evidence-based policy деп атайды. Бұл қағидат өте маңызды, өйткені мемлекеттің тиімділігін арттырған кезде біз маңызды шарт ретінде осындай стратегиялық зерттеулердің нәтижелеріне бағытталғандығын көреміз. Осылайша, ұзақ мерзімдік басымдықтар анықталған кезде олардың дәлелді болуы, дәйекті болуы қамтамасыз етіледі», – деп атап өтті депутат.

Лаура Қарабасованың пайымдауынша, сараптама тобы қолданыстағы стратегиялық құжаттардың өзектілігін бағалау мәселесін де қарастыруы мүмкін. Сонымен қатар жаңа экономикалық модель қалыптастыру, шағын және орта бизнесті дамыту, адами капиталды нығайту, ғылым мен білімді қолдау негізгі басымдықтардың қатарына енуі ықтимал.

Депутат цифрлық трансформацияға да ерекше тоқталды. Оның пікірінше, цифрлық технологияларды дамыту мемлекеттік басқарудың тиімділігін арттырудың маңызды тетіктерінің бірі. Бұдан бөлек, өңірлердің теңгерімді дамуы, инфрақұрылымды жаңғырту, энергетикалық және су қауіпсіздігін қамтамасыз ету мәселелері де сараптама тобының назарында болуы мүмкін.

Лаура Қарабасова Мемлекет басшысының Жолдауында көтерілген мемлекеттік басқару жүйесінің тиімділігін арттыру міндеті де стратегиялық басымдықтардың бірі болуы ықтимал екенін айтты.

Депутат ғылыми зерттеулердің нәтижелері нақты мемлекеттік шешімдер қабылдауда пайдаланылуы қажет екенін атап өтті. Оның пікірінше, бұл елдің бүгінгі даму міндеттерін ұзақ мерзімді стратегиялық мақсаттармен ұштастыруға мүмкіндік береді.

«Бұл ретте келгенде, менің ойымша, бұл өте маңызды. Біз сонда бүгінгі дамуымызды ертеңгі еліміздің ұзақ мерзімді мақсаттарымен және мемлекеттің шешімдерімен ғалымдардың зерттеулерін бірге ұштастырып, ұластырайық деп отырмыз», – деді ол.

Сараптама тобының жұмыс органы ретінде Қазақстан Республикасы Президенті жанындағы Қазақстан стратегиялық зерттеулер институты белгіленді.

Лаура Қарабасова бұл шешімді отандық университеттер мен ғылыми-зерттеу орталықтары үшін маңызды мүмкіндік деп бағалады. Оның айтуынша, әлемдік тәжірибеде Оксфорд пен Кембридж университеттерінің зерттеу орталықтары ғылыми талдаулар арқылы мемлекеттік саясатқа ықпал етіп келеді. Қазақстанда да академиялық зерттеулер мен мемлекеттік басқару арасындағы байланысты нығайту маңызды.

«Бұл біздің мемлекетіміз үшін ұзақ мерзімдік деңгейде мемлекеттік органдар мен ғылыми зерттеу институттары, ғылыми талдама орталықтары арасындағы байланысты тағы да күшейтетіндігін білдіреді», – деп түйіндеді Құрылтай депутаты.

Тегтер

Phone: +7 (7172) 757 485

E-Mail: 24kz@khabar.kz