RU
Толық нұсқаға өту

Боксшыларымыз халықаралық турнирге қатысады

11.04.2025, 10:00 711

Сәкен бастаған жігіттер Хабаровскіге, ал Дулат бастаған жігіттер Бакуге аттанды. Бокстан ұлттық құрама мүшелері халықаралық турнирлерге қатысады. Бұл алдағы құрлықтық және әлемдік аламандарға негізгі дайындық саналады.

Сонымен бірер күннен кейін Ресейдің Хабаровск қаласында Константин Коротковты еске алуға арналған дәстүрлі жарыс басталады. Оған 16 елдің өкілдері қатысады. Араларында Сәкен Бибосынов, Теміртас Жүсіпов, Бекзат Алдамжаров, Дәулет Молдашев, Бейбарыс Жексен, Мұхаммедсабыр Базарбайұлы, Жандос Қыдыралиев, Фарух Тохтасынов, Темірлан Мұқатаев, Сағындық Тоғамбай және Нұрлан Сапарбай сияқты ұлттық құрама өкілдері бар. Олар Ресейдің Кисловодск қаласында бас бапкер Қайрат Сәтжановтың жетекшілігімен бірнеше апта жаттығу жинын өткізген болатын. Енді сол жақта шаршы алаңға шығып, шеберліктерін де шыңдамақ. Ал ұлттық құраманың тағы бір бөлігі Әзербайжан астанасы Бакуде өтетін «Жібек жолы» турниріне қатысады. Ел намысын қорғайтын спортшылар арасында Дулат Бекбауов, Бексұлтан Боранбек, Жансері Көшербаев, Елнұр Сүйінбай, Санжаралы Бегалиев, Өнер Сейілхан және Данияр Рахымбердиев сияқты жігіттер бар. Яғни бұл тізімде жас боксшыларға басымдық берілген. Бұған қоса Қазақстан бокс федерациясы қос жарысқа бұрымды боксшыларды да жіберіп, тәжірибе жинауына мүмкіндік жасады.

 

ХОК бокс бойынша салмақтарды бекітті

Қыздардың мүмкіндігі кеңейді, ал ерлерде, керісінше, таңдау қиындады. Халықаралық олимпиадалық комитет бокс бойынша 2028 жылғы Олимпиадада медальдар сарапқа салынатын салмақтарды бекітті. Бас-аяғы 14 келіде чемпиондар анықталады. Яғни жетеуі әйелдерге, жетеуі ерлерге тиесілі. Әйелдер арасындағы сында бұған дейін алтын салмақ дәрежесі болатын. Қазір саны артты. Нақтырақ айтқанда 51, 54, 57, 60, 65, 70 және 75 келіде бәсекелер болады. Бұл қазақ қыздары үшін өте жақсы мүмкіндік. Өйткені ұлттық құрама өкілдері соңғы Азия чемпионатында да, әлем чемпионатында да жақсы нәтижелер тіркеп, тарихи жетістікпен оралып жүр. Енді алдағы уақытта да осы қарқынды жоғалтпай, Олимпиаданың жеңіс тұғырына көтерілуі керек. Ал ерлер бәсекесінде сол бұрынғы 7 салмақ дәрежесі қалды. Бірақ World Boxing ұйымы енгізген жаңашылдыққа байланысты өзгерістер бар. Атап айтқанда, енді 55, 60, 65, 70, 80, 90 және аса сауыр салмақтарда жүлдеге таласады. Өкініштісі, ең жеңіл салмақты алып тастаған. Яғни бұрын 51 келіден басталса, енді 55 келіден сындар өтеді. Бұған қоса 70, 80 және 90 келілер арасында үлкен айырмашылықтың болуы боксшылардың икемделуіне қиындау және оларды іріектеп алуда оңай болмайтыны анық.

 

Бапкерлер біліктілігі басты назарда  

Астана бапкерлері «Спартак» академиясында біліктілік арттырады. Жас футболшыларды дайындайтын мамандарға осындай керемет мүмкіндік жасалды. Бастаманы жергілікті дене шынықтыру және спорт басқармасы қолға алды. Оның аясында №8 спорт мектебінің жаттықтырушылары Мәскеудегі Федор Черенков атындағы «Спартак» академиясына аттанып, сол жақта арнайы тағылымдамадан өтеді. Балалар футболына қатысты жаңашылдықтарды игеріп, әдістемелерін үйреніп, сол жақтағы әріптестерімен тәжірибе алмаспақ.

Айта кету керек, бұндай жағдай бірінші рет жасалып тұр. Қазір қос тарап арасында тығыз қарым-қатынас орнап келеді. Жыл сайын бізде футболдан балалар арасында халықаралық «Астана Кубогы» ұйымдастырылады. Оған мәскеулік «Спартак» шәкірттері тұрақты келеді. Енді біздің балалар да сол жақтағы жарыстарға қатысуды жоспарлап отыр. Бұған қоса осылай мамандар да өзара шеберлік шыңдап тұрады.

Родион Мозговой, бапкер:

- Жуырда ғана Астанада балалар арасындағы халықаралық турнир өтті. Оған мәскеулік «Спартак» пен ташкенттік «Пахтакор» келген болатын. Енді осы әріптестік одан әрі жалғасын тапқанына қуантышмыз. Өз басым бірінші рет осындай тағылымдамадан өткелі отырмын. Өте қажетті бастама деп ойлаймын.

Тегтер

Phone: +7 (7172) 757 485

E-Mail: 24kz@khabar.kz