RU
Толық нұсқаға өту

Кәсіпқой бокс Маңғыстауға қайта оралды

25.02.2025, 09:50 707

Араға бірнеше жыл салып кәсіпқой бокс Маңғыстауға қайта оралды. Бұнда Қазақстан, Өзбекстан, Әзербайжан, Пәкістан, Иран, Таиланд және Африка былғары қолғап шеберлерінің қатысуымен жекпе-жек кеші өтті.

Басты кездесу қазақстандық Бекман Сойлыбаев пен танзаниялық Абейд Зуго арасында болды. Бұған дейін жеңіліп көрмеген қос мықты чемпиондық белдікті сарапқа салды.

Кәсіпқой бокс кеші

Иә, араға үш жыл салып кәсіпқой бокс Маңғыстауға қайта оралды. Жергілікті бокс маманы Марат Жақиев қазақстандық промоутерлік компанияның жұмысын жандандырып, Ақтау қаласында жекпе-жек кешін өткізді. Айта кету керек, бұл, ең біріншіден, жергілікті жас боксшылар үшін жақсы мүмкіндік. Өйткені дәл осы кеш аясында 10-нан аса маңғыстаулық былғары қолғап шебері кәсіпқой рингтегі алғашқы жекпе-жектерін өткізді. Ресми рейтингке ілікті. Әсіресе Салауат Тілекбай, Ақжол Әбдіқан және Адайбек Ниязбай сияқты жігіттерге өз мықтылығын дәлелдеп, көпшілікті тәнті етті. «Кәсіпқой боксты әдеттегідей Астана мен Алматыда емес, шалғай өңірге әкелудегі негізгі мақсат та осы», – дейді Марат Жақиев. Яғни еліміздің түкпір-түкпіріндегі талантты балалардың қарым-қабілетін танытып, әлемдік деңгейдегі алмандарға жол ашып беру маңызды екенін алға тартады.

Марат Жақиев, промоутерлік компанияның аға бапкері:

- Құмға құйылған су сияқты сіңіп кетпеу керек бұл. Нәтижелі болу керек. Әрбір кеш біздің балалардың өсуіне, әр жерде, региондарда өзінің бокс жанкүйері бар, және боксқа қатысып жүрген батырлар бар. Соларға өз елінің көрермені, жанкүйелері, достары, құрдастары – бәрі көріп тұрса, балада да талпыныс, құлшыныс пайда болады.

 

Нұрқанат Райыс жеңіске жетті

Ақтаудағы бокс кешінде көпшілікке танымал былғары қолғап шеберлері де өнер көрсетті. Әсіресе бокс жанкүйерлері Нұрқат Райстың жекпе-жегін тағатсыздана күтті. Өйткені әуесқой бокста біраз биікті бағындырған боксшы алғаш рет кәсіпқой рингте бақ сынады. Ол ирандық Сажат Каземзадемен жұдырықтасты. Жекпе-жек 6 раундқа созылды және төрешілер шешімімен Нұрқанат жеңіске жетті. Алдағы уақытта ол әуесқой және кәсіпқой боксты қатар алып жүргуге тырысамын дейді.

Нұрқанат Райыс, кәсіпқой боксшы:

- Кәсіпқой бокстағы ең алғашқы дебюттік жекпе-жегімізді өткіздік. Аллаға шүкір, бәрі ойдағыдай жеңіспен аяқтадық. Енді көбісі айтып жатыр сізден нокаут күттік деп. Енді ол қарсылас та оңай шағылатын жаңғақ емес екен. Мұндай жерге кім де болса үлкен дайындықпен, жоғары дайындықпен келеді ғой. Кәсіпқой бокста жүрген спортшыларға 14 жекпе-жек не, қателеспесем, 15 жекпе-жекке дейін ба әуесқой бокс екеуін қатар алып жүруге болады. Біз сол жекпе-жектерге жеткенге дейін өзіміздің кәсіпқойлықты да, әуесқойды да қатар алып жүреміз.

 

Саматәлі Төлтаев жеңіске жетті

Қазақстандық Саматәлі Төлтаев та осы жекпе-жек кеші аясында кезекті кездесуін өткізді. Ақтау атынан шығып жүрген боксшы бұған дейін кәсіқой рингте 4 рет жұдырықтасып, төртеуінде де жеңіске жеткен еді. Бұл жолы таиландтық Сахарат Таерхунмен жолықты және айқын басымдықпен ұтты. Яғни алғақы раундта қарсыласын жойқын соққысымен есеңгіретіп тастады. Осылайша Саматәлі ресми 5-ші жеңісін тіркеді және енді алдағы уақытта әлемдік рейтингте жоғары тұрған боксшылармен кездескісі келеді.

Саматәлі Төлтаев, кәсіпқой боксшы:

- Жекпе-жекке 2 ай дайындалдық. Қарсыласымды толыққанды біліп алдым десем де болады. Соларға арнайы соққылар дайындадық ағайымызбен. Сол біріншісін істеп көрейін дедім. Біріншісі өтті, Аллаға шүкір. Болды, сонымен бітті. Наурыз айында біраз демаламыз. Сосын, Алла қаласа, ағайлар қашан бізге жекпе-жек береді, сол кезде шығамыз. Енді келесі жекпе-жек, құдай қаласа, рейтингтік жекпе-жектерге дайындаламыз. Үлкен қарсыларстарға дайындаламыз.

 

Бекман Сойлыбаев чемпиондық белдік иемденді

Ал ең басты жекпе-жек қазақстандық Бекман Сойлыбаев пен танзаниялық Абейд Зуго арасында болды. Бекман бұған дейін 20 кездесу өткізіп, 19-ында жеңіске жеткен. Ал Абейд көрсеткіші: 15 жекпе-жек, 15 жеңіс. Сәйкесінше кзедесу өте тартысты басталды. Қазақстандық боксшы 4-ші раундта қарсыласының осал тұсын тауып, қатты соққысымен есеңгіретіп тастады. Техникалық нокаут тіркелді. Осылайша Бекман 20-шы жеңісіне қол жеткізді және UBO WORLD TITLE белдігін иемденді. Бұл кәрі құрлықтың мықтыларына берілетін чемпиондық атақ және алдағы уақытта негізгі белдіктерге таласуға мүмкіндік береді.

Бекман Сойлыбаев, UBO WORLD TITLE белдігінің иегері:

- Кездесу өте жақсы өтті, ойдағыдай. Енді қарсыласым мен ойлағаннан да төзімдірек шықты, негізі 2, 3 сол раундқа дайындағам. Бірақ қарсыласым 4-ші раундқа дейін шыдады. Енді келесі кездесуде кіммен шығатынымыз әлі белгісіз. Құдай қаласа, командамызбен ақылдаса отыра, содан кейін белгілі болады бәрі.

Тегтер

Phone: +7 (7172) 757 485

E-Mail: 24kz@khabar.kz