Көнеден жеткен ұлттық жауынгерлік өнер – жамбы ату сайысы Қостанайда жақсы дамып келеді, деп хабарлайды 24KZ. Бұл спорт түріне әсіресе қыздар қатты қызығады. Былтыр ұлттық спорт мектебі жанындағы жамбы ату секциясына 20 шақты бойжеткен өтініш білдірді. Соның тек жетеуі іріктеліп алынды.
Жаннұр Әбиболла жеті жасынан ат жалын тартып мініп, талай мәрте қыз қуу сайысына қатысқан. Әкесі тұлпар баптайтын атбегі, белгілі көкпаршы, ағасы аударыспақпен айналысады. Сондықтан бала кезден жылқының қадір-қасиетін танып өскен Жаннұрдың Қамбар ата тұқымына әуес болуы әбден орынды.
Жаннұр Әбиболла, ұлттық спорт мектебінің тәрбиеленушісі:
- Жалпы ат спортымен айналысып жүргеніме бес жылдай уақыт өтті. Ал бірақ осының ішінде жамбы ату спортымен айналысып жүргеніме бір жарым жылдай ғана уақыт болды. Ал садақ атуды одан ертерек бастадым, осыдан екі жыл бұрын игере бастадым.
Жамбы атуда садақ тартудың өз әдіс-тәсілі бар. Сондықтан тәрбиеленушілер бірінші кезекте жерде тұрып, қол қаруымен нысана көздеуді меңгеруі қажет.
Мағауия Қалиев, тілші:
- Мүлт кеттім. Ат үстінде шауып келе жатып, атпақ түгілі, жерде тұрып, 10 метр қашықтықтағы нысанаға дәл тигізу оңай емес. Ол үшін аса бір ептілік, мергендік қажет ау.
«Бекітілген ереже бойынша 120 метр аралықтағы үш нысананы 16 секундта атып үлгеру қажет. Оның үстіне ат үстінде жүйткіп келе жатып, диаметрі небәрі 25 сантиметр жел тербеген жамбыға дәл тигізу мергендікпен қатар физикалық күш-қуатты қажет етеді», – дейді оқытушы-жаттықтырушы Айсара Ерденова.
Айсара Ерденова, жасөспірімдер ұлттық спорт мектебінің жамбы атудан оқытушы-жаттықтырушы:
- Аттың үстінде еркін шаба алуы керек. Себебі, көріп жатырсыздар, қолды жібереді. Мүлде жүгеннен қолды ұстамайды. Ал аттар сол моментте атылып кетіп жатыр. Сол кезде тақымы мықты болуы керек қой қыздың, түйсік жақсы болу керек, мысалы, атты сезіну керек. Таза оймен, түйсікпен, қолмергендігіме. Бұл жерде сол қатты маңызды.
Ат мініп, садақ асынған арулар Қостанайда мамыр айында өтетін ашық чемпионатқа дайындалу үстінде.
Авторлары: Мағауия Қалиев, Сергей Трахтенберг
Тегтер #Қостанай #жамбы ату #ұлттық спорт #24KZPhone: +7 (7172) 757 485
E-Mail: 24kz@khabar.kz