18 боксшымыз Болгариядағы байрақты бәсекенің жартылай финалына шықты. Ал кәсіпқой бокстағы Данияр Елеусінов пен Нұрсұлтан Мейірімнің кезекті кездесулеріне қатысты жаңа ақпарат шықты.
18 боксшымыз жартылай финалда. Болгарияның София қаласында бокстан кіші әлем чемпионаты атанып кеткен «Странджа Кубогы» жалғасып жатыр. Жарыстың кезекті күні ерлер арасындағы ширек финалдық кездесулер өтті. Нәтижесінде 18 боксшымыз қарсыластарын жеңіп, келесі кезеңге жолдама алды. Ал 7-еуі жарысты аяқтады. Атап айтқанда, негізгі үміттеріміздің бірі Махмұд Сабырхан тағамдық инфекция салдарынан жұдырықтаса алмады. Санжар Тәшкенбай жекпе-жек барысында қолын сындырып, жарысты тоқтатуға мәжбүр болды. Бұған қоса Саматәлі Төлтаев, Бекзат Алдамжаров, Нұрлан Сапарбай, Азамат Бектас және Дәулет Молдашевтар төрешілер шешімен есе жіберді. Қалған жігіттер жарыс жолында. Олар 1 наурыз күні жартылай финалдық кездесулерге қатысады. Оған параллель әйелдер арасындағы бәсеке де өтіп жатыр және қазақ қыздарынан нақты кімдердің жартылай финалға шыққаны бүгін белгілі болады. София қаласындағы халықаралық жарыстың 3 наурызға дейін жалғасады.
Данияр Елеусінов шаршы алаңға шықпайды
Данияр Елесусінов шаршы алаңға шықпайды. Бүгін, яғни 28 ақпан күні Астанада All Stars Boxing проуметрлік компаниясының ұйымдастыруымен кәсіпқой бокс кеші өтеді. Оның басты жекпе-жегінде қазақстандық Данияр Елесусінов өнер көрсетуі керек еді. Бұл жаңалық бірнеше ай бұрын ресми жарияланып, жарнама тақташалары мен билеттер сатылымында Даниярдың есімі болды. Бірақ жекпе-жек кешіне екі-үш күн қалғанда промоутерлік компания Даниярдың денсаулығына байланысты туринирге қатыспайтынын мәлімдеді. Бірақ жекпе-жек кешінің өзі өтеді және оған көпшілікке аса танымал емес басқа боксшылар қатысады.
Айта кетейік, Данияр соңғы рет былтыр қыркүйек айында жұдырықтасты. Алматы қаласында филиппиндік Джо Нойнайды нокаутпен жеңген болатын. Жерлесіміз жалпы алғанда бүгінге дейін кәсіпқой рингте 12 кездесу өтізіп, 12-сінде де жеңіске жетті. Оның 7-еуін уақытынан бұрын аяқтады. Осының арқасында BoxRec рейтингінде алдыңғы 15 боксшының қатарында тұр.
Нұрсұлтанов пен Адамес кездесуі керек
Мейірім Нұрсұлтанов Карлос Адамеспен кездесуі керек. Бүкіләлемдік бокс кеңесі қос тарапты осылай міндеттеп отыр. Бұндай мәлімдемені бірнеше дереккөз жариялап үлгерді. Оның ішінде ESPN арнасының журналисі әрі инсайдер Сальвадор Родригес те бар.
Айта кетейік, қазақстандық Мейірім Нұрсұлтанов WBC тұжырымы бойынша әлем чемпионы атағына негізгі үміткер саналады. Ал белдіктің өзі қазір доминкандық Карлос Адаместің еншісінде. Ол жуырда, яғни, 22 ақпан күні титулын қорғау үшін британиялық Хамза Ширазбен кездескен болатын. 12 раундқа созылған жекпе-жек тең аяқталды. Ал WBC талабы бойынша Мейірім жеңімпазбен жолығуы керек еді. Енді бокс мамандары Нұрсұлтанов пен Адамес кездесуін тағатсыздана күтіп отыр.
Айта кетейік, Мейірімнің шаршы алаңға шықпағанына бір жылдан асты. Ол соңғы рет 2023 жылдың қараша айында чилилік Холио Аламоспен кездесіп, төрешілер шешімімен жеңіске жеткен еді. Мейірім Нұрсұлтанов кәсіпқой рингте бүгінге дейін 20 кездесу өткізіп, 20-сында да жеңіске жетті. Оның 11-ін уақытынан бұрын аяқтады.
10 мың орындық стадион салынады
Ақтау қаласында 10 мың орындық стадион салынады. Бұл жөнінде облыстық дене шынықтыру және спорт басқармасының басшысы Мақсат Мұқаш мәлімдеді. Оның айтуынша, аймаққа заманауи футбол инфрақұрылымы аса қажет. Өйткені қолданыстағы стадион әбден ескірді. Биыл оған жөндеу жұмыстарын жүргізу жоспарланып отыр. Бұған қоса жылдың соңына қарай жаңа стадионның құрылысы басталады. Оның ішінде тек футбол алаңы ғана емес, олимпиадалық спорт түрлерін дамытуға қажетті бөлімдер болады. Стадион салынатын жер белгіленді және қаланың бас жоспарына енгізілді. Қазіргі уақытта мемлекеттік сараптамаға дайындық кезеңдері жүргізіліп жатыр.
ТегтерPhone: +7 (7172) 757 485
E-Mail: 24kz@khabar.kz