Шымкенттік жас семсерлесушілер Грузияда өткен халықаралық сайыста көзге түсті, деп хабарлайды 24KZ. Үлкен деңгейдегі додаға алғаш рет барса да, біздің өрендер жоғары нәтиже көрсетіп, табысқа кенелді.
Тбилисидегі халықаралық U-14 іріктеу сайысына Еуропа мен Азиядан 8 елдің өрендері қатысты. Осылайша, олар 2025 жылғы Еуропа чемпионатының алдында шеберлік сынасқан.
Мераб Базадзе, Грузияның семсерлесу федерациясының президенті:
- Бұл – цикл. Еуропалық конфедерация жыл бойы осындай 8 турнир өткізеді. Бұл – интеллектуалды спорт түрі. Онымен айналысқан бала жылдам, епті және тез шешім қабылдауға қабілетті болады.
Турнирге Қазақстаннан 8 шымкенттік семсерлесуші барды. Құрама бапкері балалар үшін: «Бұл – осындай деңгейдегі алғашқы жарыс, сондықтан басты міндет – басқа елден келген бәсекелестермен тәжірибе алмасу», – дейді.
Юрий Селфедорев, семсерлесу бойынша шымкент құрамасының бапкері:
- Бұл – біздің жастар құрамасы үшін жақсы тәжірибе. Біріншіден, балалар алысқа сапар шегіп үйренеді. Дайындықты күшейтеді. Өз күшімізді, балалардың қарым-қабілетін тексеру үшін келдік.
Қазақстандық семсерлесушілер жақсы нәтиже көрсетті. Жарыстың бірінші күнінде қыздар арасында Інжу Сатымбек германиялық қарсыласына сәл есе жіберіп, екінші орынды жеңіп алған. Інжудің жетістікке жетуі тегін емес: оның ата-анасы – семсерлесуден жаттықтырушылар.
Інжу Сатымбек, семсерлесуші:
- Жасым 12-де. Бұл спортпен 6 жасымнан айналысамын. Семсерлесудің мен үшін мәні зор. Туғандарым, достарым – бәрі осы салада.
Екінші күні 13 жастағы Әбдіраман Нұрхан ұлдар арасында үшінші орынға табан тіреді.
Авторлары: Ернат Рахметолла, Юлия Тужилкина, Шалва Сурамелашвили.
ТегтерPhone: +7 (7172) 757 485
E-Mail: 24kz@khabar.kz