Жаңадан құрылған «Жайық» клубы, бұрынғы «Ақжайықтың» футболшылар мен бапкерлер алдындағы жалақы қарызын өтеді, деп хабарлайды 24kz.
Осылайша, клуб екінші лигада ойнауға өтінім берді.
Ерденбек Жылқайдарұлы, тілші:
- Мақсот Арыстанов 3 жыл «Ақжайық» командасының қақпасын қорғады. Жеңісті күндер де, өкінішті сәттер де болыпты. Ал соңғы жыл оның есінде қиындықтармен ғана қалыпты. 10 ай бойы жалақы алмай, жаттығудан кейін көлігімен жолаушы тасып, күн көріпті.
Мақсот Арыстанов, қақпашы:
- 10 ай жалақы бермеді. Такси боп күн көрдім. Өйткені қажетті экипировканы өз ақшама сатып алдым. Тек мен емес, командаластарым түгел әркім әрқалай жан бақты. Қазір енді жаңа клуб жалақымызды түгел жапты. Жаттығуды бастап жатырмыз.
Облыстық спорт басқармасының бастамасымен құрылған жаңа клубқа жергілікті спортсүйер кәсіпкерлер демеушілік етіпті. Олар ойыншылар мен бапкерлердың еңбек инспекциясы арқылы дәлелденген 65 миллион теңге қарызын түгел өтепті. Тағы 15 млн теңгені екінші лигада ойнауға лицензия алу үшін Қазақстан футбол федерациясына төлепті.
Ринат Дүйсенов, БҚО Спорт басқармасының бөлім басшысы:
- Қазір «Жайық» футбол клубында 30 қызметкер жұмыс істеуде. Ол негізгі құрам, жатықтырушылар құрамы. Сонымен бірге бізде «Жайық» клубында 100-ге жуық бала жаттығуда. Ол 4 жас ерекшелігі бойынша 8 жаттығу жұмыс жасауда. Алдағы уақытта бір қыздар бөлімін ашу жоспарлануда. Алдағы маусымда 2 лигада өнер көрсететін болады. Болашақта 1 лигаға көтеріледі деген ой бар.
Күні бүгін «Жайық» ойыншылары жаттығуларын бастап кетті. Алдағы аптада команда оңтүстік өңірлердің біріне оқу-жаттығу жиындарына аттанады. Оған қазіргі 34 спортшыдан 26-ы іріктеп алынады. Ойыншылар да, бапкерлер де 100% жергілікті мамандар.
Вячеслав Невольников, команданың бас бапкері:
- Футболшылар көбі бабында деп айтуға келмейді. Елу күндей минуста жүрміз деп айтуға болады. Сол манағыдай жақсы физикалық форма, психологиялық жағдайымызды түзеу үшін дайындық керек. Еенді бастап жатырмыз. Кеш болса да, қолымызды түсірейін деп жатқан жоқпыз. Көңіл-күй жақсы. Алға қойған мақсаттар жоғары, дайындаламыз. Өз өңіріміз үшін барынша өзімізді көрсетуге тырысамыз.
«Жайық» футбол клубының биылғы жылдық бюджеті 400 миллион теңгені құрамақ. Команда лицензия алғаннан кейін осынша қаржыны облыс қазынасынан қарау жоспарланған.
Авторлары: Е.Жылқайдарұлы, Қ.Ақрап, Э.Аюпов
ТегтерPhone: +7 (7172) 757 485
E-Mail: 24kz@khabar.kz