Сыни ойлауды бір батырманы басу арқылы ғана меңгеру мүмкін емес. Ондай қабілетті шыңдау үшін тек кітап оқу керек. Мұны Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Ресейде жасанды интеллект саласындағы дарынды жастармен кездесу барысында айтты, деп хабарлайды 24KZ.
Мемлекет басшысының пайымынша, технология қаншалықты қарыштап дамығанымен, терең білім тек кітаптан табылады. Осылай деген Қасым-Жомарт Тоқаев жастарға жасанды интеллектінің жаңсақ ұйғарымдарын да мысалға келтірді.
Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:
– Бір тәжірибе жүргізілген екен. ChatGPT-ден «Соғыс және бейбітшілік» романы туралы сұрағанда, ол 25 бетке ғана сыйдырып, қысқаша мазмұнын ғана ұсынған екен. Ал одан: «Бұл «Соғыс және бейбітшілік» емес қой, шығарма 600 беттен тұрады ғой», – деп сұрағанда, ол: «Қалғанының бәрі маңызды емес», – деп жауап берген. Мен мұны қауіпті жеңілдету, күрделі дүниені үстірт қабылдауға итермелеу дер едім. Айтпақшы, мен Қазақстанда «Кітап оқитын ұлт» жобасын жүзеге асыру мақсатында арнайы Жарлық шығардым. Жастарды кітап оқуға баулығым келеді. Жақында Астана мен Алматы қалаларында Президенттік кітапханалар ашылады. Онда жастардың тәулік бойы кітап оқуына мүмкіндік жасалады. Яғни олар 24 сағат жұмыс істейді. Аталған кітапханаларда кітапты дәстүрлі қағаз нұсқасында да, цифрлық форматта да оқуға болады. Меніңше, бұл – өте дұрыс бастама.
Тегтер #ЖИ және цифрландыру #президент #жастар #кітап оқуPhone: +7 (7172) 757 485
E-Mail: 24kz@khabar.kz