RU
Толық нұсқаға өту

Елена Рыбакина жартылай финалға шықты

21.02.2025, 09:50 569

Елена Рыбакина «Australian Open» чемпионын жеңіп, жартылай финалға шықты. Дубай қаласында WTA 1000 санатындағы теннис турнирі жалғасып жатыр.  

Қазақстандық  спортшы ширек финалда америкалық София Кенинмен кездесті. Айта кетейік, Рыбакина қазір әлемдік рейтингте 7-ші, ал Кенин 56-шы тұр. Сәйкесінше, Рыбакина  ә дегеннен белсенді бастап, басымдықты өз қолына алды. Қорытынды есеп: 6:2, 7:6 . Енді жартылай финалда жерлесіміз ресейлік Мирра Андреевамен кездеседі және финалдың жолдамасын сарапқа салады. Қос теннисші бұған дейін екі рет жолығып, бірінде Рыбакина, екіншісінде Андреева жеңіске жеткен еді. Біріккен Араб Әмірліктеріндегі теннис турнирі 23-ші ақпанға дейін жалғасады. Ал, оның жалпы жүлде қоры 3 миллион 600 мың АҚШ долларын құрайды.

Қазақ қыздары Азия кубогінде топ жарды

Қазақ қыздары Азия Кубогінде топ жарды. Таиландтың Бангкок қаласында нысана көздеуден құрлықтық дода жалғасып жатыр. Оған 23 мемлекеттен 320-ға жуық спортшысы қатысуда. Жарыстың кезекті күні винтовкамен 50 метрдегі нысананы жатып көздеу бойынша медальдар сарапқа салынды. Әсіресе, әйелдер арасындағы командалық сында ұлттық құрама өкілдері ең үздік нәтиже тіркеп,  жеңімпаз атанды. Ел намысын Александра Ле, Арина Алтухова және Елизабета Безрукова  қорғаған болатын. Екінші орында Жапония құрамасы болса, үшінші орынға Кореядан құрамасы тұрақтады. Осылайша, қоржынымыздағы медальдардардың жалпы саны 21-ге жетіп отыр. Яғни, 9 алтын, 8 күміс және 4 қола бар. Осының арқасында жалпы командалық есепте сенімді түрде бірінші сатыға жайғастық және жарыс соңына дейін осы деңгейді сақтап қаламыз дейді мамандар. Бангкок қаласындағы құрлықтық дода ертең мәресіне жетеді.

Ж. Әлімханұлы: Елде жұдырықтасу — үлкен мәртебе

Елде жұдырықтасу - үлкен мәртебе. Қазақстандық кәсіпқой боксшы Жәнібек Әлімханұлының кезекті кездесуінің алдында осындай мәлімдеме жасады. Айта кетейік, ол 5-ші сәуір күні Астана қаласында Франция өкілі Анаэль Нгамиссингемен жұдырықтасады.  Жерлесіміз қазір америкадан арнайы бапкерлерін алдырды  және біртіндеп жаттығу жұмыстарына кірісті. Алдағы 2 аптадай уақыт жалпы физикалық дайындықты пысықтамақ. Одан кейін жауынгерлік дайындыққа көшеді. Қазақстандық боксшы Астанадағы жекпе-жек кешінде  WBO және IBF тұжырымдары бойынша орта салмақтағы чемпиондық атақтарына қорғауы қажет. Жалпы алғанда Жәнібек Әлімханұлы кәсіпқой рингте 16 кездесу өткізіп, 16-сында да жеңіске жетті. Оның 11-ін уақытынан бұрын аяқтады. Ал, қарсыласы Анаэлдің көрсеткіші 14 жекпе-жек, 14 жеңіс. Оның 9-ын нокаутпен ұтты.

Михаил Шайдоров топ бастап тұр

Михаил Шайдоров топ бастап тұр. Қазақстандық мәнерлеп сырғанау шебері Оңтүстік Кореяның Сеул қаласындағы төрт құрлық чемпионатына қатысып жатыр. Жарыстың алғашқы күні қысқа бағдарлама бойынша сындар өтті. Онда жерлесіміз сәтті өнер көрсетіп, 94.73 ұпай жинады. Бұл, салыстырмалы түрде, ең жоғары көрсеткіш. соның арқасында жалпы тізімде бірінші орынға тұрақтады. Енді ертең еркін бағдарлама бойынша бақ сынайды. Соның нәтижесінде жарыс жеңімпазы бен жүлдегерлер анықталады. Айта кетейік, Михаил жуырда ғана Қытайдың Харбин қаласында өткен қысқы Азия Ойындарына қатысып, қола жүлде жеңіп алған болатын.

ҚХЛ: «Барыс» ресейлік командадан жеңілді

«Барыс» есе жіберді. Құрлықтық хоккей лигасында өнер көрсететін астаналық команда бұл жолы өз алаңында Череповец қаласының "Северсталь"клубын қабылдаған болатын. Есепті қонақтар ашты және матч соңына дейін қарқынын күшейтіп, 6 рет мергендік танытты. Ал, «Барыс» сапынан Роман Старченко мен Семен Симонов қана қарымта бір-бір шайбадан соқты. Қорытынды есеп: 2:6. Осылайша астаналық клуб 7-ші матч қатарынан жеңіліп отыр. «Барыс»  қазір Шығыс Конференциясының ең соңғы сатысына жайғасты және плей-оффқа шығу мүмкіндігінен айырылды. Айта кету керек, соңғы кезде елордалық клубта үлкен өзгеріс болып жатыр. Ұзақ жылдар бойы тапжылмай отырған бас директоры Борис Иванищев отставкаға кетті. Оның орнына Нұрлан Оразбаев тағайындалды. Ал, бас бапкер қызметіне тағы бір қазақ маманы Ғалым Мәмбетәлиев келді. Ол командадағы бірнеше легионермен қош айтысып, мұз айдынға жергілікті ойыншыларды көбірек шығарып жүр. «Барыс» хоккейшілерінен құралатын ұлттық құрамамыз жуырда ғана Харбинде өткен Қысқы Азия Ойындарында барлық қарсыласын айқын басымдықпен ұтып, алтын жүлде жеңіп алды.

 

 

 

Тегтер

Phone: +7 (7172) 757 485

E-Mail: 24kz@khabar.kz