Ұзақ мерзімді келісімшарттар арқылы отандық тауар өндірушілерге дем беру керек. Бүгін Құрылтайда өткен Үкімет сағаты осы тақырыпқа арналды. Отырыста түрлі саладағы өндірісті қолдау тетігі талданды, деп хабарлайды 24KZ.
2029 жылға дейінгі Энергетика және коммуналдық секторларды жаңғыртудың ұлттық жобасы құрылыс материалдарына сұранысты айтарлықтай арттырды. Бірақ кей мердігер бір көзден сатып алу тетігі арқылы электр желілері, трансформатор сияқты жабдықтарды сырттан алдырады. Отандық кәсіпорындарға қашан басымдық беріледі? Жергілікті өндірушілердің көкейіндегі сұрақты депутат Мұратбек Мұхамбедиев Өнеркәсіп және құрылыс министріне жолдады.
Ерсайын Нағаспаев, ҚР Өнеркәсіп және құрылыс министрі:
– Мысалы, осы платформада 3 000-нан астам тапсырыс бар, 400-ге жуық баға ұсынысы берілген, 100-ге жуық келісімшарт жасалған. Платформа жұмыс істеп жатқанына бір жыл болды. Жыл соңына дейін нақты қорытынды жасап, нәтижелерді тексереміз. Егер ұсыныстар болса, оларды қарастыруға дайынбыз. Әрине, бұл жұмыс министрліктің қатаң бақылауында болады.
Депутат Нұржан Ниязалиев отандық азық-түлік өндірушілерінің мемлекеттік сатып алымға тікелей қатысуын кеңейтіп, қайта өңдеу кәсіпорындарымен ұзақмерзімді келісімшартқа отыру мүмкіндігіне қатысты сұрақ қойды.
Нұржан Ниязалиев, ҚР Құрылтайының депутаты:
– Ауыл шаруашылығы шикізатын қайта өңдеумен айналысатын отандық кәсіпорындардың мемлекеттік сатып алуға тікелей қатысу мүмкіндігін кеңейту үшін министрлік тарапынан қандай шаралар қабылданып жатыр? Екіншіден, отандық қайта өңдеуші кәсіпорындармен өнімнің шығу тегінің ашықтығын қамтамасыз ете отырып, негізсіз делдалдыққа жол бермейтін орта мерзімді және ұзақ мерзімді, оның ішінде үш жылдық келісімшарттар жасау қарастырыла ма?
Дәурен Кеңбейіл, ҚР Қаржы вице-министрі:
– Қазақстанда шығарылған 5 400 тауарға басымдық беріп отырмыз. Олардың қатарына сіз айтқан ауыл шаруашылығы өнімдерін қайта өңдеушілер шығарған тауарларды да Ауыл шаруашылығы министрімен бірге қосатын боламыз. Бұл тауарларға басымдық беріледі. Екінші тетік – бүгін менің әріптесім айтқан офтейк. Оны да қазір пысықтап жатырмыз. Мемлекеттік сатып алу туралы заңымызда, егер отандық тауар өндіруші офтейк тізіміне кіретін болса, онымен бір көзден шарт жасасуға рұқсат берілген.
Елде алюминий, ПЭТ және картон қаптама шығаратын ірілі-ұсақты 20-ға жуық өндіріс бар. Алайда олардың әлеуеті ішкі сұранысты қанағаттандыруға жетпей жатыр. Құрылтай депутаты Арман Хайруллин Ауыл шаруашылығы министрлігіне кәсіпорындарды офтейк келісімшарттар арқылы қолдауды ұсынды.
Арман Хайруллин, ҚР Құрылтайының депутаты:
– Осыған байланысты министрлікке мүдделі мемлекеттік органдармен бірлесіп, өсіп келе жатқан ішкі сұранысты ескере отырып, отандық буып-түю материалдарын өндіретін кәсіпорындар құру мәселесін пысықтау қажет деп санамайсыз ба? Бұл ретте қайта өңдеу кәсіпорындарының қажеттіліктерін шоғырландырып, офтейк келісімшарттарын жасасу тетіктерін қарастыруға болар еді.
Назгүл Хатепова, ҚР Ауыл шаруашылығы вице-министрі:
– Оның ішінде шыны ыдыстарға қатысты импортқа тәуелділігіміз әлі де өте жоғары. Темір немесе пластик қақпақтар бойынша да импорт көлемі өте көп. Бұл ретте сіздің ұсынысыңызды, әрине, қолдаймыз. Өнеркәсіп министрлігімен бірлесіп, ірі тұтынушылардың қажеттіліктерін шоғырландыру арқылы бір офтейк келісімшарты аясында бірнеше мәселені шешуге мүмкіндік туады деп ойлаймын.
Былтыр Үкіметтің кеңейтілген отырысында Президент ішкі нарыққа қажет тауар өндірісін қолдауды міндеттеген еді. Сөйтіп, үкіметке жергілікті зауыттармен жасалатын офтейк-келісімдер аясын кеңейтуді тапсырған. Мақсат – тек келісім санын келістіріп көбейту емес, жұмыс орнын арттырып, халықтың табысын еселету. Бүгін қаралған мәселелер оңтайлы шешімін тапса, игілігін халық көреді.
Авторлары: Бақыт Топтаева, Самат Қазанбаев
Тегтер #24KZ #Құрылтай отырысы #отандық өндірушілер #отандық кәсіпорынPhone: +7 (7172) 757 485
E-Mail: 24kz@khabar.kz