Хоккейден Қазақстан жастар құрамасы әлем чемпионатына дайындығын бастады. Бас бапкердің шешімімен кеңейтілген құрамаға 40 хоккейші енген. Олар 9 және 10 сәуір күндері «Номад» командасымен екі мәрте жолдастық кездесу өткізеді. Ал 12 сәуірде Венгрияға аттанады. Ол жақта Австрия, Дания, Венгрия, Словения және Украина құрамаларымен сынға түседі.
Ұлттар лигасы: Қазақстан Армениядан басым түсті
Қазақстан Армениядан басым түсті. Футболдан Қазақстан әйелдер құрамасы UEFA Ұлттар лигасы төртінші турында өз алаңында Арменияны қабылдады. Кездесудің алғашқы кезеңінде қарсыластар бір-бірінің қақпасынан саңылау таба алмады. Екінші кезеңде қазақстандық Әмина Бибосынова 48, 55-ші минуттарда екі мәрте мергендігімен көзге түсті. Оған армениялық аяқ доп шеберлері екі голмен жауап қайырды. Ал 71-ші минутта Әйгерім Айтымова қайтадан Қазақстанды алға шығарды. Осылайша бұрымдыларымыз қарсыласынан 3:2 есебімен басым түсіп, турнир кестесінде жеті ұпаймен екінші орынға көтерілді.
Айта кетейік, ел құрамасы С тобында Армения, Люксембург, Лихтенштейн құрмаларымен сынға түсіп жатыр. Енді жерлестеріміз 30 мамырда өз алаңында Лихтенштейнді, 3 маусымда Люксембургпен қабылдайды.
Бүгін елде бірінші лига ойындары басталады
«Түркістан» «Шахтермен», «Каспий» «Ақаспен», «Ертіс» «Екібастұзбен» кездеседі. Иә, бүгін елде бірінші лига ойындары басталады. Былтыр біріншілікте 15 команда ойнаса, биыл біреуге кем. Биылғы маусымда «Шахтер», «Тараз», «Ертіс» сынды талай жылдық тарихы бар командалар премьер лигаға шығуды көздеп отыр. Одан қалса «Екібастұз», «Каспий», «Алтай», «Түркістан», «Акас», «СД фемили», «Хан тәңірі», «Жетісай» сынды ортаңқол командалар да өз деңгейін байқап көрмек. Сондай-ақ «Ақтөбе» мен «Қайраттың» екінші құрамасы маусымда бой көрсетеді.
Айта кетейік, бірінші лига ойындары 26 турдан тұрады. Соңғы тур 24 қазанға жоспарланған. Турнирлік кестеде 1-ші 2-ші орында тұрған командалар премьер-лигаға жолдама алады. Ал соңғы сатыдағы қос команда екінші лигаға төмендейді.
Ақтөбеде оқушылар лигасы аяқталды
Ақтөбеде баскетболдан мектеп оқушыларының арасындағы «Әлжан» лигасы өз мәресіне жетті. Балалар баскетболын дамыту мақсатында осымен қатарынан екінші жыл ұйымдастырылып отырған жарысқа биыл 70-тен аса мектеп командалары қатысты. Іріктеуден іркілмей өткен командалар финалдық кезеңде де бар шеберліктерін көрсетті. 5-ші және 6-сынып оқушыларының сайысында №30 мектептің өрендері топ жарса, ұлдар арасында №17 гимназия командасы бас жүлдені иеленді. Ал 5-ші және 6-сынып оқушыларының финалдық кезеңі Хромтауда өтіп, №20 мектептің шәкірттері жеңіс тұғырынан көрінді.
Дмитрий Чмил, жарысты ұйымдастырушы:
- Бұл жобамен осымен екінші рет ұйымдастырылып отыр. Негізгі мақсаты – жас өрендердің баскетболға деген қызығушылығын арттыру және салауатты өмір салтын насихаттау. «Әлжан» лигасының арқасында қазір еліміздің түкпір-түкпірінде балалардың спорттық ойындарға ынтасы артып, баскетболда бәсекелестік пайда болды. Оқушылар лигасында оза шапқандар келешекте ел намысын аброймен қорғайды деген сенімдемін.
Теннис: Қазақстан жасөспірімдер құрамасының қарсыластары анықталды
Бүгін Қазақстан жасөспірімдер құрамасы Иранмен сынға түседі. Малайзияның Кучинг қаласында 14 жасқа дейінгі бозбалалар арасында командалық әлем чемпионаты Азия-Тынық мұхит аймағы бойынша іріктеу турнирінің жеребесі тартылды. Нәтижесінде жерлестеріміз Жапония, Иран және Индонезия командаларымен бір топқа түсті. Биылғы байрақты бәсекеге Қазақстан жарыстың үшінші, Жапония 8-ші ракеткасы болып тіркелді. Іріктеу турнирі 9-14 сәуір аралығында өтеді. Іріктеуде ел намысын Ахмади Мақанов, Хақназар Жеткербай және Бексұлтан Бауыржанов қорғайды. Аталмыш додада үздік шыққан төрт команда әлем чемпионатына жолдама алады. Ал Қазақстан қыздар құрамасы болса жолдамаға бір қадам жетпей қалды.
Тегтер #футбол #24KZ #ТаңдаулыPhone: +7 (7172) 757 485
E-Mail: 24kz@khabar.kz