Алматыда үстел теннисінен ел чемпионаты өтеді. Қазақстан үстел теннисі федерациясының мәліметі бойынша спортшылар командалық, жеке, жұптық және аралас сынға түседі.
Иә, қатысушылар арасында халықаралық дәрежедегі спорт шеберлері Кирилл Герасименко, Алан Құрманғалиев, Сарвиноз Миркадирова сынды ел үздіктері бар.
Бәйге: ел біріншілігі Шымкенттен басталады
Қазақ атбегілерінің басы Ордабасыда бірігеді. Себебі бірер күннен кейін Шымкентте бәйгеден ел біріншілігінің алғашқы кезеңі өтеді. Дала дүбірінде 2 жасқа толған құнандар 7 шақырымға, ұшқыр аттар 5 шақырымға шабады. Сондай-ақ 12 шақырым қашықтыққа арналған топ, 18 шақырымға аламан бәйге өтеді. Жарыстың жалпы жүлде қоры 22 миллионды құрайды. Шымкенттегі айтулы жарыстан кейін араға бір ай салып, Қызылорда, Талдықорған, Көкшетау, Семей, Павлодар, Ақтөбе қалаларында ел чемпионатының іріктеу кезеңдері жалғасын табады. Іріктеудің алды болған жүйріктер ақтық сынға жолдама алады. Финалдық бәсеке 28 қыркүйек күні Таразда өтеді.
Қытайда каратэші қыздарымыз олжалы болды
Каратэші қыздарымыз олжалы болды. Қытайдың Ханчжоу қаласында каратэден премьер-лига санатындағы 2025 жылдың екінші жарысы аяқталды. Қазақстан каратэ федерациясының мәліметінше, бұл аталған спорттағы ең беделді турнир. Себебі байрақты бәсекеге рейтингтегі тек TOP-32 спортшы қатысады. Айтулы жарыста Қазақстан құрамасының 3 спортшысы кумите бағдарламасында жүлдеге қол жеткізді. Топта барлық қарсыласын ұтқан тұңғыш әлем чемпионы Мөлдір Жаңбырбай финалда Алжир спортшысына есе жіберді. Сөйтіп, күміс жүлдені місе тұтты. Ал жартылай финалда сүрінген Әсел Қанай мен Софья Берульцева кіші финалда қарсыласын ұтып, қола медаль еншіледі. Сөйтіп, қазақтың каратэші қыздары Қытайда 1 күміс, 2 қоланы қоржынға салды.
ҚХЛ: «Барыс» сырт алаңда «Сібірге» есе жіберді
Барыс сырт алаңда жеңіліп қалды. Елордалық клуб құрлықтық хоккей лигасындағы кезекті ойынын Сібірге қарсы өткізді. Ресейлік команда плей-офф сатысына шығу үшін әрбір кездесуде жеңіске жетуге күш салып келеді. Сол себептті кездесу басынан басымдығын байқатты. Алайда алғашқы голды қазақстандық команда соқты. Ойынның 5-ші минутында Дінмұхамед Қайыржан есеп ашты. Оған ресейліктер 3 шайбамен жауап қайырды. Артынша барыстық Бейбарыс Оразов есеп айырмасын қысқартты. Қорытынды есеп 3:2. Енді Барыс алдағы екі ойынын Астанада өткізеді. Алдымен 20 наурызда Ресейдің «Ак барс» клубымен шеберлік байқасса, 22 наурызда «Салават Юлаев» командасымен кездеседі.
Волейбол: «Жетісу» Азия чемпиондар лигасында өнер көрсетеді
«Жетісу» Азия чемпиондар лигасында өнер көрсетеді. Байрақты бәсеке 18-28 сәуір аралығында Филиппинде болады. Аталған додада Азияның 12 үздік командасы бақ сынайды. Талдықорғандықтар «А» тобында Филиппин мен Иордания елінің командаларымен ойнайды.
Айта кетейік, сербиялық маман Марко Гршич жаттықтыратын «Жетісу» клубы биыл ұлттық лига командалары арасында үздік шығып, Қазақстанның тоғыз дүркін чемпионы атанған болатын. Біріншілік қорытындысында команда капитаны Карина Денисова үздік ойыншы атанса, Мәдина Бекет үздік либеро, Дарья Шаргородская үздік байланыстырушы болды.
Тегтер #Шымкент #24KZ #ТаңдаулыPhone: +7 (7172) 757 485
E-Mail: 24kz@khabar.kz