RU
Толық нұсқаға өту

Президент ЖИ-ді жіті меңгерген жастармен жүздесті

27.11.2026, 07:20 56

Қасым-Жомарт Тоқаев AI Journey 2026 халықаралық жасанды интеллект конференциясында сөз сөйледі. Мемлекет басшысы форумға шақырғаны үшін Владимир Путинге алғыс айтып, Ресейдің ғылым мен технологиядағы жетістігін оң бағалады, деп хабарлайды 24KZ.

Артынша, елдегі жаппай цифрландыру жайын қаузап, энергетикадағы ахуалға тоқталды. Озық технологиялардың қауіп-қатеріне де назар аударды. Жаһандық жиын аясында жасанды интеллектіні жіті меңгерген жастармен де жүздесті.

Әлішер Әли, тілші:

– Ресей астанасында жасанды интеллектке арналған AI Jorney форумы басталды. 2016 жылдан тамыр тартатын дәстүрлі жиын биыл үш күнге жалғасады. Қатысушылар бірінші күні жасанды интеллекті қоғамда пайдалануды зерделесе, кейін бизнес және ғылымда қолдануды қаузайды. Биылғы жиынға Мемлекет басшысы да арнайы келді.

Қос елдің басшылары әуелі жасанды интеллектке арналған көрмені тамашалады. Еліміздің экспозициясы «Технологиялық ұлт», Startup City, GovTech, Aitu, «Көлік және FinTech салаларындағы ЖИ» сынды алты негізгі бағытты қамтыған. Ал Ресей тарапының көрмесі білім беру, денсаулық сақтау, қала құрылысы, сот ісін жүргізу және мұнай өнеркәсібіндегі цифрлық шешімдерге арналған.

Ростислав Коняшкин, ҚР ЖИЦДМ бірінші вице-министрі:

– Көрмеде елдегі орта білім беру жүйесіне енгізілген ұлттық платформа да таныстырылды.

Жұлдыз Сүлейменова, ҚР Оқу-ағарту министрі:

– Бұдан кейін Қасым-Жомарт Тоқаев жаһандық жасанды интеллект конференциясында сөз сөйледі. Мемлекет басшысы сала майталмандарының басын қосқан форумға шақырғаны үшін Владимир Путинге алғыс айтып, Ресейдің ғылым мен технологиядағы жетістігін оң бағалады. Артынша, елдегі жаппай цифрландыру жайын қаузады.

Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:

– Биыл 1 шілдеде заңды күшіне енген жаңа Конституциямызда ғылым мен инновацияны дамыту – стратегиялық бағыт, ал білім мен прогресс – мемлекеттің басты құндылықтары ретінде бекітілді. Дәл осы себепті аталған форум еліміз үшін өзекті. Мұны Қазақстан делегациясының құрамынан да аңғаруға болады. Олардың қатарында ресейлік серіктестермен ықпалдастықты кеңейтуге мүдделі салалық мемлекеттік органдардың басшылары, ірі бизнес пен IT қоғамдастық өкілдері бар. Қазақстан мен Ресейді ғасырлардан тамыр тартатын достық, ортақ тарих, берік экономикалық және жан-жақты гуманитарлық қатынастар байланыстырады. Озық технология саласындағы ынтымақтастық Қазақстан-Ресей стратегиялық серіктестігінің басты бағыттарының бірі болатынына сенімдімін.

Жаһан жасанды интеллект дәуіріне қадам басты. Биыл дүние жүзінде салаға жұмсалған қаржы шамамен 2,7 трлн долларды құрайды. Оның 1,5 трл-нан астамы цифрлық инфрақұрылымды дамытуға бағытталды. Алайда Президент технологиялық трансформация геосаяси шиеленіс күшейген, мемлекеттер арасындағы сенімге селкеу түскен кезеңде жүріп жатқанына назар аударды.

Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:

– Әлемнің мүлдем жаңа геотехнологиялық картасы пайда болды деуге болады. Озық шешімдерге, есептеу қуатына, білікті кадрларға қол жеткізу мемлекеттің бәсекеге қабілеттілігіне және қауіпсіздігіне ықпал ететін факторға айналды. Халықаралық ғылыми байланыстарды шектеу, аса маңызды технологияларды аталған үдеріске қатысушы ат төбеліндей топтың қолында шоғырландыру түбі жаһандағы технологиялық теңсіздіктің ушығуына алып келеді. Елдердің арасында тағы бір жіктің қалыптасуына жол беруге болмайды. Керісінше, өзара тиімді халықаралық ғылыми-технологиялық ынтымақтастыққа тиісті жағдай жасау қажет.

Салада еліміз ауыз толтырып айтарлықтай жетістікке жетті. Біріккен Ұлттар Ұйымының электрондық үкімет пен адам капиталын дамыту рейтингінде 16-орынға көтерілгеніміз бұған дәлел. Ел азаматтарының цифрлық сервистерді пайдалану деңгейі 1,5 есеге өскені тағы бар.

