RU
Толық нұсқаға өту

Алматыда шахматтан Азия аймақтық чемпионаты басталды

02.04.2025, 22:11 787

Бұл турнирде Әлем кубогінің 7 жолдамасы сарапқа салынады, деп хабарлайды 24kz.

Жарысқа Қазақстан, Қырғызстан, Тәжікстан, Түркіменстан, Өзбекстан және Ауғанстанды қамтитын Азия аймағының шахматшылары қатысып жатыр. Спорттық шараның бас серіктесі Freedom Holding Corp. Оған қоса, Shymbulak water, Алматы халықаралық әуежайы мен «Атакент» көрме орталығы турнирдің өтуіне қолдау білдірді. Чемпионаттың жүлде қоры 20 000 АҚШ доллары.

Шахматтан Азия аймақтық чемпионатын өткізу біздің еліміздің еншісіне бұйырды. Себебі, Қазақстанда шахмат өте жақсы дамып келеді. Қазақстан шахмат федерациясының президенті Тимур Турловтың айтуынша, Орталық Азия елдеріне Әлем кубогіне 7 квота бөлінді. Бұл бұрынғыдан екі есеге көп. «Мұның өзі аймақтың халықаралық деңгейдегі рөлінің нығая түскенін білдіреді», - дейді мамандар.

Гүлмира Дәулетова, Қазақстан шахмат федерациясының атқарушы директоры:

- 7 орын: 4 орынды ерлер үшін, 3 орын әйелдер үшін квоталар берілген. Қазақстан құрама командасы толығымен қатысып жатыр. Біздің қыздарымыз Камалиденова Меруерт, Балабаева Ксения , Нұрман Алуа деген қыздарымыз Бүкіләлемдік олимпиадада 2-орын алған қыздарымыз болып табылады. Ал ерлер арасында Уразаев Арыстанбек, Агманов Жандос, Аңсат Алдияр ойнап жатыр. Бұл жарыс Әлем кубогінің іріктеу кезеңі болғандықтан спортшылардың осалы жоқ. Жарысқа 134 шахматшы қатысып жатыр.

Мухиддин Мадаминов, халықаралық гроссмейстер:

- Аймақтық турнир өте маңызды. Оны ойыншылар жақсы біледі. Бұл менің Қазақстандағы алғашқы жарысым емес. Сіздердің елде бірнеше рет болғанмын. Қашан да ойыншыларға жақсы жағдай жасалады. Бұл жолы тіптен керемет. Жақсы өнер көрсетем деген ойдамын.

Айта кетейік, Бибісара Асаубаева, Әмина Қайырбекова, Денис Махнев бұл жарысқа қатыспайды. Олар бұған дейін Әлем кубогіне жолдама ұтып алған. Аймақтық чемпионат жеңімпаздары Батумиде әйелдер арасындағы Әлем кубогіне 3 жолдама және ерлер бақ сынасатын Нью-Делидегі сайысқа 4 жолдамаға ие болады.

Авторлары: Қарлығаш Қайыпбекова, Валентин Лобанов

Тегтер

Phone: +7 (7172) 757 485

E-Mail: 24kz@khabar.kz