RU
Толық нұсқаға өту

Бокстан Әлем кубогы: Даниял Сапарбай жартылай финалда

02.04.2025, 10:00 814

Қазақ қыздары әлем чемпионатына аттанды. Бірер күннен кейін Германияның Дамфрис қаласында әйелдер хоккейінен «B» дивизионы бойынша әлем чемпионаты өтеді. Жеңіске жеткен команда «А» дивизионына жолдама алады. Ұлттық құрама Италия, Латвия, Словения, Ұлыбритания және Оңтүстік Корея командаларымен кездесіп, өзара мықтыны анықтайды.

Даниял Сапарбай жартылай финалда

Даниял жартылай финалға шықты. Бразилияда бокстан Әлем кубогы жалғасып жатыр. Бұл World Boxing ұйымы енгізген жаңа форматтағы жарыс. Оған 11 бірдей ұлттық құрама өкілі аттанған болатын. Араларынан аса ауыр салмақтағы Даниял Сапарбай ең бірінші болып жартылай финалға жолдама алды. Ол бірер сағат бұрын үндістандық Нарендер Нарендермен кездесіп, 3:2 есебімен жеңді. Иә, жекпе-жек тең дәрежеде өтті және жерлесіміз сәл басымдықпен ғана алға шықты. Өкіншітісі, бүгін жұдырықтасқан басқа спортшыларымыз қарсыластарына есе жіберіп, жарысты аяқтады. Атап айтқанда, әйелдер арасында 54 келідегі Анита Әдішева польшалық Виктория Рогалинскадан жеңілді. Ерлер арасында негізгі үміттеріміздің бірі 60 келідегі Талғат Сырымбетов бразилиялық Луиз Олейвераға есе жіберді. 65 келідегі Алмат Әбдуәлі тағы бір  жергілікті боксшы Юри Рейес Фалькаодан ұтылды. Ал ең жеңіл салмақтағы Нұрзат Оңғаров өзбекстандық Асылбек Жалиловпен кездесіп, өзбек боксшысы 5:0 есебімен жеңіске жетті. Осылайша 4 боксшымыз жарыс жолынан шығып қалды. Енді әйелдер арасында 2, ерлер арасында 5 ұлттық құрама өкілі жүлдеге таласады. Бразилиядағы әлемдік аламан 6 сәуірге дейін жалғасады.

 

Астанадағы кәсіпқой бокс кешіне дайындық

Жәнібектің қарсыласы елордаға жетті. Бірер күннен кейін, нақтырақ айтқанда, 5 сәуір күні Астанада кәсіпқой бокс кеші өтеді. Оның аясында қазақстандық Жәнібек Әлімханұлы мен франциялық Анаэль Нгамиссинге жұдырықтасады. Жәнібектің қарсыласы қазір осында келді және жекпе-жек алындағы жаттығуды пысықтап жатыр. Бүгін қос мықты елордадағы сауда орталықтарының бірінде журналистер мен жанкүйерлер алдында ашық форматтағы дайындық өткізеді. Бұған қоса Астанаға өзбекстандық Баходир Джалолов пен Отабек Холматовтың да жеткені туралы ақпарат алдық. Олар да осы бокс кешінде өнер көрсетеді. Аса  ауыр салмақтағы Жалолов украиналық Игорь Шевадзуцкиймен, ал жеңіл салмақтағы Холматов филиппиндік Джейсон Манигоспен қолғап түйістірмек. Сонымен қатар аталмыш бокс кешінде Балауса Мұздыман, Батыр Жүкембаев, Сұлтан Зауырбек, Махмұд Сабырхан және Төрехан Сабырхан сияқты жерлестеріміз де рингке шығады.

 

Ұлттық құрама әлемдік аламанға аттанды

Ел үздіктері Испанияға аттанды. Кәрі құрлықтың Гвадалахара қаласында каратэден жастар арасындағы әлемдік лига өтеді. Бұл дәстүрлі ұйымдастырылатын дүниежүзілік доданың екінші кезеңі. Бас-аяғы 4 кезеңнен тұрады. Қысқасы, оған еліміз атынан 12 спортшы аттанды. Олардың арасында Мирас Әбдіқадір, Айдарбек Дінмұхаммед, Сұңқар Қаныбек, Нұрсейіт Нұрасыл және Ділназ Кенжебай сияқты спортшылар бар. Байрақты бәсекеге қазақстандық қыз-жігіттерден бөлек, 80 елдің өкілдері қатысуға ниет танытты. Яғни 3 мыңға жуық өрен өзара мықтыны анықтайды. Жастар лигасының өзі ертең басталып, 6 сәуірге дейін жалғасады. Шаттық Қажымұқан баптайтын ұлттық құрама жақсы жетістікпен оралады деген үміттеміз. Өйткені дәл осы жарыс нәтижесінде спортшыларға рейтингілік ұпайлар беріледі. Ал ол алдағы жылы Дакарда өтетін жасөспірімдер арасындағы Олимпиада ойындарында, егер каратэ бағдарламасында қалып жатса, шешуші рөлді атқарады.

Айта кетейік, наурыздың басында Қызылорда қаласына каратэден жастар мен жасөспірімдер арасындағы Қазақстан чемпионаты өтті. Соның қорытындысы бойынша осындай халықаралық жарыстарда ел намысын қорғайтын ұлттық құрама жасақталған болатын.

Тегтер

Phone: +7 (7172) 757 485

E-Mail: 24kz@khabar.kz