Сондай-ақ елде Мемлекеттік қызметтердің 90 пайыздан астамы онлайн қолжетімді, eGov Mobile қосымшасына халқымыздың үштен екісі, яғни 13 млн қолданушы тіркелген. Президент жиында Қазақстанды қысқа мерзім ішінде толық цифрланған елге айналдыруды стратегиялық мақсат ретінде белгілегенін де айтты.

Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:

– Біз осы жылды «Цифрландыру және жасанды интеллект жылы» деп жарияладық. Digital Qazaqstan жалпыұлттық стратегиясы бекітіліп, «Жасанды интеллект туралы» заң мен Цифрлық кодекс қабылданды. Осылайша, цифрлық экономиканы қарқынды дамытуға қажетті құқықтық және институционалдық негіз қаланды. Ең бастысы, аталған ауқымды жұмысты қоғам қолдап отыр, себебі азаматтарымыз және бизнес игілігін көруде.

Елде технологиялық кәсіпкерлікке де қолайлы жағдай жасалған. Былтыр отандық IT-қызметтер экспорты 1 миллиард доллардан асты. Стартаптар мен технологиялық компанияларға Astana Hub ұдайы қолдау көрсетеді. 2019 жылдан бері орталыққа тіркелуші компаниялардың жиынтық кірісі 7 млрд долларға жуықтады. Келешек Цифрлық экономикаға маман даярлау ісі де көңіл көншітеді. Мәселен, Ai-Sana бағдарламасы аясында 100 мыңнан аса жас жасанды интеллектіні қолданудың практикалық дағдыларын меңгеруде.

Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:

– Инфрақұрылым мен мамандардың сақадай-сай болуы технологиялық серпіліске кепіл емес екенін біз жақсы түсінеміз. Төл әзірлемелер болуы қажет. Ең бастысы, оны экономиканың кәдесіне жаратқан жөн. Дәл осы себепті жақында Астанада өткен Digital Bridge форумында AI Challenge бастамасын ұсындым. Оның мақсаты – кәсіпорындар мен бағдарлама әзірлеушілерді нақты өндірістік міндеттерді шешуге жұмылдыру. Ресеймен арадағы серіктестігімізде де осындай тәсілге қажеттілік туындайды деп сенемін. 

Қасым-Жомарт Тоқаев энергетикадағы ахуал жайлы да сөз қозғады. Бұдан кейін озық технологиялардың қауіп-қатеріне де назар аударды. Пленарлық сессия барысында Владимир Путин және «Сбербанк» басқарма төрағасы Герман Греф сөз сөйледі. Артынша, қос елдің басшылары Юни роботтарының және Борис Эйфман балет театры әртістерінің шоуын тамашалады.

Қасым-Жомарт Тоқаев Ресейге жұмыс сапары аясында жасанды интеллектіні жіті меңгерген жастармен де жүздесті.

Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:

– Аға буынның парызы – талантты жастардың кәсіби тұрғыдан шыңдалуына жағдай жасау. Бұл - шын мәнінде мемлекеттік маңызы бар міндет. Біз сіздердің ешқандай қиындықсыз лайықты білім алып, осы күрделі әлемде мемлекеттеріміздің өсіп-өркендеуіне және қауіпсіздігіне өз үлестеріңізді қосу үшін қолдан келгеннің бәрін жасаймыз.

Кездесу сұрақ-жауап түрінде өрбіді. Жас өрендер Президенттерге жауап беріп қана қоймай, жасанды интеллект технологияларын сан салада қолдануға қатысты өз ойларымен бөлісті.

Ал роботты техникадан Азия чемпионы қарағандылық Әмина Бажикеева кездесуде ЖИ арқылы жұмыс істейтін жасанды жүрек жасауды армандайтынын айтты.

Әмина Бажикеева, роботты техникадан Азия чемпионы:

– Біз екі рет Хьюстон қаласында өткен робототехника бойынша халықаралық жарыстарда Қазақстанның намысын қорғадық. Робототехниканы елімізде дамытуға қосқан үлесіміз және негізгі құндылықтарды дәріптегеніміз үшін екі мәрте жоғары марапатқа ие болдық. Осындай шабыт сыйлаған тәжірибеден кейін мен өзім де бір игі іс жасап көруге бел будым. Ең алдымен, туған ініме көмектесетін, сонымен қатар басқа да көптеген адамдарға пайдасы тиетін бір дүние жасағым келді. Менің мақсатым – адам ағзасының жағдайын жан-жақты талдай алатын датчиктер негізінде жұмыс істейтін, жасанды интеллектпен жабдықталған жүрек жасау.

Цифрландыру және жасанды интеллект жылы аяқталуы жақын. Алайда бұл келер жылы жұмыс тоқтап қалады дегенді білдірмейді. Қасым-Жомарт Тоқаев сөз соңында біз әлі діттеген мақсатымызға жеткен жоқпыз. "Менің түсінігімде, жасанды интеллектінің серпінді дамуы Үкіметке жаңа міндеттер жүктейді", - деді.

Авторлары: Әлішер Әли, Марат Диханбаев, Бахытбек Нұртаев

Тегтер

Phone: +7 (7172) 757 485

E-Mail: 24kz@khabar.kz