Баскетболдан «Халық лигасының» қатысушылары спорттық киімдермен қамтылды. Спорттық себеттер Halyk Bank пен Ұлттық федерация атынан елдегі 18 балалар үйінің тәрбиеленушілеріне тарту етілді. Әлеуметтік жоба авторларының айтуынша, биыл республикалық чемпионатқа қатысушы командалар қатары көбейіп, бәсекелестік артады. Осыған орай 2 жыл қатарынан чемпион атанған Шымкенттік құрама ойыналды қызу дайындыққа кірісті.
«Халық лигасы» әлеуметтік жобасының авторлары алдымен Шымкентке ат басын бұрды. Баскетболдан ұлдар және қыздар құрамасына спорттық киімдер мен жаттығуға қажетті жарақтар тарту етті. Федерация басшысы республикалық чимпионат алдында қатысушыларға сәттілік тіледі.
Абай Алпамысов, Ұлттық баскетбол федерациясының президенті:
- Турнир маусым айында Астанада өтеді. Балалар арасында 18 топ жарысқа қатысады. Қыздар арасында 9 команда ең үздік топ атағын алу үшін бәсекеге түседі.
«Халық лигасы» салауатты өмір салтын насихаттап, балалар үйі тәрбиеленушілерінің бос уақытын тиімді өткізуді мақсат етеді. Биыл баскетбол үйірмесімен ел аумағындағы 400-ден аса бала қамтылды. Спорт оларды біріктіріп қана қоймай, болашаққа сеніммен қарауға үйретеді.
Лаура Жарылқапқызы, өмірлік қиын жағдайда жүрген балаларды қолдау орталығының директоры:
- «Халық лигасын» атап өтетін болсақ, бұл балалар болашақта осы спорт саласын таңдауға, өзінен кейінгі осындағы тәрбиеленушілерге үлгі болуы, сонымен бірге осы орталықтың атын жақсы жағынан шығаруға көмектеседі.
Қазір балаларды қолдау орталығының тәрбиеленушілері баскетбол десе, барын салып, құмарлана ойнайды. Олардан кәсіби команда жасақтауға арнайы жаттықтырушы көмектеседі. Республикалық чемпионаттың екі дүркін жеңімпаздары биыл да жеңіс тұғырынан көрінуге ниетті.
Ислам Сүлейменов, орталық тәрбиеленушісі:
- Баскетболды таңдағаныма өкінбеймін. Себебі осында жақсы достар тауып, жарыстарға қатысып, үздік нәтиже көрсеттік. Алдағы жарысқа қатысып, сол жақта ұтамыз деп үметтенеміз.
Жоба авторларының айтуынша, 20 жылдан бері «Халық лигасы» жеңімпаздары арасынан спорт шеберлері мен талай жаттықтырушы шыққан. «Сондықтан әлеуметтік жоба – жастарды үлкен өмірге бастайтын алғашқы қадам», – дейді.
Авторлары: Нұрсұлтан Мұхамеджан, Самат Нағашбекұлы
Тегтер #баскетбол #Halyk Bank #24KZ #ШымкентPhone: +7 (7172) 757 485
E-Mail: 24kz@khabar.kz