RU
Толық нұсқаға өту

Харассменттің алдын алу және құрмет мәдениеті талқыланды

25.11.2026, 15:10 21

Елде харассменттен қорғайтын заң жоқ. Заң болмаған соң есебі де жүргізілмейді. Егер жұмыс орнында сыпайылық танытқансып, сұмпайылық жасалса, оны әкімшілік немесе қылмыстық іске телиді, деп хабарлайды 24KZ.

«Ал ондай қысым қоғамда жетерлік», – дейді мамандар. Тек харассмент екенін дәлелдей алмайсың. Бұл мәселе «гендерлік зорлық-зомбылыққа қарсы 16 белсенді күн» халықаралық науқаны аясында тағы көтерілді. Дөңгелек үстелге қатысқандар харассменттің сексуалды және жалпы түрі болатынын жеткізді. Әуелгісі түсінікті. Кейінгісі нәсілі, мүгедектігі, жасы және әлеуметтік санатына қарай кемсіту де соған жатқызылады.

Аяжан Ойрат, халықаралық заңгер:

– Қазақстанда зерттеулер болмаса да, біз халықаралық стандарттарға жүгінеміз. Өйткені шетелдерде сексуалдық харассментке бірнеше жыл бұрын тыйым салынған болатын. Онымен тиімді күрес те жолға қойылған. Заң жүзінде тыйым салумен ғана шектелмейді. Сонымен қатар профилактика мен мониторинг жұмыстары қолға алынған. Тұрақты түрде оқыту өткізіледі, анонимді сауалнамалар жүргізіледі. Әртүрлі тәсілдермен алдын алу жұмыстары жүзеге асырылады.

Шет ел тәжірибесінен біз де шеттеп қалмадық. Қазір харассмент мәселесін құқықтық реттеу бойынша заң жобасы қаралып жатыр. Құжатта «харассмент» және «жыныстық сипаттағы қолсұғушылық» деген ұғымдар нақты айқындалмақ. Жұмыс берушінің жауапкершілігі, қызметкерлерді қорғау кепілдігі сияқты нормалар кодексте көрініс табуы мүмкін. Ал әзірге тек зерттеу жүргізіп, жағдайды бағамдау ғана қалып тұр. Қазақстандық қоғамдық даму институты сауалнама жүргізген. Әлеуметтік желіде әлімжеттік көргендерді сөзге тартқан. Сұхбатқа 17 әйел және 2 ер адам қатысқан.

Адина Магамбетова, «Қазақстандық қоғамдық даму институты» КеАҚ бөлім басшысы:

– Үш түрлі харассментке тап болған. Біріншісі – кемсіту, екіншісі – жыныстық қудалау. Үшіншісі – гендерлік стереотиптерге қатысты харассмент. Ішін ашып, қопарып қараған кезде балағат сөздер айту, оны жұмыстан кетуге мәжбүрлеу сияқты белгілі бір әрекеттер анықталды. Әйел адамдар жұмыс істейтін орталықта әйел адамдар қиын болып келеді. Жылан сияқты болып келеді. Ал ер адамдарға қатысты гендерлік стереотиптің бір түрі: «Сен ер адамсың. Сен шыдауың керек, сен мықты болуың керек».

Тегтер

Phone: +7 (7172) 757 485

E-Mail: 24kz@khabar.kz